Әдебиеттану қоғамның айнасы болса, жас жазушылар сол айнадағы болашақтың бейнесі. Қазақстанның қазіргі заманғы әдеби кеңістігінде өзіндік қолтаңбасымен, ерекше ойлау жүйесімен және рекордтық нәтижелерімен танылып үлгерген жас қаламгерлердің бірі – Ильяс Юсуф. Оның шығармашылығы дәстүрлі жазушылық үлгіден бөлек, заманауи медиа-кеңістік, психология және визуалды сторитейлинг элементтерін біріктірген жаңа бағыт ретінде бағалануға лайық. Ильяс Юсуфтың шығармашылық әлемі тек жазушылық ғана емес, жаңа интерактивті білім беру мен дизайнның жаңа бөлігі.

Ильяс Юсуфтың шығармашылық жолына үңілгенде, ең алдымен, оның жазуға деген махаббаты ерекше көзге түседі. Классиктер әдебиетке көркемсөз қуалап келсе, Ильяс бұл әлемге өзін-өзі емдеу, ішкі «менін»тану мақсатында қадам басты. Оның алғашқы туындылары, әсіресе «Жизнь моими глазами» жинағы, жасөспірім шақтағы экзистенциалды дағдарыстың, жалғыздықтың және түсініспеушіліктің көрінісі іспетті. Бұл кітап – кәсіби жазушының ойдан құрастырған сюжеті емес, жүрегі жаралы жас жігіттің күнделігі. Оқырманды баурап алатын күш те осы шынайылықта жатыр. Ол өз қатарластарына: «Сенің сезініп жүрген ауырлығың маған да таныс, сен жалғыз емессің», – деген үнсіз хабарлама жолдайды. Сондықтан Ильястың прозасын «терапиялық әдебиет» деп атауға толық негіз бар. Ол жазуды он жеті жасында бастады, ал алғаш кітабын он сегіз жасында шығарған. Осылайша, Қазақстанның ең жас жазушысы, ең жас ақыны және ең жас авторы ретінде үш рекорд тіркеді. Оның шығармалары шын өмірден алынған оқиғаларға негізделген.

– Мен бала кезімнен жазғанды ұнататынмын. Қағаз арқылы сөйлесу менің алғаш тілім болды. Балалық шағымда менде мүлдем дос болмады. Сондықтан қағаз әрқашан маған қоғамды алмастырды. Мені тыңдаудан жалықпайтын құлақ болды. Мен үнемі ойларымды қағазға жазатынмын, – дейді ол.

Ұлт тарихын жаңаша сөйлеткен қаламгер

Жас қаламгердің шығармашылығындағы екінші маңызды қыр – психологиялық тереңдік пен философиялық ізденіс. Ол жергілікті рекордтар кітабына ең жас жазушы ретінде ғана емес, психология және мотивация жанрын игерген жас талант ретінде енді. Оның «Тень ангела» романы мен «Ночная симфония» туындылары жастық максимализм мен ерте есейген даналықтың қосындысын көрсетеді. Бұл шығармаларда автор өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, адамның қоғамдағы орны сияқты мәңгілік тақырыптарды қозғайды. Бірақ ол мұны күрделі академиялық тілмен емес, қазіргі жастардың түсінігіне жақын, жеңіл әрі әсерлі стильде жеткізеді. Оның кейіпкерлері – мінсіз батырлар емес, қателесетін, күйзелетін, бірақ соңында міндетті түрде үміт сәулесін табатын қарапайым жандар. Бұл – қазіргі турбулентті заманда жастарға ауадай қажет мотивация. Оның кітаптары оқырманға «қиындықтан қашпа, оны қабылда және өсу құралы ретінде пайдалан» деген философияны ұсынады.

Ильяс Юсуфтың шығармашылығын даралап тұрған тағы бір бағыт – оның тарихты жаңғыртудағы креативті тәсілі. Қазіргі цифрлық ғасырда жастарды қалың тарихи романдарды оқуға мәжбүрлеу қиын. Мұны жақсы түсінген Ильяс «Керей мен Жәнібек» комиксін жарыққа шығарды. Бұл – қазақ әдебиетіндегі батыл қадамдардың бірі. Ол ұлттық, тарихтың күрделі кезеңдерін, Қазақ хандығының құрылуын визуалды өнер арқылы сөйлетті. Комикс форматы тарихты «жеңілдету» емес, оны жастар тіліне аудару. Бұл жоба арқылы Ильяс өзінің тек жазушы ғана емес, заман талабын дөп басатын медиа-менеджер, жаңашыл ойшыл екенін дәлелдеді. Бұл еңбекжас буынның бойында патриоттық сезімді оятудың ең тиімді құралына айналды десек қателеспейміз.

Ильяс Юсуф – заманауи отандасымыз. Оның феномені жастығында немесе кітаптарының санында ғана емес. Оның ең басты жетістігі – әдебиет пен заманауи жастардың арасына алтын көпір сала білуінде. Ол өз шығармашылығы арқылы жазушылықтың ескірмегенін, керісінше, жаңа формада, жаңа мазмұнда түлеп жатқанын көрсетті. Ильяс Юсуфтың еңбектері өз-өзін іздеп жүрген мыңдаған жасқа шамшырақ. Ол білім алудың, үздіксіз ізденудің және өз қорқыныштарыңды жеңудің үлгісін көрсетіп келеді. Болашақта бұл жас қаламгерден бұдан де кесек туындылар мен ірі жобалар күтуге толық хақымыз бар. Себебі оның шығармашылығы тоқтаусыз даму мен шексіз мүмкіндіктердің көрінісі.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!