Фото: ulysmedia.kz

Күні кеше  Гүлбарам Мұсағазина Қостанай облысының әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды деген ақпарат жұртты елең еткізді. Мемқызметтегі, оның ішінде басшылық лауазымдағы әйелдер саусақпен санарлық болса, елеңдемей қайтейік? Тоқаев мемлекеттік аппараттағы әйелдер үлесін арттыру туралы тапсырмасын жыл сайын қайталайтыны белгілі. Алайда облыс әкімдерінің орынбасары лауазымын иемденген әйелдерді түгендеп көрген Ulysmedia.kz тілшісі президент пәрмен еткен межелі көрсеткіштің ауылы әлі алыс екеніне көз жеткізді.

Саяси қызметтегі әйелдер үлесі 10%-ға да жетпейді

Мұндай деректі жыл басында өткен Президенттік жастар кадр резервінің форумында Тоқаевтың өзі айтты.

 «Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн, – деді президент.

Ал ұлттық статистикалық бюро басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 40,8% деп көрсетіпті. Қалаларда бұл көрсеткіш 58,5% болса, ауылдарда тіпті 61,5%-ға жетіп жығылды дейді статбюродағылар.

Тағы бір ресми дереккөз Қазақстан гендерлік теңдік орнаған қоғам қалыптастыруда айтарлықтай жетістікке жетті деп сүйіншілепті. 2022 жылы еліміз «Гендерлік алшақтық индексі» (Global Gender Gap Index) рейтингі бойынша 15 позицияға жоғарылап, 146 елдің арасында 65-ші орын иеленді-міс.

Ал шынайы статистика ресми сандарға қаншалықты жақын? Осы күнге дейін Гүлшара Әбдіқалықовадан басқа әкім әйел көрмеген (оның өзі 2 жыл бұрын орнын босатты) қазақстандықтар ер басшылар мен әйел басшылардың үлесі теңесті дегенге сене қойсын ба? Тым құрығанда облыс әкімдерінің орынбасары қызметін атқарып отырған нәзік жандылардың қатары көбейді ме? Жауап іздедік…

Облыс әкімдерінің орынбасарлары

17 облыс әкімдіктерінің ресми сайттарын әрі парақтап, бері парақтап, әкімнің орынбасары қызметін атқарып отырған үш әйелді ғана көзіміз шалды. Әр аймақ басшысының үш орынбасары (кейбірінде тіпті 4 орынбасардан) барын ескерсек, бұл санаттағы нәзік жандылардың үлесін өзіңіз есептей беріңіз…

Кеше ғана Құмар Ақсақаловтың орынбасары қызметіне тағайындалған Гүлбарам Мұсағазина бұған дейін облысы әкімдігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарған. Жасы 48-де, мамандығы – заңгер. Еңбек жолын 1997 жылы Жітіқара ауданының салық бөлімінде бастап, әр жылдары бухгалтер, қаржылық бақылау инспекторы болып жұмыс істепті. Мұсағазина – тұрмыстағы әйел, үш баласы бар.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова бұл қызметке 2022 жылдың күзінде тағайындалған. Жасы 51-де, негізгі мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кейіннен мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын мұғалім боп бастап, Степногорск, Көкшетау қаласы әкімдіктерінде басшылық қызметтер атқарыпты. Аймақ басшысының орынбасары қызметіне тағайындалғанға дейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымын иеленген.

 Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенованың мамандығы да орыс тілі пәнінің мұғалімі. Еңбек жолын 1987 жылы ас үй жұмысшысы болып бастап, 2003 жылға дейін мектепте, жоғары оқу орындарында ұстаздық еткен. 3-4 жылдай Nur Otan партиясында (қазіргі Amanat) қызмет еткенін есептемегенде, 2004 жылдан бері Маңғыстау облысы әкімдігінде қызмет сатысымен жоғары өрлеген. 2023 жылдың күзінен бері облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Жасы 53-те, отбасылық жағдайы туралы мәлімет жоқ.

Парламенттегі әйелдер

Сенатта 47 депутат болса, оның 10-ы – әйелдер. Ал Мәжілістегі 98 депутаттың небары 18-і (18,3%) – әйел.

Төменгі палатаның бұған дейінгі шақырылымдарының құрамына талдау жасай отырып, Мәжіліске өткен әйелдер үлесінің кемігенін байқауға болады. Мәселен, алтыншы және жетінші шақырылымда әйел депутаттар саны 29 (27%) болатын. 

Тарихқа көз жіберсек, ең алғаш ҚР парламентінің мәжіліс сайлауы 1995 жылы 9 желтоқсанда өтті. Мажоритарлық жүйе негізінде 67 депутат сайланды, олардың 9-ы – әйел адам. 

1999 жылдың күзінде өткен екінші мәжіліс сайлауында сайланған 77 депутаттың 8-і – әйел.

Үшінші сайлау 2004 жылғы қыркүйекте өтті. 77 депутат сайланды: 69 ер адам және 8 әйел.

Төртінші мәжіліс сайлауы Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес 2007 жылғы тамызда өтті. Жаңартылған Конституцияға сәйкес мәжіліс 107 депутаттан құралды. Әйелдердің саны екі еседен астам артты – 17 әйел депутат.

2012 жылғы қаңтардағы бесінші шақырылымда конституциялық нормаларға сәйкес 2008 және 2011 жылдары сайланған, 2007 және 2011 жылдары ҚР президенті тағайындаған сенат депутаттары өкілеттіктерін жалғастырды. Барлығы 107 депутаттың 26-сы әйел болды.

Алтыншы ҚР парламенті мәжілісінің сайлауы 2016 жылғы 20 наурызда өтті. Мәжілістің жаңа құрамында: ер адамдар – 78 (73%), әйелдер саны – 29 (27%).

Жетінші мәжіліс сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтті. Мәжілістің жаңа құрамында: ер адамдар – 78 (73%), әйелдер саны – 29 (27%).

2023 жылғы 19 наурызда өткен сегізінші мәжіліс сайлауының қорытындысы бойынша төменгі палата құрамына бұрынғыдай 107 емес, 98 депутат енді. Оның 69-ы партиялық тізім, қалған 29-ы бір мандатты округтерден сайланады. Ішінде – 18 әйел, 80 ер адам.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!