Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметкерлер жолды күтіп ұстайтын мердігер мекемелердің жұмысын тиісті деңгейде қадағаламаған. Нәтижесінде өңірдегі 20 әкім әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті және республикалық маңызы бар жолдарда көптеген кемшіліктер анықталып отыр. Мәселен, дер кезінде қардан тазартылмай, мұз бетіне инертті материалдар себілмеген. Асфальт та сапасыз, тиісті белгілер де орнатылмаған. Полицейлер облыс ішіндегі 32 мың шақырымға жуық жолды тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою туралы мың жарымнан астам ұйғарым берген. Әкімшілік іс аясында 210 лауазымды тұлғаға 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың ішінде әртүрлі деңгейдегі 20 әкім бар. Сонымен қатар автомобиль жолдары басқармасының басшысы бар, орынбасары бар және лауазымды тұлғалар бар. Олар өз құзырында ұйымдастырып, мердігер мекемелермен бірге осы шұқырларды бітеп, жолдарды күтіп ұстауына жауапты тұлғалар ретінде әкімшілік шараға тартылды», – дейді облыстық Полиция департаментінің бөлім бастығы Еркін Өтеген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!