Құрметті «Ақмешіт жастары» газетінің редакциясы!
20-наурыз қазақтың асыл тұлғаларының бірі Жұмабек
Ташеновтің туған күні. Биыл туғанына 110 жыл толады екен.
Соған орай жазған шағын мақалам мен арнау өлеңімді сіздерге жолдап
отырмын. Егер сіздің газет бетінде жарық көріп жатса, бұл мен үшін
үлкен мәртебе болар еді және өсіп келе жатқан жас ұрпақты өз елін
сүюге, оған адал қызмет етуге тәрбиелік мәні болар еді деп ойлаймын.
20-наурыз қазақтың біртуар азаматы, белгілі қайраткер Ташенов Жұмабектің туған күні. Ел басына күн туған, қиын кездерінде қасынан табылған Жұмабек қазақ жерінің телім-телім болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін жан аямай күрескен. Ата-баба аманатына адалдығымен, жерін жатқа беруге қарсы жан аямай күрескен ерлігімен, өз еліне адал азаматтығымен есте қалған қайсар азамат.
Жұмабек Ахметұлы 1915 жылдың 20 наурызында Ақмола облысы Аршалы ауданының Танакөл ауылында туған. Ақмола құрылыс техникумына 1933 жылы оқуға түсіп, бір жылдан кейін оқуын тастап, қоғамдық жұмысқа кірісті. Бұл оқу орнын ол 1955 жылы бітірген.
Қызмет жолын аудандық комитеттің хатшылығынан бастаған. Ол кезде Жұмабек Ташенов 19 жаста болатын. 25 жасында облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне келді. 29 жасында облыстық партия комитеті басшысының орынбасары, 37 жасында Ақтөбе облысы партия комитетінің бірініші хатшысы болып сайланды.
1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы қызметін, 1960 – 1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
«…60-шы жылдардың бас кезінде КОКП генсек Никита Хрущев Қазақстанның бес облысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кірген Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы өлкені тікелей Ресейге бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылғанкезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. Бағымызға қарай, осы Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсынысына, өжет басшы – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Ташенев батыл қарсы шықты. Нақтылап айтсақ, Н.Хрущев Қазақстан Компартиясы ОК-нің бюро мүшелерін түгел Мәскеуге шақырып, Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты Ресейге қосу туралы мәселені талқыға салғанда Ж.Тәшенов тұрып: «Я родом из Акмолинска. Двенадцать лет работал в Северо-Казахстанской области. Мои родители и их родители, да и все наши предки покоятся на этой земле. И вы теперь хотите эту землю передать России? Вдумайтесь, товарищи, какой казах с этим согласится?.. Я, например, категорически против постановки данного вопроса!..» – деп тойтарыс берген. Осы бір ауыз тарихи сөз Қазақстанның солтүстік аудандарын Ресей құрамына өтіп кетуден сақтап қалғаны айна-қатесіз ақиқат.
Жұмабек атамыз өзінің саясаткерлігі мен шешендігі, салауаттылығы мен салмағы арқылы қазақ жерінің тұтастығы үшін күресті. Мансап пен пенделік нәпсіге құл болудан ада болды, жалтақтаған жағымпаз тұлғалардың алдында өзінің ар-намысының биіктігі мен ата-баба аманатына адалдығын көрсетті. Жерге қорған, елге тұтқа болды.
«Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында» деген Жұмабек Тәшенов осылайша Қазақстан жерінің тұтастығын сақтап қалды.
«Егер ол мансапқұмар болса, бәріне бас изеп, үнсіз келісе берер еді ғой. Жоғары қызметінде қала берер еді. Жоқ, ол ондай болған жоқ. Әрине, оны қызметінен алған кезде жұмысына жоғары жақтың көңілі толмайды деген бұйрығымен босатқан. Сөйтіп Шымкентке жіберіледі. Сөйтіп әкем өмірінің соңына дейін сонда тұрды. Халық құрметтейтін, бағалайтын. 60-қа келген кезде зейнетке шығарды. Ол кезде де біраз жұмыс атқаратын күш-қуаты бар еді. Ол қарап отыра алмайтын. Зейнетке шыққан соң зерттеу институтында жұмыс істеді» – дейді ұлы Саян Тәшенов өз естелігінде.
