Қазақ халқының тәлім-тәрбиесі сонау ежелден-ақ келешек ұрпағына ананың сүтімен, ата-әжесінің батасымен, әкенің тағылымды тәлімі арқылы берілген. Дүниеге шыр етіп келген әр перзентіне тал бесіктен бастап-ақ ұлттық тәрбиені санасына құйып өсірді. Ал қазір ше?
Бүгінде жөн-жоралғыны білетін үлкендер азайып бара жатыр. Біз ата мен әженің немереге беретін өсиетінен, тәлім-тәрбиесінен, қазақ халқының алтын қазығынан ажырап бара жатқандаймыз. Ұлттық тәрбиенің бастауы – ата мен әже. Төрдегі қарияларымыз айтқан ертегі-аңыздарды естіп, әдеби кітаптарды барынша көп оқысақ, ұлттық құндылығымыздың қадірі мен қасиетін ұмытпаған болар едік. Десе де, дәл осы заманда үлкені де, кішісі де телміріп телефонға үңілген, әкесі ұлына ақыл айтпақ түгілі, өз уақыты өзіне жетпей жүрген заман болып тұр. Бала өз бетімен өсіп жатыр. Бұл сөзіме күнделікті тыныс-тіршілік. Әкем мен анам күнделікті күйбең тірліктерімен жүреді. Ал мен ше? Менің әлемім – смартфон мен компьютер.
Бұрын ата- бабаларымыз ұл баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басынан сипау – ұл баланы аяп, мүсіркеу» деп түсінген. Яғни бала өскенде «жасық», «ынжық» боп өскенін қаламаған. Сондықтан баланың арқасынан қағады екен. Ал арқадан қаққанда бала батылданып, жігерленеді және еңсесін тік ұстап, тік қарауға дағдыланады. Қыз баланың басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, өзге үйдің түтінін түтетеді, ұрпағын өсіреді деп, қыз балаға қамқорлық көрсетіп, еркелетіп өсірген. Ешқашан ер кісімен қол беріп амандаспауды, ер адамның жолын кесіп өтпеу керегін ескертіп отырған. Ер бала жеті жасқа келгеннен бастап, бір шаңырақтың тұтқасы деп ас қайыртып, бата сұратқан.
Халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы атамыз: «Жаудан қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Бірінші, баласын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ әйелден қорқамын. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Үшіншісі, дәстүрді сыйламайтын ұрпақ көбейіп келеді, оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға әзір, атадан өнеге алып, үйреніп жатқан бала жоқ….» деп мұңайған екен. Жаудан қасқайып қорықпаған қаһарман батырдың қорқынышы шындыққа айналып бара ма деген сұрақ маған да ой салды.
Десек те, жаңа өмір, дамыған заман дейміз…. Мейлі, заман жаңарып, жаңғыра берсін. Бірақ біз өз ата-бабаларымыздан мұра боп келе жатқан бабалар өсиетінің құндылығын жоғалтпасақ екен. Келер ұрпаққа бабаның өсиет-өнегесін жеткізу керек.
Рухани байлығымыздың алтын тіні үзілмесін десек, теледидар мен ұялы телефонға үңіліп, әлеуметтік желіге байланып отыратын балаларға ата-әжелеріміз рухани демеу болып, ырым мен тиым сөздерді санасына құйып отырса, сара жолдан таймаған болар едік.
Жанерке ӘУЕЛХАН,
Н.А.Ахмадеева атындағы №112 орта мектебінің
7 сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!