Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Тұңғыш Президент күніне орай дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» мерекелік марафоны басталды.

Таңертең NIS-тің барлық YouTube арналарында бір уақытта Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дәулеткерей Шығайұлының және Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлері орындалды.  ⠀

Сыр өңірі зияткерлері,  ұстаздары мен ата-аналарынан құралған өнерлі топ күй атасы – Құрманғазының көңілді «Балбырауын» шығармасымен көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Тұңғыш Президентіміз – Елбасының сүйікті аспабы домбыраны қолымызға алып, ұлттық өнерімізді насихаттауға  ерекше қызығушылық таныттық. Себебі қазақ мәдениетін өркендетіп, рухани жаңғыруда бұл шараның маңызы зор», – деп бөлісті ойымен флешмоб қатысушысы, мектептің өзін-өзі басқару ұйымының Жангерей Зинелов. 

Бірінші желтоқсанға қызылордалық зияткерлер ауқымды бағдарлама жоспарлаған.  Мерекелік марафон барысында «Елімнің бағы – Елбасы» атты онлайн концерт, эссе байқауы, Н.Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолы тықырыбында шаңырақ сағаттары өткізілетін болады.

Сонымен қатар сынып белсенділері мен ата-аналар интеллектуалды ойындарда бас қосып, Ұлт көшбасшысының ел дамуына арналған жобалары мен ғылыми еңбектері жайында білімдерін шындайтын болады.

Мереке күндері  «Туған елге тағзым» тарихи-өлкетану экспедициясы қорытындыланып, оқушылар жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғайтын болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!