Қарасақал Ерімбет дастандарындағы дидактикалық ойлар

Қазақ әдебиетінің тарих қойнауындағы ұлы жолы ұлтымыздың қалыптасуымен сабақтас екені белгілі. Алты Алаштың анасы болған Сыр өңірінде дүниеге келген жауһарлардың баға жетпес туындылары біз үшін ғибратымен ерекшеленеді. Қазақ елі тума таланттарға бай. Соның ішінде Сыр сүлейлерінің арасында танымалдылыққа ие Қарасақал Ерімбет мұраларының шоқтығы биік.

Қарасақал Ерімбет әдеби дәстүрді одан әрі жалғастырып, ислам дінінің гуманистік-ағартушылық идеяларын қазақ поэзиясының поэтикалық өзегімен ұштастыра жырлады. Шайырдың туындыларында артық сөз, ұзақ баяндау жоқ, айтар ойын безбенге тартқандай өлшестіріп отырған. Өлеңдерінде отансүйгіштікке, адамгершілікке, имандылыққа баулитын даналық ұғымдар қамтылады. Ақын шығармашылығы көркем мінезділікке ықпал етіп, жамандықтан жиренуге дәріптейді. Ерімбет Көлдейбекұлы шығармашылығының мәні – адамзатты рухани құндылықтарға баулу. Туындыларының басты ерекшелігі дидактикалық сарынға құрылған. Ақын шығармаларының маңызы әлі күнге дейін мәнін жоймады. Өйткені ақынның айтар ойы қазіргі күннің өзінде де өзекті. Мәселен, опа бермес дүниенің артынан қуаламау, менмендік, арам ойлау, бос сөз секілді мәселелер әлі күнге дейін тиылмауда. Ақын еңбектерінде ғибрат аларлық әрі өсиеттік мәні бар, терең мағыналы ұғымдар жиі кездеседі. Ерімбеттің басқа шайырлар мен ақын-жыраулардан айырмашылығы – жыр-дастандарын қатараралық кезек ұйқаспен алты, сегіз, он, он екі жолдық немесе араласып, алмасып отыратындай етіп, ерекше стильде жазады. Дастандарының басты өзегі – адамгершілік, сақилық, ерлік, имандылық. Ақынның басты арманы осындай асыл қасиеттерді адам бойына дарыту болатын. Ол әр шығармасындағы оқиғаны байыппен баяндап, кейін шиеленістіріп, негізгі тақырыбынан ауытқымай, жүйелі әрі тартымды жеткізеді. Мәселен, «Атымтай жомарт» – 1899 жылы жазылған шоқтығы биік туындылардың бірі. Дастанның бастапқы бөлігі халықты жомарттық қылуға шақырумен басталады:
«…Жарандар, шамаң келсе сақилық қыл,
Сақидың жүрген жолы болар абад!
Көркейер барша сақи сақиды айтсам,
Сараңды мерекеде қатты ұялтсам.
Байлар көп ішпей-жемей мал жинаған,
Соларды дұрыс болар көзіне айтсам!» – деп мырзалықты жоғары көтеріп, сараңдықты жиренетін қасиет ретінде суреттеп тұр. Мұндағы «сақи» сөзі берегендік, жомарттық, мырзалық мағынасында қолданылған. Шайыр бұл дастаны арқылы жақсылықты да ақылмен, бүкпесіз, шынайы әрі риясыз көңілмен істеу керектігін үлгі етеді.

Ақын бұл өмір өткінші екенін ескерте отырып, көзі тірісінде байлықтың буына масаттанбай, кедей-кепшікке жәрдемдесуге шақырады. Сонымен қатар ақын сақилық хақында «Садуақас сақи» дастанында:
«…Болсын, – деп, – бірім екеу, екім төртеу»,
Жүгірер елпең – елпең сорлы пенде.
Сумаңдап жүгіре берме, тыңда енді,
Өтеді күні ертең-ақ, өмір демде!» – деп оқырманға ой тастайды. Ол мұндай уағыздарды тек айтып қоймайды. Деректерге сүйенсек, туыстарының және қариялардың айтуы бойынша ол жарытып бай болмаса да, кедейлік оған кедергі бола алмаған. Қолындағы барын ет жақындарымен және көрші қолаңымен бөліскен. Өмір бойы шайырлық пен дін жолынан таймаған. Оған дәлел, өмірден өткенінде қойын дәптерінен мына өлең жолдарын тапқан:

«Қусаң да бұл дүниенің опасы жоқ,
Ер болсаң иман күт те, дінге жармас!» – деп ақтық сапарға аттанар алдында да халықты имандылыққа үгіттейді. Осы жөнінде Сыр сүлейлерінің мектебінен шыққан ақын Омар Шораяқұлы да сақилықтың артықшылықтарын тиек етіп кеткен. Ол туған халқына, оның ішінде өзі шыққан кедей табына жақын болды. Кедейліктен азып-тозған халқына киянат көрсеткен байлардың озбырлық әрекеттерін өлеңдері арқылы әшкерелеп отырды. Халықты ағайыншылдыққа, бір-бірінің еңбегін бағалауға шақырды. Оған ақынның 1924 жылы өмірден озар алдында жазған:
«Қайратты туған ер болсаң,
Қамын ойла халқыңның.
Жетім менен жесірге,
Өзі бол жүзі жарқынның…» – деген өлең жолдары дәлел. Сонымен қатар Қарасақал Ерімбеттің «Бап раушан» дастанында сақилықтың артықшылығын былай деп береді:
«Сақилық, көп нәрседен абзал болар,
Әрқашан жәннат оған ашық тұрар.
Жиналған бұл араға, көп халайық,
Әрқашан сақилықтан бол хабардар!» – деп сақилықтың артықшылығын атап көрсетсе, Базар жырау:
«Қолы сақи пендеге –
Өлгенде тиер қайыры…» – деп сақилықтың осы дүниеде де, арғы дүниеде де пайдасын дөп басып жеткізген. Ал, «Ақтам сақаба» дастанында: «Сақилық қадірін білсе – шыны дәулет…» – деп жомарт болу кедейлік емес, қайта дәулетті болу деп ой салады. Ақын сақилық тақырыбындағы туындыларын:
«Қайыр қыл, ау халайық, қапы қалма,
Сақилық ақырында абат етер…» – деп тәмәмдайды.

Қарасақал Ерімбет философиясы нәпсінің пендеге ешқандай абырой бермейтінін, оның ғұмыры қысқа болса да, құрығының ұзын екенін жеткізеді:
«Нәпсі – жар, шайтан – бөрі қорғалаған,
Ойнаған иман жарға қозы-лақтай.
Солардан саулығыңды сақтанбасаң,
Қоя ма аңдып жүрген бөрі шаппай»,– деп нәпсіні құзға, биік жарға балайды. Ақын туындысының осы жерінде ұлттық сипаты қылаң береді. Қазақ құз бен жарды көбіне адамның шарасыз күйіне баласа, шайыр ібілістің аш бөріге ұқсаған кейпін бере отырып, құздан құлаған адамның өмірден опық жеген халі көрініс табады. Ал нәпсі жөнінде Омар Шораяқұлы:
«Ізіңде ізерттесіп ібіліс жүр,
Майпаздап бала баққан кемпірдей-ақ.
Нәпсі – ақымақ, ақылыңды алпыс бөлер,
Ойыңа ешбір қайғы келтірмей-ақ», – деп нәпсіні ақымаққа балап, көз алдымызға адам бейнесін алып келеді.

Ерімбет шығармашылығында теңеу мен ауыстырудың жымдасып, бір-біріне ұласып немесе өзара ерекшеленіп келетін қолданыстар көптеп кездеседі. Мысалы, «Ей, Алла, сүйген құлың қатарында ет!» туындысында 20 ауыстыру қолданылған:
«Тіл – бұлбұл, ой – гүлістан, көңіл – бақтай,
Қол – пілте, кеуде – зауыт, көз – шырақтай.
Жайқалған айдын көлде көк құрақтай.
Әдептің әр уақытта дұшпаны ұят,
Жайылған көлді кешіп арғымақтай…», – деп ақын өмірде адам баласы үшін тіл мен ойдың, көңіл мен көздің теңдесіз жауһар екенін өз туындысында айқын аңғартады. Ол «тілді бұлбұлға, ойды гүлістанға, көңілді баққа» ауыстырып бейнелеу арқылы метафора мен теңеудің бір-біріне өте жақын екенін байқатады. «Тәубе – бұлт, дәме – тұман, қанағат – күн» ауыстырулары арқылы ислам дінінің қағидалары мен маңызы жоғары ұлттық ұғымдарға айналғандарын байқаймыз. Кете Жүсіп те Қарасақал Ерімбет ақын секілді ауыстыруларды қолданған:
«Көңілім – гүл, өмірім – бақша , тілім – бұлбұл,
Адамзат осы үшеуімен жайнайды гүл.
Өмірі адамзаттың жаз бен қыстай,
Гүлденіп тұрады ол жасап жыл-жыл…», – деп ол да «тілдің бұлбұлдай», сайрауымен «көңілдің гүл, өмірдің бақшаға» айналатындығын айтады. Ақын туындылары 7-8 буынды және төкпе әдістен тұрады, дастандарында қара өлең ұйқасын да кездестіре аламыз. Шайыр «Атымтай жомарт» дастанында эпифора мен антитезаны шебер қолданған. Мәселен, «Сақилар дүниені жия алмайды, Сараңдар береріне қия алмайды» – деп сақи сөзі мен сараң сөзін қарама-қарсы қойып жазған.

