Бұрынғы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық) университеттің тарих факультетін тәмамдарда (1969 жылы) ғалым ұстазым профессор Әбу Сақтағанұлы Тәкеновтың жетекшілігімен диплом жұмысын жазып қорғадым. Тақырыбы: Қазақстанның шетелдермен интернационалдық байланысы (1917-1937 ж.ж.) болғандықтан, Юлиус Фучиктің өмірі мен шығармашылығын зерттеген болатынмын. «Ақмешіт жастары» газетінің 2 қыркүйек күнгі (№35(416)) санында журналистердің халықаралық ынтымақтастық күніне орай жазылған «Журналистер ақпарат үшін жанығады» деген мақалада осы Ю.Фучик жайында аз-кем мәлімет айтылған екен. Соны оқып, күрескер журналист жайында өзім білетін деректермен бөлісуді жөн көріп, осы мақаланы жазып отырмын.

1903 жылы Прага қаласында өмірге келген ол 1943 жылы 8 қыркүйекте неміс басқыншыларының қолы­нан қырық жастағы қыршын кезінде қаза тапты. 1958 жылы мамыр айында Халықаралық журналистік ұйымда­рының  !У конгресінің (Бухарест) шешімімен неміс басқын­шы­ла­рының қолынан түрмеде азапталып өлтіріл­ген чех журналисі, антифашист Юлиус Фучиктің құрметіне 8 қыркүйек журналистердің Халықаралық ынтымақтастық күні болып белгіленді. Содан бері бұл дата әлем елдерінде атап өтіледі.

Ю.Фучик – қарапайым жұмысшы отбасында өмірге ке­ліп, солардың жарқын болашағы үшін өмірінің соңына дейін күрескен қайраткер. Сол кездегі буржуазиялық Чехословакиядағы халыққа жасалынған әділетсіздікке қарсы күрес оны 1921 жылы Коммунистік партия қатарына әкелді. «Творба» журналының, «Руде право», «Руди вечерник», «Гало – Новини» газеттерінің редакторы бола жүріп, аталған баспаларды фашистік режимге, қоғамдағы саяси әлеуметтік әділетсіздікті әшкерелеуге ұтымды пайдаланды. 

Ю.Фучик  жаңа бағытқа бет алған Кеңес үкіметінің жан­ашыры болды. Екі рет (1930,1935 жж.) 20 айдан аса Кеңес Одағында болды. Алғаш рет Фрунзе қаласында 1925 жылы чехтар ұйымдастырған «Интергельпо» өнді­рістік кооперациясының  бес жылдығына 1930 жылы Ком­мунистік «Руде право» газетінің тілшісі әрі жұмыс­шылар делегациясын басқарып келді. Орта Азия рес­публикаларының тарихи, саяси, әлеуметтік даму қар­қы­нымен танысып, Қазақстанда басталған тарихи өзге­рістерге ерекше көңіл бөлді. «Иіссу флаконы» (Флаклон одекалона) атты очеркінде Ембі мұнай кеніштеріндегі құрылыс қарқынына қазақтармен бірге туғандай қуанышын білдірді.  Ал «Қызылордалық комсомол қыз» (Комсомолка из Кызылорды) очеркінде қарапайым қазақ қызының бі­лімге талпынысын үлкен шабытпен суреттейді. Қызыл­ордалық қарындасымыз әкесінің қарсылығына қарамастан Ташкентке кетіп, сауатын ашып білім алады. Кейін екі жыл Москваның Шығыс халықтары институтында оқиды. Москваның бүркіген жауыны мен қара түтіні білімге шөліркеген дала қызының денсаулығын нашарлатып, елге қайтуға мәжбүр болады. Ақтөбеде жаңадан ашылған совхозға (кеңшарға) өз қалауымен келіп, қызмет жасайды. Кейін туған жері Аралға келіп мәдени-ағарту жұмыстарының ұйытқысы болады.  Ю.Фучиктің аталмыш очеркінде Арал теңізінің, Арал қаласының сол кездегі табиғи көріністері тамаша суреттелген.   

Ю.Фучик шығармашылығына ерекше әсер еткені оның Түркісібте болған кезі. Бұл жайлы күнделігінде: «Қу мекен шөлді, құмды даланы, тауды жарып өтетін 1442 ша­қырымға созылған Сібір мен Семейді жалғастырған бұл темір жол әлемдік магистраль!. Осыларды біз бірінші рет көріп тұрмыз. Қуанышымызда шек жоқ» деп жазыпты.

