«Сол уақыттың кезеңін, мінез-құлқын өз қалпында шебер бейнелей біледі. Сол үшін де бұл кісінің шығармалары өміршең. Бұл кісі үлкенге де, кішіге де, сауатты адамға да, сауатсыз адамға да бәріне де жақын. Өйткені өмірдің ауасындай, өмірдің өзіндей бұл кісінің шығармасынан көркем шығарманы емес өмірді көресіз. Өмірге еніп кетесіз»
Тұрысбек Сәукетаев
Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толды. «Әбдіжәміл Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің ұстазы деуге болады. Ол ғасырға жуық ғұмыр кешті. Соның 80 жылында қалам ұстап өтті. Әдебиетке деген адалдықты, шығармашылыққа деген жауапкершіліктің қандай болатынын ісімен көрсете білді. Ал шығармасының өміршеңдігі махаббат, адамгершілік сияқты қасиеттерді сол заманға, сол уақытқа сәйкестендіріп жаза білгендігінде.
Әбдіжәміл Нұрпейісов әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы соғыс тақырыбына арналып жазылған «Курляндия» романы. Ол 1950 жылы жарық көрді. Кейін оны өңдеп, толықтырып «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытты. «Соңғы парыз» дилогиясы да әлем әдебиетшілерінің үздік бағасына ие болды. Әлеуметтік- психологиялық «Соңғы парыз» роман-дилогиясында Арал теңізінің апатқа ұшырауына кінәлі адамдардың хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам арақатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани- адамгершілік мұраттарға жетелейді.
Әбдіжәміл Кәрімұлы – қазақ әдебиетінің дара жазушысы, ол өз шығармаларында ұлттық мәдениетті, тарихты және адамның ішкі жан дүниесін терең зерттейді. Оның шығармашылығы өзіне тән стиль, образдар мен метафораларға бай. Нұрпейісовтің жазу мәнері реалистік, әрі лирикалық сипатта, бұл оны қазақ әдебиетіндегі ерекше тұлға етеді. Оның шығармаларында өмірдің күрделілігі мен адамның қоғамдағы рөлі маңызды орын алады. Жазушы шығармаларының маңызы күні бүгінге дейін артпаса, кеміген емес.
Қарақат ЫДЫРЫС,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің 3-курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!