Шайыр дастанының барлығы дерлік тәлім-тәрбиеге құрылған. Оның дастандары еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін таптырмас дүние. Қай дастанында болмасын халықты адами қасиеттерге баулиды. Мәселен, «Бап-раушан» дастанында:
«Кеуілі таза болса пендесінің,
Әрқашан Алла сүйіп, құдай жақтар!» – деп пенде қандай да бір жақсылықты қаласа мең алдымен ниетінің түзу болуы қажет деген ұстанымды растап тұр. Бұл мәселе қазір де өзекті. Себебі пенденің пейілінің бұзылу салдарынан қоғамда түрлі келеңсіз жағдай белең алуда. Осы тұрғыда байқайтынымыз шайыр дастандарының құндылығы әлі күнге дейін өз құндылығын жоймаған. Сондықтан да өскелең ұрпаққа Қарасақал Ерімбет шығармаларын тереңінен оқыту қажет деп есептейміз. Себебі оның туындылары өсиетке толы. Кішкентайынан тағылымы мол дүниелерді оқып өскен баланың кеуілі тек жақсылыққа толады. Ерімбет Көлдейбекұлының көптеген діни танымдық- философиялық шығармалары мен арнау толғаулары, қисса-дастандары әлі күнге халық ауызында айтылып келеді. Сыр сүлейінің нақыл өлеңіндегі ең басты мәселе – адамның жақсы және жаман қасиеттерін салыстыра жырлау. Дәстүрлі өрнектердің нақыл өлеңдеріндегі қолданысында ақын қоршаған ортадағы, табиғаттағы тіршілік иелерінің – бәрінің де мінез-құлық ерекшеліктеріне орай баламалап жырлауды қолданады. Мысалы, «Әр жерде- ақ үлгілі сөз айтсам-дағы» нақыл өлеңіндегі салыстырмалы баламалардың философиялық, тәлім-тәрбиелік ғибраты мол:
«Жарқанат, жарда жатар басын бағып,
Бас қаққаналар жақсы ат жұртқа жағып.
Сараңның қанша ішкенімен қарны тоймас,
Оттатпайды мал сорлысын шайтан қағып.
Әр жерде-ақ үлгілі сөз айтам-дағы,
Ақымақтың құлағынан кетеді ағып!».
Өлеңнің идеялық астарында адамдардың алуан мінезін ишарат, меңзеу тілмен бейнелей отырып, адамдардың өздеріне таныс табиғат, тұрмыс суреттері мінез психологиясының сырларын ашу үшін тиімділікпен қолданылады. Бұл – Ерімбет ақындығына тән суреткерлік қырлардың бір көрінісі ғана. Оның заманында үлкен насихатшыл-мінәжатшыл өлеңдердің қас шебері болғанын шайырдың замандастары, Сыр сүлейлерінің бірі әрі бірегейі Т.Ізтілеуұлының еңбектерінен де байқаймыз.
«Қарасақал Ерімбет –
Құтқармас құсты бедеудей.
Шабысына шаң ермес,
Ат шаптырған бүлкілі!».
Қаншама рет жазба айтысында өзінің қарсыласы болған адамды дәл мынадай теңеулермен ұштастыру – екінің бірінде бола бермейтін жағдай. Бұл Тұрмағамбеттің көрегендігі және Ерімбет шайырдың асқан шеберлігіне берген кәсіпқой ақынның әділ бағасы деп айтуымызға болады. Сыр өңіріндегі шайырлардың барлығына ортақ қасиеттері бар. Ол ақындықты, жыраулықты, жыршылықпен қатар ұштастырып алып жүру. Сонымен қатар Тұрымбет жырау «Қарасақал Ерімбет» туындысында:
«Соғатын екіленіп тынбай үдеп,
Желіндей қарашаның бір басталса.
Ілетін алтайыны қияндаяғы,
Қырандай бабындағы көзі шалса.
Құдықтай шыңыраудан шыққан суы.
Тереңде мағыналы сөзі жатыр.
Інжудей шыға келер қауыз жарса», – деп ақын портретін жасауда «қырандай» сөзін алғырлық пен ептіліктің атрибуты ретінде пайдаланған.

Қорытындылай келе, Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлының шығармашылығының ерекшелігі – ислам дінінің қағидаларына сай Жаратушыға жалбарынып, тілек тілеп, мінәжат етеді әрі заман шындығын көркемдеп жеткізіп, рухани құндылықтарды ұстануға үгіттейді. Қазақ халқының тума таланты Қарасақал Ерімбет шығармашылығын дәріптеу – кейінгі ұрпақтың міндетінің бірі. Қарасақал Ерімбеттің тағылымы мол дастандары адам бойындағы рухани құндылықтардың артуына септігін тигізері сөзсіз.

Нұрайым ЖАСҰЛАНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің 3-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!