Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

Тағдыр қылды дегенді

Шығарамын сөзімнен.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың осы бір шумақтарынан адам баласын игі істерге бастайтын ізгі жүректің қалауы – жақсылық екенін ұғынамыз. Бұл – адамгершілікті, имандылықты сипаттайтын ұғым. Жақсылық жасау едәуір қиын емес, дегенмен бізге әкелер сауабы мол, еш дүниемен өлшенбейді. Қолыңнан қандай игі іс келсе, соны қылу керек. Ол үшін алпауыт күштің, таудай білімнің керегі шамалы. Әуелі ниет қажет. Алла адамды жаратып, пенденің ой санасы мен сезімі қалыптасқаннан бері жақсылық қатар келеді. Ол дүние дінге, ұлтқа, байлыққа қарамайды. Ақ пен қара секілді, жақсылықпен қоса жамандық та бар. Алайда жақсы қылсаң да, жаман қылсаң да өзіңе кері айналып келері хақ.

Жақсылық міндетті түрде жалғасын табады. Сенің бір жанға қуаныш сыйлағаның, одан кейінгі адамдардыңда жақсылыққа ұмтылуына себепші. Өзгеге жақсылық жасасаң, өзің де себепсіз бақытқа бөленетінің жалған емес. Анадан алған мейірім, әкеден алған тәлім-тәрбиемен әр ұрпақ жақсылықты ұмыт қалдырмасы анық. Зейнеп Ахметова «Шуақты күндер» кітабында қазақтың қаһарман ұлы, батыр Бауыржан Момышұлы жасаған жақсылықтың өлшеусіздігін байқауға болады. Өзінен гөрі өзгенің қуанышын артық көретін батыр жақсылықтың талай көрінісін бізге үлгі етті. Жақсылық – кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі.

Ибн Аббас (р.а) былай деді: «Жақсылық тек қана мына үш нәрсемен толық болады. Ол – жақсылықты жасауға асығу, жасаған жақсылығын көп деп емес, аз деп білу, жақсылықты жасырын жасау». Шынында, жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды, өйткені аз ғана жақсылық ешбір жақсылық жасамағаннан қайырлы.

Айниза ТАҢАТАР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!