Жақында Қызылорда қаласындағы «Тұмар» баспасынан журналист, жазушы Тілеген Бекарыстановтың «Қоғалыкөлдің Құлагері» деген кітабы жарық көрді. Қазақстанның Құрметті журналисі, қазақ баспасөзінде фотожурналистиканы қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан Болат Омарәлиевтің ғұмырнамалық баянын көркем сөзбен кестелеп жеткізген бұл кітап тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Кітаптағы оқиғалардың бәрі өмірде болған, ал ондағы кейіпкерлер – өмірде бар шынайы адамдар. Бұл кітап сонысымен қымбат. Бір қарағанда жай бір адамның өмір жолы сияқты көрінгенмен, астарына үңілсеңіз, атан түйеге жүк болар замана зілін сезінбей оқу мүмкін емес. Енді осы ойымызды біртіндеп тарқатайық.

Шындап келгенде, біздің жаһандық көзқарас және жұрттың бәрін бірдей жақсы көру деген тенденциямыз немесе адамдардың түріне, тіліне, сеніміне, тіпті махаббат «обьектісіне» қарамастан толерантты болу, қазақша айтқанда, төзімділік таныту – құрметпен қарау деген терминді алға оздыруымыздың тереңде жатқан бір мәнісі – бұл біздің егемен елдің – өз алдына мемлекеті бар елдің азаматы екенімізді шынайы сезінуімізде болса керек. Әйтпесе өзі біреудің тепкісінде жүрген елдің тап бұлай көзқарасын ашық білдіруі – адамға адам сияқты қарайық деп дауыстап айта алуы әсте мүмкін бе?! Мәселен, осыған дейін алматылықтардың (шынымды айтсам, қызылордалықтардың бұрын-соңды бұл тақырыпты сөз еткенін естімеппін) совет жылдарында өзіне деген орыстардың көзқарасы, солар бірінші емес-ау бірнеше рет баспаналы болып, қазақтың пұшайман күйде орыс кемпірлерінің пәтерлерін сағалауы, көрген құқайы мен әлімжеттігі жайында жазғандарын ғана емес, айтқандарын тыңдадық та. Апыр-ай ә десіп, намыстанатынбыз. Енді осындай оқиғалардың қазақтың қаймағы делінетін Қызылордада болғаны, көрер көзге ашық қиянаттар, адамды адам құрлы көрмейтін, атып кету дегенің шыбын шаққан құрлы болмайтын бандиттік әрекеттер, соның бәрінің астарында қазақты алға оздырғысы келмейтін астамшылық пиғыл жатқанын сезіну кісіні бей-жай қалдыратын нәрселер емес. Бұларды жай ғана көз жүгіртіп оқып шығу – ойланбай оқып шығу мүмкін емес.

Кітаптағы оқиғалардың өзін алып көрейік: Маңдайшасында «Ремесленное училище» деген жазуы бар оқу орнындағы орыс-қазақ бөліп бөлінген жасөспірімдердің бір біріне қысастығы, әлімжеттігі, анығында, Степанның әкесінің сонда куратор екенін пайдалануы, іс сонымен бітсе жақсы, ақырында әкесі баласының сөзін сөйлеп, оған ондағы жан баласы әу дей алмай, (әйтпесе сондағы балалардың басбұзарлығын басшылық білмей отыр деп айта алмайсыз, оған тіпті сенбейсіз де) кейіпкерді оқудан шығарып жіберуі; жас боксшының жолын кескен калибрлі мылтық, қазақтар қаншалықты білмейтін болса, соншалықты наны жүретін фотосалондағы еркінсінген еврейлердің сен біздің арамызда жүрген бірінші қазақсың деп ашық келемеждеуі – кітап кейіпкерінің тип, сол әрбір тип оқушы үшін таныс әрі бейтаныс екенінің анық дәлеліндей.  Біз мұны бір адамның ғана бастан кешкен оқиғасы деп қабылдасақ, қателескен болар едік, бұл – сол замандағы бір емес, бірнеше Болаттың – Болаттардың тағдыры, әділетсіздікпен бетпе-бет келіп, оған әлінше және мейлінше қарсы тұрған адамдар тағдыры. Әрине бірді-екілі оқиғалармен (егер солай деп айтуға келсе) бір ұлт жақсы, келесі бір ұлт жаман деп айта алмаймыз, бұл қазақ не орыс, не кәріс, не татар, не еврейдің жамандығынан не жақсылығынан емес, бұл – сол уақытта дем берген, қолтығына су бүркіп, сен – ұлы, ол – сенің қасыңда кім деген басқыншылық саясаттың салқыны, соны сезінген адамдардың бір-бірімен қарым қатынасы. Тіпті ашықтан ашық сен күштісің демей-ақ қойсын, әйтсе де соны саналы түрде сезінуге жағдай жасаған «тәтті» идеологияның ащы жемісі.

