Бүгін күйші, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Төлепберген Тоқжановтың 60 жасқа толуына арналған «Туымы бөлек тұлпар» атты облыстық күйшілер байқауы өтті. 

Шара барысында мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Қуантқанұлы Жанұзақов талапкерлерге сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. 

Күмбірлеген күй сайысына 10-14 жас аралығы және 15-35 жас аралығынан 27 күйші қатысып, алғашқы кезеңде Төлепберген Тоқжановтың күйлерін орындаса, екінші кезеңде күйшілер күй атасы Құрманғазы, Қазанғап пен Дина мектебінің шығармаларын насихаттады. 

Байқауға күйші, композитор, «Құрмет» орденінің иегері, қазылар алқасының төрағасы Төлепберген Төреахметұлы, күйші, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің «Халық аспаптары» кафедрасының меңгерушісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әбсадықов Әлімжан Нағызханұлы және күйші, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің оқытушысы Ахметов Нұрадин Берланұлы қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен 10-14 жас аралығындағы қатысушылар арасында III орын – Махмуд Ақансері (Қызылорда қаласы), II орын – Серік Азизджон (Арал ауданы), I орын – Тоиымбетов Алинур (Байқоңыр қаласы) иеленді. Бас жүлде иегері – Көзейбай Дәулетхан (Сырдария ауданы, Айдарлы ауылы) атанды. 

«Туымы бөлек тұлпар» облыстық күйшілер байқауы 

Сонымен қатар, Әлшекей Бектібайұлы атындағы арнайы жүлде Ибайдулла Аятқа (Қызылорда қаласы) берілді. Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы арнайы жүлдені Амантурдиев Мунар (Байқоңыр қаласы) иеленді. 

15-35 жас аралығындағы қатысушылар арасында III орын – Төлегенова Ақнұр (Арал ауданы), Ахметов Ернар (Қызылорда қаласы), II орын – Кеңес Қуаныш (Қызылорда қаласы), I орын – Махамбетжан Досымжан (Қызылорда қаласы) иеленді. Бас жүлде иегері – Жақсан Мұқағали (Қызылорда қаласы) атанды. 

Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы арнайы жүлде – Сербаева Даянаға (Қызылорда қаласы), Шал Мырза Тоқболатұлы атындағы арнайы жүлде – Амангелді Абайға (Қызылорда қаласы), Жолдыбай атындағы арнайы жүлде – Шайхов Нұрсұлтанға (Қызылорда қаласы), Әлшекей Бектібайұлы атындағы арнайы жүлде – Нысанханов Саматханға (Қызылорда қаласы) берілді.

Аталмыш шара жас күйшілерге үлкен сахнаға мүмкіндік сыйлап, олардың шығармашылығына жаңа тыныс берді. Байқау жас таланттардың өнерін бағалап, қолдау көрсетуге, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға зор ықпал етті. Жас күйшілердің өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, жастарға ұлттық музыка өнерін одан әрі дамытуға шабыт сыйлады.

«Туымы бөлек тұлпар» облыстық күйшілер байқауы 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!