Тасбөгет кентінде жүз жыл сақталған бесік бар деген жаңалық бізге де жеткеннен кейін, құнды жәдігерді көруге асықтық. Үй иесі Ахметжан Аманов бізге ата-бабасынан қалған, осы уақытқа дейін қаншама сәби тербелген бесікті көрсетті. Ұсыныс болса, мұражайға тапсыратынын да жасырмады.
– Әжем ырымдап, бұл бесікті тығып қойып жүрді. Бастапқыда көрші-көлем сұрап алып кететін. Сосын сәби сүйе алмаған отбасылар келіп, ырымдап жүретін. Әкемнің өзі 1925 жылы дүниеге келген. Байқасам, бесікті әулетімізден төрт ұрпақ пайдаланған. Қазақта бесік әкелу ырымы бар ғой, келіннің төркіні, яғни ата-анасы бесік алып келеді. “Атасының бесігіне жатады” деп жоғарыдан түсіріп, бір жұмадан кейін қайта орап, алып қоямыз. Артынан ерер ұрпақ көп болсын дейміз. Шүкір, Алла берерін тоқтатқан емес. Еш жері сынбасын, бүлінбесін деп сақтап келеміз. Аты-жөнімізді жазып, музейге тапсыруға қарсылығымыз жоқ. Ел көрсін, қарасын, бесіктің құндылығын білсін, – дейді Ахметжан Аманов.
Қазақ үшін бесіктен киелі, бесіктен құнды нәрсе жоқ. Бесіктің біз үшін қасиеті ерекше. Тіпті бесікті ашық қалдырмай, қастерлеп жүретініміз де содан. Ата-бабамыз ас қайырғанда айтатын “бесігің тарылмасын, бесігің тербелсін” деген сөздің де өзіндік мағынасы бар.
– Бұл бесік ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келе жатыр. Аталарымыз келіндері бала көтере алмаған соң арнайы жасаған екен. Осы бесіктен соң ұрпақтары кеңейіп, егізден босанып, бізге жетті. Жолдасымның әкесінің өзі осы бесікте жатқан екен. Содан бері қарай есептесек, 107 жыл болған. Енем: “Сенің күйеуің жатқан бесік” деп айтып отыратын. Ерекше ықылас танытып, сақтап отырмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, сырлап қойдық. Ұл-қыздарым тербелген бесік қой. Соның арқасы ма, әлде тылсым күш пе, ата-бабамыздың бізге берген батасы болар, өсіп-өніп, ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасымыз десек артық болмайды. Немерелерімізді бағып, бесік тербетіп, әже болған жайымыз бар, – дейді Бибігүл Маратова.
Биыл Ахметжан Аманов пен Бибігүл Маратованың отасқандарына – 32 жыл. Бүгінде 3 ұл, 4 немересі бар. 2017 жылы “Мерейлі отбасы” байқауында “Өнегелі отбасы” номинациясымен марапатталған.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!