«Правда Востока» (30 июнь, 1930 жыл) газетіне берген сұхбатында Орта Азия республикаларындағы тарихи өзге­ріс­терге әсіресе Қазақстандағы индустриаландыру қарқы­нына ерекше көңіл бөліп, риясыз достық сезімін білдірген. «Руде право» газетінде жарық көрген (25 август 1935 ж.)  «Чехтар Балқашқа келе жатыр» (Чехи едут на Балхаш) атты очеркінде қазақ даласында бой көтеретін мыс өндіретін үлкен зауытты салатын «Прибалхашстройға» көмекке чек мамандарының   келгенінен хабардар етеді.

Иә, Юлиус Фучик – ұлтына қарамай халыққа жасалы­натын игі істердің жанашыры, тек рухани емес, тән қиын­дықтарын да көрген, оларды көтере білген, дегенінен қайтпайтын қайсар тұлға. Қазақстанда, басқа Орта Азия республикаларында болып, алған әсерлерін,  репор­таж­дарын «Сүйікті елде» (В стране любимой), «Біздің ертеңіміз бүгін болған елде» (В стране, где наша завтра стало вчерашним днем) атты кітаптарына топтастырылған.

Антифашистік күрескерлігінен қайтпаған қайсар Фучик­тің әлемге атын паш еткен, көптеген ұлттар тіліне аударылған «Дар тұзағындағы репортаж» (Репортаж с петлей на шее) атты еңбегі. Аталмыш шығарманың біз­ге жетуіне себеп болған – оның жұбайы Густа Фучикова. 1945 жылдың мамыр айындағы гитлерлік Германияның жеңілісінен кейін, Густа түрмеден шығысымен жұбайы жайлы мәліметтер іздестіре бастайды. Нәтижесінде Ю.Фучиктің 25 августе 1943 жылы өлім жазасына кесі­ліп, екі аптадан кейін 8 қыркүйекте үкімнің Берлинде орын­далғанын біледі. Гестапоның Панкраце түрмесінде отырып, күнделік ретінде жазған еңбегінің мүмкін болуына түрме надзерателі А.Колинский көмектесіпті. Әр жерге тығылған, әр кімнің қолындағы парақтарды жинастырып, реттеп Ю.Фучиктің соңғы кітабін 1945 жылы қыркүйек айында оқырмандарына ұсынады. Сөйтіп өзі мәңгілікке сүйіп  өткен күйеуінің алдындағы адал махаббатын, оның саяси көзқарасының белсенді   қолдаушысы болғанын дәлелдейді.

Күнделік ретінде жазылып, тек өзі емес түрмеде отырған фашизмге қарсы азаматтардың басынан өткен киын­шы­лықтарын, түрме қызметкерлерінің айуандық әре­кет­терін бұлтартас фактілермен әшкерелейді. Әйелі Густаға жазған соңғы хаттарының бірінде: «Ешқашан ұмытпа, саған осы хатты жеткізетін адам маған өмір сыйлады. Менің одан алып отырған қағаз бен қаламым өзіңе деген алғашқы махаббатымдай толғандырады» деп жазыпты. Атын айтпаса да түрме надзерателі А.Колинскиді мегзеп отырғаны түсінікті. Аталмыш еңбекті тебіреніп, түрме қызметкерлерінің айуандық әрекеттеріне тісіңді қайрап отырып оқитынына кәміл сенемін. Құрметті оқырмандар, Ю.Фучиктің соңғы еңбегін оқып шығуды ұмытпассыздар. (орысша нұсқасы. Ю.Фучик. Избранное.Кн.1-М: Политиздат,1983. 305-409 беттер).

Студент кезімізде Ю.Фучиктің жерлесі, чех, одан бұ­рын Қырғызстанға келген, кейін Алматыда тұрған Р.Маре­чекпен кездесу жасадық. Ол бізге досының Орта Азия халқына жасаған ерен еңбектерін тізбектеп айтып, Қырғызстанда оның есіміне көшелер мен гүлзар бақтар берілгенін, Қырғыз жастарының ұсынысы мен Теріс­ке-Алатоо жотасынан 4010 метр биіктіктегі шыңға Юлиус Фучик есімі беріліп, «Люди, я любил Вас! Будьте бдительны» деген сөзімен вымпел қойылғанын айтты. Бұл Ю.Фучиктің соңғы еңбегінің соңғы сөзі болатын. Қырғыз жастары жыл сайын оның қайтыс болған күнін еске алу үшін осы шыңның басына альпинистік экспедиция жасайтынын айтты. Студенттерге 1958 жылы Гусина Фучикованың Пржевальскіге келгенін жеткізді. Бұларды айтып отырғаным, қаны бөлек болса да, жан жүрегі қазақ­тармен бір болған чех бауырымыз Юлиус Фучикті мәңгі есте қалдыру үшін біз не жасадық? Жастарымыз бен журналистеріміз осы ұсынысымызға не айтар екен деген сауалмен ойымды аяқтаймын.  

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор