Қазақша сапалы аудармаларымен танымал Mazmundama баспасы «Меломан» дүкендер желісінен қысым көріп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Бұл туралы баспа жетекшісі Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желіде хабарлады.
Mazmundama баспасы бірнеше жыл бойы әлем әдебиетінің үздік туындыларын қазақ тіліне аударып, оқырманға жаңа дизайнда ұсынып жүрген баспалардың бірі.
Баспа басшысының айтуынша, бұған дейін кітаптар «Меломан» дүкендеріне қарызға беріліп, түскен қаражаттан типография шығындары өтеліп, қызметкерлердің еңбекақысы төленіп келген.
Алайда соңғы үш айда «Меломан» қаржылық міндеттемелерін орындамай, төлемді тоқтатқан. Осыған байланысты баспа аса қиын жағдайда қалған. Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желіде мәселе көтеріп, қарызды қайтаруды талап еткеннен кейін ғана дүкен тарапынан берешек толық өтеліпті.
Дегенмен, көп ұзамай «Меломан» баспамен арадағы келісімшартты үзетіні туралы тек орыс тілінде жазылған хат жолдаған. Баспа жетекшісі мұны мемлекеттік тілге деген немқұрайдылық әрі серіктестеріне қысым деп бағалады.
«Меломан» секілді дүкендер біз сияқты баспалардың көз майын тауысып шығарған кітабын қарызға алып-сатып пайда табады. Ақшасын уақытында қайтармайды. Талап етсең, серіктестікті бұза салады. Біз мұндай жағдайға төзе алмаймыз. Біздің кітаптарды енді Kaspi арқылы әлдеқайда тиімді бағамен алуға болады», – деді Шыңғыс Мұқан.

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!