«Жауынгерлік тәрбие – әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деп Бауыржан Момышұлы айтпақшы, ұлтқа қызмет ету ес білгеннен кейін емес, бесікте тербелгеннен бойға сіңетін қасиеттен дариды. Жұмыр етті жүректе туған жерді аялау сезімі болғанда Отанға қастандық та, сатқындық та жасалмасы хақ. Ел қорғау – ер-азаматтардың еш есепсіз көтеретін жүгі һәм борышы. Кезінде жау жағадан алып, бөрі етектен тартқанда да қара басының қамын күйттемей, Отан үшін отқа түсіп, кеудесін оққа тосқан азаматтар аз болмады. Майданда қасық қаны қалғанша күресіп, жауды ойсырата жеңуде кейін шегінбеді.

Биыл Ұлы отан соғысы­ның аяқталға­нына 78 жыл толды. Сол кезең тарихтан өшіп, естен кетпейтіні анық. Себебі Отан үшін от кешкен өр мінезділердің сыйлаған тыныштығы мен бейбіт күні теңдессіз байлық. Сұрапыл соғыс талай тағдырды талқандап, қанша өмірді жалмап кетті. Қабырғаны қайыстырған қаралы хабар жеткенде бірі баласы, бірі жолдасы, енді бірі бауыры үшін қайғыдан қан жұтып құсаланды. Жеңіс жолында құрбан болған жауынгерлердің сүйегі әлі де табылып жатыр. Алаңда алдыңғы шепте тұрып, ел қорғауда қашқақтамаған қазақ сарбаздарының сүйегі туған жеріне жеткізілуде. Ресейдің «Опоро» іздеу тобы «Майдан жолы» Павлодар іздестіру-зерттеу жасағының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде Отан қорғау жолында қаза тапқан Емберген Айсановтың сүйегі табылып, Қаратерең ауылдық округіне әкелініп, қайта жерленген болатын.
Бұдан бөлек Беларусь жерінен 11 жауынгердің сүйегі табылғаны ел есінде. Әр жырада, әр жерде, тіпті, шұңқырдан табылған сүйектер жайында хабар естігенде кім-кімнің болма­сын ет жүрегі езілетіні сөзсіз. Қан майдандағы қырқыстан қаза тауып, яки жоғалып кеткенінен бейхабар болған жақындары үшін сүйегінің елге әкелініп, туған жерінің топырағы бұйырғаны да бақыт. Зұлмат заманның зобалаңына тап келіп, запыранын ішсе де ел тыныштығы үшін тәуекел еткен жауынгерлердің сүйегін сол күйі жат жерде қалдырмай, елде жерленуіне атсалысу құптарлық іс. Ұрпаққа ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен ерлердің есімі ұмытылмақ емес.
«Біз кәрлі кезеңнің, соғысты заманның жандарымыз. Біз соғыста туғанбыз, соғыста өлеміз де. Күресте тудық, сол күреспен өлеміз. Осының бәрі сендер үшін, кейінгі ұрпақ!» деп жазған еді Б.Бұлқышев өз шығармасында. Жастық дәуренін ұрпақ бақытының жолында құрбан еткен, ел қорғауды азаматтық борышы деп білген батырлар өз парызын адал өтеді. Табаны тасқа тілінсе де, жарақатына жеңіл қарап, өмір мен өлімнің ортасында жүрсе де басын бәйгеге тіге білу – мықты жауынгер һәм хас батырға тән қасиет. Демек жеңіс күні – жанқияр ерліктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Елін сүйген ерлер есімін жадыда жаңғыртатын мерейлі мереке. Сондықтан шабуылды шайқаста қайсарлық танытқан қайраттылардың рухына тағзым ету – ұрпақтың міндеті.


Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!