Адамның психикалық қасиеттерін құрайтын бірнеше қасиет бар. Қабілет, темперамент, мінез. Бұл әр адамды ерекшелейтін өзгешелік десек те болады. Түрлі мінез иелері ұқсас жағдайларда әртүрлі әрекет етеді. Демек мінездің қандай да бір шешім қабылдауға да әсері бар.

Мінез және тіл

Мінездің қалыптасуына көптеген фактор әсер етеді. Соның бірі – тіл. Тіл арқылы адамдар өз ойларын ғана жеткізбейді, көңіл-күйін, кез келген жағдайға қатысты көзқарасын білдіріп отырады. Грамматикалық форма да өзінің негізгі мағынасымен қоса қосымша реңк беру, қосымша мағына білдіру қызметтеріне ие болады. Яғни әр тілдің фонетикасы, лексикасы сол тілді қолданушы адамдарға байланысты. Адам өз эмоциясын тіл арқылы білдіруі сол адамның қандай эмоцияда тұрғанын көрсетіп қана қоймай, сол тілді қолданушының болмыстық ерекшеліктерін де бейнелеп беретін сияқты.

А.Байтұрсынов: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадарынша жарайды», – деп жазады. Яғни тіл – құрылымдық жағынан таңбалардың жүйесі болса, атқаратын қызметі жағынан ойды жеткізуші, сонымен қатар қарым- қатынас құралы.

Бір тілді үйрену – сол ті лдің мә дениетін қабылдау

Жоғарыда атап өткеніміздей, тіл сөйлеушінің өзіндік ерекшеліктерін байқатуға қабілетті. Тіл, тарих, мәдениет секілді ортақтықтар негізінде біріккен адамдар қауымдастығын ұлт десек, бір ұлттың тілінен сол ұлттың сырын, тарихын, тұрмысын, болмысын анық көруге болады. Мәселен, қазақ тілінен қазақтың жайсаң даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезді екені – көрініп тұр. Қазақтың даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ десек қате болмас.

Неміс ғалымы, тілтанушы В.Гумбольдт: «Тіл – халық рухы, халық рухы тіл арқылы көрінеді» дейді. Әлемдік лингвистикаға адам тілді неғұрлым жақсы меңгерген болса, соғұрлым оның ойлауына әсерін тигізеді деген идеялар мен концепциялар ұсынды. Демек адам бір тілді үйреніп, сөйлей бастаса сол тілде ойлай бастайды деген сөз. Байқасақ, расымен солай. Мысалы, кәріс тілін үйренген таныстарыма қарап, олардың күнделікті өмірде сыпайылық танытатынын және сөйлеу барысында еркелік сарынын байқаймын. Сондай-ақ киім кию стилінде, эмоцияларында да кәріс ұлтына ұқсастықты көруге болады. Олар сол тілді меңгеріп қана қойған жоқ, сол ұлттың мәдениетін сіңіріп алды. Бұл турасында американдық лингвист Дэниел Эверетт «Тілді сол ұлттың мәдениеті қалыптастырады» деген идеяны ұстанады. Нысанаға тағы да қазақты алсақ. Қазақ халқы ХІХ ғасырдың орта шебінде патшалық Ресейге қосылғанынша, мал шаруашылығын басты күнкөріс құралы ретінде алып, соның ығына қарай көшпелі мәдениетті ұстанған болатын. Олар жазда жайлау, қыста қыстау, күзде күзеу, көктемде көктеуге қоныстарын ауыстырып отырды. Әр мезгілде, әр түрлі қонысқа бейімделу, икемделу – сол уақтағы қазақ халқы үшін қалыпты дүние еді. Міне, қазақ мәдениетіндегі осы қасиет оның тілінен де көрініс тауып отыр.

Қазақ тілі – аса бай, икемді тіл. Осы тұста қазақ лингвистикасындағы сингармонизм заңдылығын айта кетсек. Сингармонизм бойынша сөздер не бірыңғай жуан, не бірінғай жіңішке, не еріндік, не езулік болып айтылады. Түбірге жалғанатын қосымшалар да осы заңдылыққа бағынады. Мысалы, бала-лар, еңбек-ші-лер. Демек қазақ тұрмысындағы тиімділік тіліндегі икемділікке айналған. Қазақ тілінде кірме сөздер өте көп. Араб, орыс, тіпті моңғол тілінен де енген сөздер бар. Қызығы сол, қазақ халқы оны өз мәдениетіне, өз табиғатына орайластырып, икемдеп алған. Орыстың «ящигін» жәшік, арабтың «китабун» деген сөзін кітап, моңғолдың «улус» деген сөзін ұлыс деп пайдаланып жүрміз. Осылай орайын тауып, қисынын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, текемет оюға болады.

Ана тілінің адам мінезіне әсері қандай?

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қадірлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ж.Аймауытов «Тәрбиеге жетекші» деген еңбегінде: «Ана тілі халық болып жаралғаннан бергі жан-дүниесінің айнасы, өсіп- өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі… Жүректің терең сырларын, жанның барлық толқындарын тұқымнан-тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы – сол халықтың тілі» деген болатын. Ана тілінің адам мінезіне әсері қандай?

Ана тілі – тілді жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгіні және болашағы. Ана сүтімен дарыған ұлтымыздың құндылықтарын сіңіріп өсеміз. Мысалы, қазақ қоңыр желдей аңқылдап, еркін есіп, көмек қолын созуға әзір тұрады. Бауырмалдық, бір-біріне мейіріммен қарау, бұның бәрі байырғы қазақ та да болды, қазір де бар. Демек ана сүтімен дарыған, жойылмайтын құндылықтарымыз деп осыларды айта аламыз. Тиісінше қатігездік, немқұрайлылық деген сияқты қасиеттерді қазаққа телу қиын. Әрине бұл адамның қалай тәрбие көріп өскеніне байланысты. Бірақ бұл тұста тілдің де өзіндік ерекше әсер беретіндігін жоққа шығаруға болмайды.

«Ұлттың тілі жұтаса, мінезі өзгереді», – дейді. Қазір ана тілімізден гөрі орыс тілін білетін қазақ балалары көп. Соның әсерінен олардың мінездері тік, құрмет сезімдері кем болып қана қоймай, ұлттық мінез бен құндылықтардан хабарсыз екені көрініп тұрады. Мұндай мінез орыс ұлтының табиғатына жарасады, өйткені ол сол ұлттың басқа құндылықтарымен астасып жатады. Яғни, сол халықтың бойындағы тік мінезділік, қоғамда өз ойын кім екеніне қарамай ашық айту ерсі емес. Ал үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейтін, үлкенге деген құрметті парыз деп білетін, келіні иіліп сәлем салатын, әйел заты ердің бетіне келмейтін, «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, Ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген тәліммен өскен қазақ халқы үшін бұл жат нәрсе. Өзінен кішіге тік мінездің жөні осы екен деп, бетінен алыпжатқаны жанға бататыны сөзсіз. Бұл қазіргі заманда өмір сүріп жатқан біздер үшін таныс көрініс. Осындай дәлелдемелерден кейін, тіладамның мінезін қалыптастырушы екеніне және оған толықтай әсер ететіне күмән қалмайды деп ойлаймын. Ал сіздіңмінезіңіз қандай?

Шапағат КӘРІМБЕРДИЕВА ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!