Түрікменстан билігі кейбір сұлулық процедураларына шектеу қойғаннан кейін, сән салондары жертөлелерде жасырын жұмыс істей бастады. Шаштараздар, тырнақ әрлеуші мамандар мен косметологтар қызмет түрлерін үйлерінде немесе жабық ғимараттарда ұсынуда. Бұл туралы бірқатар салон иелері мен Ашхабад тұрғындары «Азаттыққа» берген сұхбаттарында айтты.

Ашхабад тұрғынының айтуынша, көптеген сән салондары үкіметтің қойған шектеулерін елемей, жасанды кірпік пен акрилді тырнақ жасауды жасырын жалғастыруда. Көптеген салон ресми түрде тек бірнеше қызмет түрін көрсетеді (шаш қию, қарапайым маникюр мен педикюр). Ал полицейлерден қорыққан кей косметологтар клиенттерді үйде немесе қызмет алушының үйінде қабылдайтын болған. 

Түрікменстанда сәуір айынан бастап әйелдерге шамадан тыс макияж жасауға, жабысқан киім кюге, тырнақ пен кірпік жабыстыруға тыйым салынды. Сондай-ақ түрікмен әйелдері арасында кеңінен танымал қас микробейлдингіне, шашты бояуға немесе ағартуға, ерін мен омырауды үлкейтуге, ботокс егуге рұқсат жоқ. 

Шектеу ресми ескертусіз және түсіндірусіз енгізілді. Оның сақталуын құқық қорғау органдары мен жұмыс беруші әйелдер қадағалауда. 
Ернін үлкейтті немесе кірпік жабыстырды деген күдікпен жүздеген әйелді полиция ұстады. Кей деректерге сәйкес, ұлттық компаниялар мен теміржолда қызмет атқаратын ондаған әйел кеуде немесе ерін имплантын салдырғаны үшін жұмыстан қуылған.

Дегенмен үкіметтің қорқытып-үркітуі әйелдердің косметикалық процедураларға деген құлшынысын төмендетпеді. Шектеулерге қарамастан, көптеген әйелдер түрлі шаш үлгілері мен маникюр жасатып, қас бояп, макияж жасатуда. Тек бұрынғымен салыстырғанда, әйелдер тырнақ бояуының нәзіктеу түстерін, жасанды кірпіктің орташа ұзындығын таңдауда. Дереккөздердің хабарлауынша, қалыңдықтар жасырын салондарға бірнеше құрбысын ертіп барады. Олар өз кезегінде полицейлердің келуін бақылап отырады. 

Айта кетейік, мұндай шектеулер билікке Сердар Бердімұхаммедов келгеннен кейін енгізілді. Оның аясында әйелдерге автокөліктердің алдыңғы орнына отыруға тыйым салынды. Ережені бұзған әйелдер мен жүргізушілерге қомақты көлемде айыппұл салынады. Кей қалаларда полиция қол ұстасқан ғашықтарды ұстаған. Жұптарға түрікмен халқының құндылықтары мен әйелдің отбасындағы, қоғамдағы орны жайлы «дәріс» оқылғаннан кейін, үйлеріне жіберілген. Ережені қайта бұзған жағдайда, қатаң жаза қолданылатыны ескертілген.

Шектеу сәуір айында күшіне енді. Алғашқыда бірқатар салондарға айыппұл салынып, олар өз клиенттерін жоғалтты. Бірақ жергілікті халықтың айтуынша, уақыт өте келе тексеріс азайып, шектеу де бәсеңсіген. Қазір кей тәртіп сақшылары заңды пара алу мақсатында қолдануда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!