Қарақат Ғани 2009 жылы 4 маусымда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов ауылында дүниеге келген. Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сыныбында оқиды. Жас ақын ретінде шығармашылыққа бейім, поэзия саласында өзіндік көзқарасы мен танымы қалыптасып келе жатқан оқушы. Оның өлеңдерінен туған жерге деген перзенттік парыз, Отанға деген махаббат сезіледі. Сонымен қатар, табиғатпен жаны сырласып, үндесе кететін Қарақаттың әлемі осы әсемдікпен үйлесім тапқандай. Жас таланттың бірқатар өлеңін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Редакциядан

ЖАЛАҒАШЫМА

Ордасызға орда болған киелім,
Тамырыма тартқан тастай сүйегім.
Пір тұтайын қасиетіңді қастерлеп,
Тағдырыма тәңір жазған сый едің.
Көк байрағым көк аспанмен тілдесіп,
Желбірейтін еркіндікпен үндесіп.
Топырағың толғандырған талайды,
Аман болсын әлдилеген бұл бесік.
Теңестірме өзге жұртпен, қымбаттым,
Тарихыңды тасқа қашап, жырлаттым.
Топырағыңнан қуат алып, бой түзеп,
Жырларыммен туған жерге үн қаттым.
Жас жүректі жалындатқан – Жалағаш,
Жалағашты жырламасам, жарамас,
Құшағыңда ұрпақ өскен ұлықты,
Бір өзіңді құрметтейді әр Алаш.
Жалағашым, ақын туған жыр мекен.
Жыр жазам да, болашақты нұрлы етем,

Мен бойымды түзеп келем өзіңде,
Мен өзіңді өміріме үлгі етем

ӨТКЕНГЕ САҒЫНЫШ
Тыншымай жүр мына кеуде біраз күн,
Тыныштығын бермей жүрген жыр азғын!
Жанарымда жанартау боп атқылап,
Күрсінгені жиылып тұр біраздың.
Кеудем толы алау кешкен шақтарға,
Сана тұнған сансыз сыр мен ақпарға.
Сынбайтұғын семсері бар тағдырдың,
Тірек болам тайғанақтап жатқанға.
Көктем күліп шық боп қонса маңдайға,
Құйындатып қайғы тағы арбай ма?
Жүрегімде тұнған ғаріп сағыныш,
Қарамай ма қалшаңдаған жағдайға?
Жалаң аяқ жүгіргенім құм кешіп,
Жанарымда жасын ойнап, күн кешіп.
Жалын жұтып, жан даусыммен шақырам,
Жауап берді жаңғырықтар үн қосып

Сырғымалы уақытыңа тақ кінә,
Сағым сынды сөнер ме екен шақ мына?
Ғасыр кетті арқаланып жайына,
Ғайып болды ұяң қызың аққұба.
Сағынышым сарқылмайтын өткенге,
Бүгініме жоқ алайда өкпем де.
Жасырайын сол сезімді ел-жұрттан,
Сағынбайтын бірақ, сірә, жоқ пенде.

АҚЫНДЫҚ ОЛ
Ақындық ол – атақ емес, мадақ емес білгенге,
Алты қаттың астын ғана панасы қып жүргенге.
Асыл сөзді пірдей санап, бұғып өмір сүргенге,
Ақындық тек мұңайтады, мұң артады бір демде.
Ақындық ол – жамау болған жалғыздықтың нышаны,
Ақын әні мұңлы орман ішіндегі құс әні.
Екі әріптің басын қоспас мәңгүрттердің тұзағы,
Осы нәрсе, тазалықты ақындағы бұзады.

ЖЫРЛАП ӨТЕРМІН ӘЛЕМДІ МЫНАУ, СӨЗ БЕРЕМ
Тағы да келдім, қағаз бен қалам қолымда,
Арманға ердім, қиял мен шабыт жолында.
Жазғым-ақ келді-ау жаныммен тағы бір өлең,
Жазылмай қалып ұмытылмас үшін сағымда.
Кім жайлы жазам, білмеймін әлі бірақ та,
Жақындарымның барлығы қазір жырақта.
Сағынышымды босатып ойдан қараңғы,
Айналдырсам ба, көзімді жанар шыраққа?
Ақындар көбі баулардан алшақ кетпейтін,
Алатын шабыт, таулардан көзің жетпейтін.
Таңданам кейде өзімнің ақындығыма,
Табиғатты да, тауды да қажет етпейтін.

Өзімде шабыт, іздемегенмін өзгеден,
Жеткізу оңай, өмірді өлең, сөзбенен.
Қағаз бен қалам берсеңдер болды маған тек,
Жырлап өтермін әлемді мынау, сөз берем!


КӨКТЕМ
Өмір жаңа туғандай балғын нұрдан,
Күн таратып жылуын төседі кең.
Бүгін аспан көгілдір алдыңғыдан,
Бүгін аспан көңілді кешегіден.
Өн бойыма өзендей жыр ағып өт,
Сұп-суық айналмайын қара мұзға.
Көркем болғым келеді, қылауы жоқ,
Қамқор болғым келеді панасызға…


ЖЕЛ АЙДАП КЕТТІ ЖАПЫРАҚТАРДЫ…
Айналғандай ма айнала күзге,
Түсі де сұрғылт, көңіл – сыз.
Қар жауғанына қуандық біз де,
Алайда аспан көңілсіз.
Қондырған тегіс өкпелерін де,
Тоңдырған жиі жас талды.
Қатігездіктің жоқ керегі де,
Жылатып қойған аспанды.
Жел айдап кетті жапырақтарды,
Жансыз билейді көшеде.
Амалсыздан жүр атырып таңды,
Қатігездігіміз – мәселе.

Қарақат ҒАНИ,
Ә.Оңалбаев атындағы №117 мектептің 11 сынып оқушысы,
Жалағаш ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!