Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 1 маусымнан бастап жаңа режимге көшуіне орай «Ымырттағы оқулар» атты поэзия кеші ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты отырысында кітапханаларды заман талабына сай жаңғырту, жастарды кітап оқуға баулу, тәулік бойына жұмыс жасайтын кітапханалар ашу жөнінде бастама көтерген болатын. Президент көтерген мәселені іске асыру мақсатында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми кітапханасының жұмыс уақыты 1 маусымнан бастап сағат 09:00-ден түнгі 00:00 – ге дейін ұзартылды.
Поэзия кешіне Қазақстанның құрметті журналисі, ардагер Қайырбек Мырзахметұлы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Қатира Жәленова, жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатыров, қоғам және мемлекет қайраткері Сайлаубай Әбішев қатысты. Сондай-ақ қадірлі қонақтар қатарында Сырдың сырлы ақыны әрі сазгер Ділдәхан Торғаева, Халықаралық «Алаш»әдеби сыйлығының иегері, ақын, Қазақстан жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, Қазақстанның құрметті ақыны, Жазушылар және журналистер одағының мүшесі Несібелі Рахмет, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Искакова, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын, «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ғазиза Әбілда жылы лебіздерін білдіріп, өз шығармашылығынан өлең оқыды.
Кітап – қандай заманда болсын алтынмен парапар қазына. Технология қарыштай бергенімен, кітаптың берер өнегесін алмастыра алмасы анық. Сондықтан кітапқа деген қызығушылықты арттыру бүгінгі жас ұрпақтың міндеті.
Маржан ӘУЕЗХАНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!