Қазақтың маңдайына біткен осындай алып тұлға 1986 жылдың 18 қарашасында 71 жасына қараған шағында дүниеден өтті.
Тұтас ұлтты уысында ұстамақ болған Кеңес империясының басшысына қарсы тұрып, дәлелді уәжі арқылы тойтарыс бере білген Жұмабек Тәшенов ерлігі бүгінгі ұрпақтың санасына – рухани азық.
Дара тұлға
(Жұмабек Ташеновтың рухына арнау)
Кеңестер заманы еді кешегі өткен,
Қазағыма қаһарлы кәрін төккен.
Елім менен жерімді қорғаймын деп,
Аз болған жоқ ерлерім азап шеккен.
Ташенов Жұмабек еді соның бірі,
Өзінің елін сүйген асыл перзенті.
Ол үшін қасиетті болған туған жері,
Тұтастығы жері мен ел бірлігі.
Тың игеру деген шықты бір дүрбелең,
Таразыға түсті ел тағдыры, жер менен.
Сол жылдарда қарсы болып,
Тәшенов «Тың өлкесін» Ресейге бермеген.
Құрып алып Тың аймағы дегенді,
Құрамына бес облыстың жері енді.
Орталығын Целиноград деп атап,
Аламыз деп салып қойды «көгенді».
Солтүстігін қосып алмақ түгелдей,
«Тың өлкесі» – біздікі ендідегендей.
Кең жерімді бөлшектеуді көксеген,
Кремльдің мақсаты еді бұл көздеген.
Тың даламның төсін жыртқан түрендей,
Сұмдық ойлы, жауыз тиран Хрущев.
Көпіргенде түкірігі шашырап,
Жан-жағына у-ға айналып түскендей.
Қалмас үшін ертеңгі күн опынып,
Қажет еді жүрек жұтқан батылдық.
Тәуекел деп белді бекем буынып,
Бұл қаулығақарсы шықты Жұмабек.
Жауға атылған Көк Бөрідей ұмтылып,
Ресейдің кең деуші едік құшағын.
Кім ойлаған, қысқыштай боп қысарын,
Арам ниет, анық қылмыс емес пе?
Талапайлап бөлшектеп ап жерімді,
Өшірем десе қазағымның ошағын!
Айтып салды Хрущевқа тайсалмай,
Өз пікірін мінберден үлкен қысылмай.
Әшкере ғып арам ойлы пиғылын,
Асыртпады жүзеге бұл жоспарын.
Жария қылды бүкіл әлем алдында,
Тіке айтып пысын басты дұшпанның!
Кремль еді бұндайды бұрын көрмеген,
Хрущевке қарсы шыққанды кім көрген?!
Қорқытса да, азғырса да тайсалмай,
Қаулыға ол қол қоюға көнбеген.
Құптамаған Хрущевтің ұранын,
Асыл тұлға кешті өмірдің сынағын.
Үкіметтің басшысы еді, қуғындалып,
Шымкентке ауыстырды тұрағын.
Қарсы тұрып кеңестік сұм сойылға,
Өз басы емес,
Ел тұрды оның ойында.
Мәңгілікке жаны оның жай тауып,
Ұйықтап жатыр Сырдария бойында.
Тарлан тарих ашса ақиқат есігін,
Сағыныпты асыл ұлы Есілін.
Ескерткіші бой көтеріп еңселі,
Астананың көшесі алды есімін.
Көрмесе де тәуелсіздік жеңгенді,
Ерлігін еш ұмытпайды елі енді.
Туған елдің қай жерінде жатса да,
Барша қазақ жүрегінде жерленді.
Дақ түсірмей адал ар-намысына,
Дем біткенше қызмет қылды халқына.
Ерліктері аңыз болып айтылар,
Қайталанбас болмысы кең нар тұлға!
Ералы ЕСІМОВ, зейнеткер, Астана
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!