ADYRNA. Бүгін – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың дүниеге келген күні. Ақынның туғанына 178 жыл толып отыр.

Жамбыл Жабаев 1846 жылғы ақпан айының 28-і күні Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбыл “Шағым”, “Жылқышы”, “Шәбденге”, “Сәт сайланарда”, “Өстепкеде”, “Патша әмірі тарылды”, “Зілді бұйрық” сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен. Жамбыл өлеңдері әлемнің барлық тілдеріне аударылған және жарияланған. Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты атақты өлеңі ешқашан ұмытылмайды. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге, халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы атанды.

Ол 1945 жылғы маусым айының 22-інде Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!