“Қазақты домбырасыз елестету мүмкін емес” дейді кей кісілер. Әрине домбыра қазақпен егіз ұғым. Бүгінде әр шаңырақтың төрінен ілулі домбыра көрсек, жанымыздың әлі де бірге екенін аңдағандай боламыз. Әсіресе ауылдағы осындай көріністер жаныңды жадыратады.

3000-ға жуық тұрғыны бар Абай ауылының тең жартысының шаңырағының төрінде домбыра ілулі тұрады. Мұнда әу демейтін адам да кемде-кем. Той-думан, туған күн кештері, шілдеханада домбырасыз өтпейді. Ауылдық мәдениет үйінде де домбыра үйреніп жүрген оқушылардың қарасы қалың.

 Ауылдағы Әкімовтар әулеті домбыраны киелі деп бағалайды. Күнделікті таңғы астан кейін домбырамен әсем әуен тыңдау – олардың әдеті. Осылайша отбасылық құндылықты балаларының бойына сіңіріп келеді.

Ізбасар Әкімов асаба, жыршылық, термешілік өнерімен ауылға жақсы таныс. Оны тыңдауға ауыл тұрғындары асығып тұрады. Өнерін тамашалау үшін үйіне әдейілеп баратын ақсақалдар да бар. Домбыра тартқанда ерекше сезімге бөленетін Ізбасар келіншегіне самаурынға шоқ салдырып, өзі ардагерлердің сұранысы бойынша домбырасын қолға алады. Сол сәтте екі ұлы да қасына жайғасады.

 ‒ Домбыраны жаныма серік етіп жүргеніме біршама уақыт болды. Домбыра тартқан өзіме қатты ұнайды. Керемет әсерде боламын. Балаларымның да қызығушылығын оятып, үйретуге ден қойып жүрмін. Ұлдарым мектеп жасына барар кезде домбыра үйретемін деп ойлаймын. Олар да мен қолыма домбыра алсам, дереу қасыма келеді. Кейде ұстап көреді, жерде жатса анасына “көтеріп қойыңызшы” дейді. Өзге балалардың ойыншық қылып ұстап отыратыны да бар ғой. Ал біздің үйдің балалары осы бастан домбыраның киелі зат екенін түсінеді, – дейді Ізбасар.

Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген. Күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді. Ауылға келін түссе немесе қыз ұзатылса, құда шақырғанда қолына домбырасын алған Ізбасарды көреміз.

«Бала кезден домбыраны қолыма алып өстім. Бірте-бірте дәстүрлі әндерді айтып үйрендім. Рас, қазір жастардың көбісі дәстүрлі өнерге бара бермейді. Бірі дәстүрлі өнерді түсінбесе, енді бірі қызығушылық танытпайды. Қазақ халқының рухани жәдігерлерінің ішінде мақтаныш етер бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер болса, оны ұлықтау – біздің мақсатымыз. Жастайымнан терме, жыр жаныма жақын болды.  Нұртуған мен Тұрмағанбеттің термелерін тыңдап өстім, – дейді ол.

Президенттің домбыра күнін белгілеуін барша қазақстандық ықыласпен қабыл алды. Еліміздің құнды дүниесін баршаға паш ету, насихаттау мақсатында бұл күннің маңызы зор. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі істің бірі болды.

«Термені түрлі аспаптармен әрлеп, қоғам талабына сай бейімдеп айту үшін үлкен жүрек пен дауыс мүмкіндігі болу керек. Ол шеберлікті қажет етеді. Қазіргі жастардың талғамы бөлек. Бір өкініштісі, жастардың көбі терме тыңдамайды. Шетелге еліктеген олар өзге тілдің әніне қызығушылық танытып, соны орындауға бейім. Сол себепті термені түрлендіруді қолдаймын, – дейді жыршы. – «Жаздыгүн шілде болғанда…» деп Абай атамыз айтқандай, «көкорай шалғын, бәйшешек, ұзарып, өсіп, толғанда» бүкіл қазақ даласы күмбір-күмбір күй төккей, көктегі күн нұр төккей, домбырасын қолға алғай, әуелете ән салғай… «Дариға, домбырамды берші маған, Жаныма келші жарым, келші балам…» деп Мұқағалиша толғайық, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп Қадырша қайырайық! Ұлы ұлттың баласы, ұлықта домбыраңды, әр шаңырақта ілулі тұрсын, қазақтың киелі аспабы. Ұлттық домбыра күні құтты болсын! – дейді кейіпкеріміз.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!