Ойлаңызшы, біз көбіне көз жүгіртпейтін терезе алдындағы ұсақ шаң жеңіл болған соң жақтауда жата ма, әлде шарасыз болған соң ба? Күніне жүз мәрте сүртсең де, қайта пайда болатын бұл құбылыс неге өзге?
Кейде күңіреніп, көпке көз тастамай, мазасыз күй кешкен кездерімде өзімді сол жақтауда жатқан шаң сезінемін. Мен күн сайын күйбең тіршілікті индивид болғаннан соң сүріп жатырмын ба, әлде сол шаңдай шарасыз болған соң ба?
Қалай болса да мендегі бұл құбылыс осы уыс шаңның тірлігіндей өзгерек құбылыс болғаны да… Бірақ адам дәл осы елеусіз тозаң сияқты іс-түссіз құрып кету үшін дүниеге келмейді. Адам басқа адамдардың жүрегінде із қалдыру үшін келеді. Өмірі мінсіз ешкім жоқ. Бәріміз қамқорлыққа, мейірімге мұқтажбыз. Алайда бір-бірінен кемшілік іздеген мына заманда бұл екеуін кездестіру қиын. Кейбір адамдар жақсының сүрінгенін күтіп, қуанып, елге жариялауға дайын тұрады. Ол – надандықтың, әлсіздіктің белгісі. Өзін дамытып, әрекет жасаудың орнына басқа адамдардың құлағанын сынап, төмендету арқылы өзін жоғарылатқанды жақсы көреді.
Айналаға көз салсақ, жаныңдағы адамның қай-қайсысының болмасын, әйтеуір біреуге өкпесі бар. Сонда бірі еркелетпейтін күйеуіне, күйеуі болса қолдау білдірмейтін әйеліне ренжиді. Енесі «сіздікі дұрыс десе, көңілім жылып қалар еді-ау» деп келініне, ал келіні болса «бір мақтап қойса болады ғой, жоқ, үнемі жазғыру» деп енесіне өкпелі. Расында ана баласынан, баласы анасынан, жұмысшы бастығынан, жұптар сүйіктісінен жылы сөз күтеді. Тек бір қызығы бәрі бір-бірінен күтеді. Ешкім өзі бастап айтқысы келмейді. Бірақ бәрі жылы сөзге жібіп сала беруге даяр.
Шынында адамға жылы сөз айтып, жылы қабақ таныту неге қиын? Мұңын шаққан әрбір жан ақшаға немесе басқа нәрсеге емес, тек жылулыққа зәру. Бәріне жай ғана айтқаның үшін ақы сұрамайтын құр сөз керек. Кәдімгі бір ауыз сөз. Титімдей ғана жылы сөз.
Сөздің құдіретін бәріміз білеміз, түсінеміз. Бірақ соны қолдануға келгенде тым шорқақпыз. Қазақ әдебиетіндегі орны бөлек ақын Тұманбай Молдағалиев «Адамға ең керегі бір ауыз жылы сөз ғой. «Аманбысыз, қалыңыз жақсы ма? Жақсы жүріп жатырсыз ба? Ұзақ өмір сүріңіз» деген сөзді адам аз айтқаннан кейін өмір қысқа ма деймін. Егер көңіл-күйі болмай отырғанда сондай сөзді өзінің жақыны, жақсы көретін кісілерінен естісе, адамның өмірі ұзара береді. Адамдар аштыққа да көнеді, бірақ мына сөз арқылы бірін-бірі емдеп, бірін-бірі жетелесе ұзағырақ өмір сүреді. Менің ұққаным тіршіліктегі нәрсенің бәрі көңіл, жылы сөз. Адамға көңіл, жылы сөз жетпейді» деген екен. Бүгінгінің дерті де осы. Не істемек керек?
Өмір жақсылықпен, жақсы адамдармен ғана сәулелі. Айналаңызға жақсылықпен, ізгілік шашып жүрсеңіз жан дүниеңіз де, өміріңіз де берекелі болады. Өмірдің мәні-өмір сүруде. Әрбір мұңайған жанарды шынайы шаттық алмастырып, әрбір сөнген жүрек нұрмен нұрланып, әрбір өңсіз түске бояу бітсін. Жылы сөз айт!

Мерей СЕКСЕНБАЙ,
Қорқы­т ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!