Құндылыққа негізделген білім беру бағдарламасы бойынша Қаңтар айы «Ұлттық код» айы болып бекітілді. Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмыс. Қа­зақтың ұлттық коды деп қазақ халқының жаратылысын, таби­ға­тын, рухани бітімін, өмір салтын ай­қындайтын белгілерді айтқан жөн шығар.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымызды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсінуіміз керек. Ұлттық тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана- сезімі мен мінез-құлқының қалыптасуын, яғни ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз. Жас ұрпақ тәрбиесінде болашақ білім берушілердің де жүрегі өз ұлтына деген мақтаныш сезіміне толып, әр сөзі қазақы бедерге тұнып тұруы тиіс.

Ұлттық құндылықтар арқылы ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу мақсатында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде құндылыққа негізделген Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Қаңтар айы «Ұлттық код» айына арналған ауқымды шара болып өтті. «Өр тұлғалы батырлар – ұрпаққа бағдар» және «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты рухани-танымдық кештердің мазмұнына сай мағыналы да берер тағылымы мол болды.

Шара қонақтарды «Қазақтың дастарханы» атты ұлттық тағамдар көрмесімен салтанатты түрде күтіп алумен басталып, өнерлі жас домбырашылар ансамблінің орындауындағы әсем әнмен ұласты. Шараға ата жолын жалғаған, термешілер мен жыраулардың ұрпағы, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының арнайы жүлде иегері, жыршы Марат Сүгірбай және республикалық айтыстардың, жыр мүшайраларының жүлдегері, «Құрмет» ордені иегері, ақын Мамыр Байдәулетов және БАҚ өкілдері, колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.Тағылымды шара барысында құрметті қонақтарымызға сөз кезегі ұсынылды. Колледж студенттері, болашақ ел тұтқасын ұстар жас жігіттердің батыр бабалары туралы зерттеп, ақын-жыршы ағаларына өз көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоюынан қызығушылықтары оянғанын байқауға болады. Рухани-танымдық кеште қазақ хандығының бірнеше ғасырлық тарихында мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығын сақтау жолында қазақ батырларының орны ерекше болғандығы, олардың елін қорғаудағы жеке ерліктері мен сарбаздарды бастаған қолбасшылық ерендігі халықтық жыр-дастандар арқылы ұрпақ жадында насихатталуы туралы кеңінен ақпараттандырылды. Білім алушылар да өз өнерлерін ортаға салып, сыр-сұхбатты одан әрі жалғастырып, қонақтарымызға жыр-шашуын ұсынды.

Келесі бөлім колледждің оқу залында «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты рухани-танымдық кешімен жалғасын тапты. Оқу залында «Инабат»,«Көшбасшы қыздар, «Зере» қыздар клубының мүшелері қатысып, кештің қадірлі қонағы Сыр сүлейлерінің сарқыты, белгілі жырау, әйгілі Сәрсенбай жыраудың немересі, асыл жар, аяулы ана, дәстүрлі өнердің дарабоз иесі – Майра Сәрсенбаеваны күтіп алды. Қазақтың өнерпаз аруы Майра жырау өзінің жолын жалғап жүрген екі шәкіртімен келіп, қылықты қыздар жиынын дүбірлі жыр әуенімен толықтырды. Жыршы, жырау апаларына қояр сұрақтарын жүйелеп, колледждің сұлулары еркін пікір алмасты. Майра Сәрсенбаева қыздарға айшықты ойлары мен айтар ақыл-кеңестерімен келелі сұхбат өткізді. Білім алушылар қонақтарымызға арнап жүрек-жарды өлеңдерін оқып ән-шашуларын тарту етті.

Өнер мен білім өркенін жайған жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, елдігімізді жоғары ұстау – парызымыз. Біз ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқу-тәрбие үдерісіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, оқу орнында да ұлтжандылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығаруға күш салуымыз керек.

Тұрар ДҮЙСЕНОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі

«Филология» бөлімінің оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!