Темір тұлпарды тізгіндегелі атқа деген құмарлығымыз саябырсағаны жасырын емес. Қала түгілі ауылдағы ағайынның өзі жылқы ұстауды ұмыта бастады. Бүгінде өңірде текті жануарды күтіп-баптап, оның қадір-қасиетін жете білетін халықтың саны азайған. Мұндай салт-дәстүрді сақтауда жаңақорғандықтар өзгелерге өнеге болып келеді. Жалпы Жаңақорғанда жылқыны баптаудан бөлек, ат әбзелдерін даярлайтын ұстахана қалыптасқан. Бейнеті көп іспен айналысатындар санаулы, ал аймақтағы озық шеберханының бірі Нұрқанат Нұрлыбекұлына тиесілі. Нұрқанаттың қолынан шыққан бұйымдар қазір брендке айналған. Тіпті көрші облыстардың нарығына Нұрқанаттың қолтаңбасы шыға бастапты.

Таңды таңға ұластырып еңбектенетін кейіпкеріміз ат әбзелдерін даярлауға кездейсоқ келмеген. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату сынды спорт түрлері Жаңақорғанда жақсы дамығандықтан оларға дайындалатын әбзелдер де болуы шарт. Сұраныс жоғары болғандықтан Нұрқанат шеберхана ашуды мақсат еткен.

– Жылқының жабдығын жасау үшін кейде бір айдан да астам уақыт кетеді. Ер-тұрман, үзеңгі, ноқта, тартпа, тоқым, жүген және өзге де әбзелдерді даярлау қолдан келеді. Тапсырысқа сай жұмыс істеймін. Заман талабын да ұмытпаймыз. Ат-әбзелдері кәсібін қолға алғаныма екі жылдан асты. Осы уақытқа дейін мемлекетке қол жайып, көмек сұраған емеспін. Несібеме орай өз күшіммен келемін. Түсінгенім кәсіпкер болам десеңіз, жан-жақты дайындық керек, – дейді шебер.

Ат әбзелдерінің қыр-сырына зер салған сайын осы кәсіпке деген қызығушылық артады. Мұны жас шебер де мойындады. Ел арасында сапалы ер-тұрманға деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантпай қоймайды. Бізге әбзелдердің бағасынан бұрын қай өңірге экспортталатыны қызық болды.

– Көбіне Алматы, Қарабұлақ және Түркістан өңірлеріне өткіземін. Тапсырыс аз емес, қазір інім және досым үшеуміз істі ілгерілетудеміз. Әлі де тәжірибе толықтыру керек. болады. Бұйырса шеберханамды кеңейтіп, қосымша қызметкерлер алу ойда бар. Егер икемі бар жігіттер болса, бар білгенімді үйретуге де дайынмын, – деді ол.

Бейнеті көп берекелі істің бағасы да қалтаға қонымды болуы тиіс. Мұны Нұрқанаттың өзі әңгімесінде арқау етті.

– Сапасына байланысты, негізінен ер-тұрмандар 60 мың немесе одан да жоғары болады, жүген 15 мың, тартпа 10 мың, осылай кете береді. Әбзелдерді екпе талдан жасаймыз. Бұл ағаш бізде өседі, тек Өзбекстаннан жіп, былғары алдырамыз. Кейде Өскемен қаласына да тапсырыс береміз, көбіне Қарабұлақтан көптеп алуға тырысамын, – деді кәсіпкер.

Күз бен қыста тапсырыс көп екен. Өйткені бұл мезгілде елдің оңтүстігінде көкпар спорты жиі ұйымдастырылады. Бабадан келе жатқан кәсіпке дем беріп, заманға сай икемдеп жатқан Нұрқанаттың қызметіне көптің көңілі толады. Оның үстіне шебер салт-дәстүрді нәсихаттайтын көрмелерден де қалыс қалмайды. Бүгінде оның қолынан 50 түрлі зат шығады. Нұрқанаттың байыпты ісін байқап, ұлттық қолөнердің ұмытылмайтынына көз жеткізгендейміз.

Ерасыл ШӘРІБЕК