Сан ғасырдан бері қаймағы бұзылмаған қазақтың бала тәрбиесінен қазір қандай олқылық кетті? Кім қай жерде қателесті? Бүгінгінің балалары неге қылмысқа бейім?

Дәл осы сұраққа келгенде шегі жоқ жауаптар айтарымыз анық. Оның бірі, қазіргі мүмкіндігі мол ғаламтор, екіншісі, бала тәрбиесімен айналысатын ата-ананы шырмаған күйбең тіршілік тағысын тағы бар. Иә, сұрақ біреу, жауап көп. Осы сұрақтың жауабын тауып, кем-кетіктің орнын толтыру үшін қаншама білім беру орындары, тіпті арнайы мамандар да түрлі бағытта жұмыстар атқарып жатыр. Нәтиже жоқ емес бар, десе де тыйылар емес. Неге? Тағы да шегі жоқ жауаптар.

Кейде ойлаймын, біз осы баспасөз құралдарында болсын, мүмкіндігі мол интернет желісіндегі әлеуметтік парақшаларда болсын, кез келген әсіресе жан-түршігерлік оқиғаларды жарыса жазып, ел арасында шектен тыс гуілдетпейміз бе деп. Біреуді қаралауға немесе біреудің жағымсыз жаңалығын айтуға келгенде алдымызға жан салмай, бірімізден біріміз қалмай, жазып жатамыз кеп, жазып жатамыз.

Уатсап желісінің жылдамдығы сұмдық! Ұялы телефонымызға келді ме бітті, бірінші ұялы телефонымыз тіркелген топтарға, одан әрі жекелеген адамдарға оқиғаның қаншалықты рас, өтірігіне мән бермей таратамыз. Жамандыққа жәрдемші болып, ұялы телефонымызға келген видеоларды немесе ақпараттарды таратып, артынан соның салдарынан тағы да бір жазықсыз жандардың қателік жасауына, зардап шегуіне себепкер болып жатқанымызды байқамаймыз да. Негізінен біреудің кемшілігін көріп, оны тарату үлкен күнә. Жамандығын айтып жар салғанша жақсылығын айтып, жақсылықты насихаттап, жақсылықтың өркендеуіне үлес қоссақ, сауапты іс болары анық. Осы шектен тыс жазғыштық та, таратушылық та балаларымыздың психологиясына кері әсер беріп, түрлі қылмыс жасауына өзіндік бір салдарын тигізбей ме? Сіз қалай ойлайсыз? Ел  ішіндегі жаңалықтардан жалпы жұртты хабардар ету керек шығар, десе де оның бір өлшемі болу керек секілді. Осы орайда біреудің кемшілігіне, не қателігіне күліп қарап, жамандыққа жәрдемші болғанша, өз бойымыздағы қателіктерімізді түзеп, бала-шағамыздың тәрбиесіне көбірек мән берейік.

Анар НҰРАЛИЕВА,Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!