Қазақ халқының ертеден келе жатқан мәдени мұрасының бірі – халықтың ауыз әдебиеті. Жазу-сызу өнері болмаған ерте кездерден-ақ қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі, шаруашылығы мен кәсібі жайында неше түрлі өлең-жыр айтып, ертегі-әңгіме, мақал-мәтел, аңыздар ойлап шығарған және оларды ауызекі таратқан. Сол бір халықтың ауызша шығарған көркем шығармасын ауыз әдебиеті деп атаймыз. Ауыз әдебиеті үлгілері бүгінгі өмірімізден ойып орын алатын салт-дәстүрлеріміз, діни наным-сенімдеріміз.
Қазіргі кезеңде зерттеуші-ғалымдар «ауыз әдебиеті» сөзін, «уыз әдебиеті» деп өзгерту керек деп есептейді. Бір жағынан алып қарасақ, бала дүние есігін ашқан сәттен «әлдиден», барлық салт-дәстүр, жөн-жоралығы жасалынады, егер дұрыс жасалынбаса, бала аурушаң немесе өспей қалса, «уызына» жарымаған деп айтып жатады. Қазақтарда «уыз» ембеген жетім қозының жетілуі екіталай. Тіпті тірі қалған күнде басқа қозылармен салыстырғанда, шөкімдей болып, өспей қалады. Адам баласы да сондай болғанымыз ғой. Біз ананың екі-үш күндік уызын бойымызға сіңіреміз. Бабаларымыздың уызға аса қатты мән бергенінің себебі осы. Мейіріммен берілген сүт баланың бойына дәрумен болып, «ана әлдиі» құлаққа жағымды естіліп, бала қуаттана өсуі шарт. Балаға ана уызымен қатар ұлттық дүниеміздің, әлдиіміздің де қатар берілуі жақсы бір үйлесім табатындай.
Жалпы уыз туралы не білеміз? Уыз — жаңа төлдеген малдың ең маңызды сүті. Бабаларымыз алғашқы 3-5 тәуліктегі осы сүтті пайдаланып, уыз тағамын дайындаған. Сары уызды енді ғана төлдеген малды бірінші рет сауғанда алады. Ал бір тәулік өткен соң сүттің маңыздылығы кеміп, ақ уыз пайда болады.Уыздың нәрлілік қасиеті кәдімгі сүтті екі орап алады. Уыз құрамында антиоксиданттар өте көп. Сондықтан ол бала ағзасының қорғаныш қасиеттерін арттырып, ас қорыту жүйесін ретке келтіреді. Анасының уызын тойып емген төл мықты болып өсіп, тез ширайды.
Ауыз әдебиеті қанша жыл, ғасырлар өтсе де ол шыр етіп дүние есігін ашқан бала үшін уыз іспетті.Сондықтан болар уыз әдебиеті деп өзгерту туралы ойлардың пайда болғаны. Әрине, бұл құптарлық іс . Дегенмен, «ауыз әдебиеті» десек те, «уыз әдебиеті» десек те, мол мұрамызды жоғалтып алмасақ екен. Себебі дүние есігін ашқаннан жер қойнауына кеткенше жырланатын жыры бар, тәрбиенің тау құралы ертегі, аңыз, мақал-мәтелі бар, ой өрісті кеңейтетін жұмбақ, жаңылтпашы бар, біз – рухани бай елміз. Бізге қалған іс сол байлықты іздеп табу, оқу, болашақта өз өмірімізге тиісінше қолданып, «ауыз әдебиеті» үлгілерін жоғалтпау. Бізге ауыз әдебиеті үлгілерін барынша дамытып, еліміздің ертеңі болатын жастарымыздың рухани тұрғыда кем болмай, ана әлдиімен, уызын еміп, салт-дәстүрі мен діни-нанымдарын меңгеруін қадағалау керек. Ол үшін ауыз әдебиеті үлгілерін әрі қарай жандандырып тарата беру қажет. Сонда ғана ауыз әдебиетіміз мәңгілік болмақ.
Балауса Алдабергенова,
№107 орта мектептің 11-сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!