Бір оқиға есіме түседі: Алматыда балалар үйінің бірінде болғанымда ондағы кейбір проблемалардың адамдардың түсінісе алмауынан екенін аңдап, әлгі апайға енді соны неге ашық айтпайсыз дегенімде: «Олай дей алмаймын, өйткені мен ұйғырмын. Қазақ әйелі болғанымда мүлдем басқаша болар еді» дегені бар. Аңдағанға, оны бұлай дегізіп тұрған да біздің өз алдына дербес мемлекет – ел болуымыз. Әйтпесе бойын ашу кернегенде ойындағысын ашық ақтара салуға оның ақылы жетпей тұрған жоқ дей алмаймыз. Ашуды ақылға билетіп тұрған да – Қазақ мемлекетінің айбыны, абыройы. Қоғамның бір біріне толерантты – төзімді көзқарасы тек қазақтар үшін ғана емес, басқа да ұлыстарға артылған жауапкершілік екенін өзге жұрттың саналы түрде сезіне бастауы бұл. Иә, ойды ой қозғайды, енді «Қоғалыкөлдің Құлагеріне» оралайық.

Әңгімені ұлыстар арасындағы (тіпті күні кешегі дүнгендер оқиғасын көре-біле тұра бұл тақырып бүгін актуалды емес деп айта алмайсыз) қатардағы жанжал деп жаба тоқи алмаймыз, мұнда тағы физика пәнінің мұғалімі бар. Ол да – тип. Құдай маңдайына күрескерлік бермей, тағдыры күшік кезінен талап тастаған қаншама таланттар бар өмірде, олардың талайлы тағдырына қоғам Құдайдай көретін мұғалімдердің қатысы жоқ па екен деп ойланасыз. Жан жарасы жазылмай қалған қаншама тағдыр көз алдыңыздан тізбектеле өтеді. Әр тағдыр – бір роман деген осы да.

Бүгінде біз замандастарымызды, әсіресе жастарды кітап оқымайды деп жазғырмаймыз. Оқып жатыр. Қандай кітап оқып жатыр? Мәселе сонда. Руханияты әлсіреген қоғамда мылтықтың дүрсілі мен тиынның сыңғыры ғана естіледі деген сөздің әдебиетке, көркем әдебиетке тікелей қатысы бар. Өйткені біздің қазіргі жастар қызығатын кітаптардың дені қалай байймын, қалай ақша табамын, қалай табыс табамын деген тақырыптардың төңірегінде. Әрине бай болғысы келетіндерді, жағдайын материалдық тұрғыдан жақсартқысы келетіндерді жазғыра алмаймыз. Ол да керек кітап. Бірақ өмірде ақшадан да маңызды дүние бар емес пе? Бала тәрбиесі, әже мектебі, әке өнегесі, ағайынгершілік, бауырмалдық… адам бойындағы адамгершілік деген асыл қасиеттің аясына кіретін жақсы мінез жаныңызды баурап, жүрегіңізді тербейді.

« – Бәріміз бір бөлмеге сығылысқанша, ана екінші жақтағы кішкене бөлмені неге бізге бермеген?

– Ол қыста қозы-лақ, бұзау қамайтын бөлме ғой. Баста Қазанбай байдың да төлдері сонда тұрыпты. Біз көшіп келгенде соны да үй қылғымыз келген. Бірақ қаншама жылдан сіңіп қалған қидың иісі кетпеді.

– Мен оны жақсылап тазалап аламын. Ақ балшықпен сыласақ, қатып кетеді. 

– Оған бәрібір сіздерді жатқызбайды.

– Неге?

– Қай күні әжем Шама көкеме шешей немересімен екеуі бізбен бірге болады. Ана бөлмеге шығарамыз деп жүрмеңдер. Ағайынымызды мал қамаған жерге өлсем де жатқызбаспын деген…».

 Бұл Күләндам шешейдің шалы Өмірәлі екеуі бір әкеден тарайтын Сақтаптың кемпірі – Зейнеп абысынына деген құрметі. Зейнептің 1942 жылдың басында соғысқа алынып, хабарсыз кеткен баласы Жүнісбай Әбушаһманың немере інісі. Арқа сүйеп отырған аналарынан айырылып, Жүнісбайдың ұлы мен қызы тұл жетім болып қалады да, жылай-жылай көзі суалған Зейнеп шешейді немересімен бірге осындайда қараспасақ, бір атадан тарағанымыз қайсы деп ағайынгершіліктің үлгісін танытып, Әбушаһманың өзі көшіріп алып келген.

