Қазақта «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» дейді. Яғни, күші шалқып, дариядай кемерінен тасып  тұрған отыз жастағы шағындағы сарбаз  атойлап жау ордасын ала алмаса, онда қырық жасында тас түйін бекінген қамалды ала алмайды дейді. Ал, біздің жас мемлекетіміз осы отыз жылдың алғашқы бес жылында-ақ ордаңды былай қойып, қамал салып бекініп те алды.

 Ең бірінші 1995 жылғы Конституцияның арқасында жаңа тұрпаттағы мемлекеттік құрылым қалыптасып, қираған одақтан «мұраға» қалған қалың проблемалардан тазару жұмыстары қарқын алды. Қиын-қыстау уақытты бір серпіп тастап, ұлы жолға бет түзеді. Халықтың әлеуетімен ғана, мәдениетімен де, рухани құндылығымен да жұмыс жасады. Өркениеттік дамуға сай қос палаталы кәсіби Парламент өз жұмысын бастап, биліктің басқа тармақтарымен ынтымақтасқан заң шығарушы билік қоғам үшін сапалы құжаттарды қабылдауға кірісті. Осы кездері қабылданған өміршең заңдардың өзі мемлекеттің саяси-экономикалық жаңаруына үлкен сеп болды. Бір сөзбен айтқанда, елдің тәуелсіз дамуындағы 1996 жылдың еншісіндегі жетістіктің өзі бір төбе еді.

Елді әділдік, демокртаия жолына бастаған тұңғыш Президент Н. Назарбаев бұрынғының билерін, қазіргінің соттарының жүйесін қатаң бақылауға алды. Өйткені әділдік орнаған елде ғана даму, өркендеу мен өсу бар емес пе? Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын ұстанып, Әз Тәукенің жеті жарғысындай жасампаз жолды жалғастыруды мақсат етті. Солай да болды. Елдің сот саласына көзқарасы өзгеріп, сенім арта бастады.    

Сот жүйесінің алғашқы даму кезеңін ескі кеңестік сот жүйесінен  тәуелсіз Қазақстанның жаңа сот жүйесіне көшу уақыты деп сипаттауға болады. Сот жүйесіндегі өзгерістер Қазақстандағы мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне тармақталып құрылатынын және жүзеге асырылатынын әйгілеген 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» конституциялық заңынан басталса, биліктің тармақталу қағидатын бекітіп берген 1993 жылғы алғашқы Конституция сот билігінің ұйымдасып, қызмет етуінің негізгі принциптерін айқындады.

1994 жылы ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы» қаулысы шықты. Қаулы жаңа сападағы сот жүйесін құрудың басты бағдарлары енген және оны дамытудың негізгі басымдықтары айқындалған басты тарихи құжат болды. Сонымен бірге Тәуелсіз Қазақ елінің Азаматтық және Қылмыстық кодекстері қабылданды, сот ісі жаңадан қабылданған Азаматтық-процессуалды, Қылмыстық-процессуалды кодекстерге сәйкес жүргізілетін болды.

Қазақстан Республикасы сот жүйесінің қалыптасу кезеңі 1995-2000  жылдар аралығында жүрді. 1995 жылы ҚР Конституциясының және ҚР Президентінің Конституциялық заң күші бар «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» жарлығының қабылдануы сот жүйесі дамуының жаңа кезеңін бастап берді емес пе.

Осылайша сот құрылымының негізгі элементтері мен республика соттарының жұмыс тәртібін айқындап берген жаңа нормалар енгізілді. Бұл алғашқы он жылдықтағы қадамдар еді.

Ал, жиырма жылдыққа қарай басқан қадам да қасиетті ордалардан тәбәрік шаралардан басталды. Иә, елдегі тарихи оқиғаларға тоқталсақ, 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Сонымен қатар осы жылы киелі Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Бұдан асқан қандай жетістік, қандай биіктік керек. Осы шарадан соң араға екі жыл салып Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайы өтті. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басшыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі саналмай ма? Осы жылдары ҚР Президентінің жарлығымен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатысты сот таластарын қарастыратын мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылды. 2004 жылы ауданаралық мамандандырылған соттар құрылып, олардың қарауына мемлекеттік билік органдарының құзыретінен шығатын істер берілді. Осылайша, көпшілік-құқықтық қатынас саласында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдері күшейтілді.

2010 жылы Қазақстан Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ете бастады. Осы жылдың желтоқсан айында Қазақстанда саммит өткізілді. 2011 жылы Қазақстанда алғаш рет қысқы Азия ойындары өтті. Өздеріңіз білесіздер бұл ойындар тек тыныштығы сенімді, дамыған, өркениетті елдерде ғана өтеді. 2015 жылдың 27 шілдесінде Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. Бұл экономиканың одан әрі қарқындауы емес пе. Қазақстанда EXPO-2017 көрмесі ше?

 Енді өз саламызға келсек, отыз жылдыққа қарай беталыс кезеңінде ҚР сот жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатын іс жүзінде жүзеге асыру 2014 жылы бірқатар іргелі нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануынан кейін басталды. Әсіресе, Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалды және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстері сот уәкілдігінің аясын кеңейтті, адамдардың сотқа қол жетімділігін ұлғайтты, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерінің толыққанды орындалуын қамтамасыз етуге жағдай жасады. Сот жүйесін одан әрі дамыту Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасынан көрініс тапты. «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» атты 2-бөлім тұтастай сот саласын өзгертуге арналды. Жалпы, 2015 жыл, мамандардың пікіріне қарағанда, Қазақстанның сот жүйесін реформалау жылы болды. Жыл аяғына қарай Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында 59 заң күшіне енді.

Айта берсек отыз жылдағы жетістіктер мен жеңістер жетіп артыларлықтай. Ордалы отыз жылдың ішінде еліміз осындай небір биіктерге жетті және мәңгілік елдің, мәңгілік биіктің тұғырын тұрғызды. Біз жақсылықты көре білгенде ғана сол тұғырымыз мығым, берік те биік бола бермек. Олай болса осы ордалы отыз жыл дүйім елге құт береке бола берсін.

Әсел Карбозова,

Қызылорда қалалық сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!