Көркем әдебиет не үшін жазылады? Оқырманды ойландыру үшін, көңіл-күйіне әсер ету үшін… осы мақсатты динамикалық байланыс, драмалық тартыс, ең бастысы, қызықты сюжет, т.б. көркем шығарманың мазмұнын арттыра түсетін заңдылықтар мұнда да бар. Кітап авторы бұл кітапты әңгіме, повест демейді, ғұмырнамалық баян деп көрсетеді. Бұл жағынан, бүгінгінің көзқарасымен алғанда, «қиялдағыны сөз етеді» деп  көркем әдебиеттен «қашатындар» үшін нағыз керек кітап дер едік. Өйткені бұл – деректі кітап. Алып-қоспасы, артық бояуы жоқ. Іш пыстырмайды. Тіпті бүгінгі ұзақ-ұзақ мәтіннен қашатын оқырман үшін оқуға жеңілдетіп, тақырыпшалармен жетелеп отырады. Бір тақырыптан бір тақырыпқа көше отырып, тұтас бір дәуірдің, заманның ішіне кіріп кеткеніңізді аңдамай да қаласыз. Жолында жақсы адамдар кезіккен және олардың шапағатын көрген, өзі де рақмет айтуды ұмытпайтын адам келесі жолы не істейді екен, немен айналысады деген сұрақ кітапты бастан-аяқ бір деммен оқытады.

Кітап жалпы көпшілікке арналған. Бір сөзбен айтқанда, мотивациялық   кітапты жақсы көретіндерге арналған десек артық айтқандық емес, өйткені мұнда кейіпкер өзін өзі іздейді және өзінің сүйікті хоббиін кәсібіне айналдыру арқылы табысқа жетеді, танымал болады. Жұмыс істеп жүріп демалатын, демалып жүріп жұмыс істейтін табысты адамдар тарихының дені – сүйікті іспен шұғылдану дейтін болсақ, кітаптың бас кейіпкері Болат Әбушаһмаұлының өмір өрнегі өзі сүйген кәсіппен, жан қалауымен астасып, асыл мұратына жеткізгендей әсерлі. 

Әдетте жолы болған, белгілі бір мақсатқа жеткен адамдардың бәрі үлкен қалада – арман қалада – Алматыда тұру керек сияқты шырқау биіктің шыңындай көрінетін жалпақ жұрттың пкірінде жақсы көрінетін нәрселер болады ғой. Ол да Алматыға шақырылады. Анау-мынау емес, атақты Шер-аға – Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиеті» газетіне шақырады. Бірақ туған жерге тамыры байланған азамат өз бақытын Сыр бойынан іздейді. Сұлу Сырдың – Сыр-Ананың тұмса табиғатын фотоөнердің арқауына айналдырады. Сыр тұнған Сырдың дидарына ерекше сүйісініспен қарайды, азаматтық болмыспен үңіледі. Оны қатардағы көп фототілшіден артық қылып тұрған қасиеті – ол сөз өнерінен құр алақан емес. Өлең жазады, әңгіме жазады, демек ол өзінің туындыларына өзі тақырып қоюға шебер, ондағы әрбір деталь, иірімді, нәзіктікті жан-тәнімен сезіне алатын сыршыл суреткер. Демек, табысқа жету үшін адам сан қырлы болу керек, кәсібінің ұңғыл-шұңғылын біліп қана қоймай, оны одан әрі жетілдіре түсетіндей, бояуын қанықтыра түсетіндей жан-жақты болу керек дейтін белгілі бір деңгейде биікке ұмтылудың жолын үндейтін бүгінгі пайымның үдесінен табылатын кейіпкер бейнесі көз алдымызда тұрады. Ол фотограф емес, ол – фотожурналист!

Сөзімізді жазушының өз сөзімен қуаттайық: «Мұрағатында өзінің айтуы бойынша екі мыңдай таңдаулы фотосуреті бар ағамыз зейнетке шыққаннан кейін соларды іріктеп, Facebook арқылы интернетке жариялап отырады. Олардың әрқайсысын қараған сайын, сурет туралы ағамыздың өзі жазған түсіндірмелерді оқыған сайын, өзіміз бұрыннан білетін бұйығы ағамыз бойын жазып, еңсесін тіктеп алып, азаматқа айналып бара жатты. Фотограф емес,  фотожурналист болудың не екенін, өз ісінің Қазақстан бойынша маңдайалды маманы болу дегеннің қандай болатынын енді түсінгендейміз. Әр суреті – бір-бір әлем, бір-бір таңғажайып туынды.

Облыстық газетте көп жыл бірге қызмет атқарған әріптес қарындасы Гүлжазира Жалғасова ағаның досы, журналист-жазушы Қази Данабаевтың сөзін мысалға келтірді:

– Мынау өлең жазады, жазғандары керемет, өзінше стилі бөлек дүние».

Бір де осы сөзбен ойымызды жинақтасақ, стилі бөлек ағасы жайында жазған інінің кітабын оқып шыққан адам уақытым зая кеттім демес.

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!