Маңғыстау облысында күзетшіні ұрды деп айыпталған әкім креслосын босататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Экспресс К.

Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағанбетов желіде өзіне ұқсайтын адамның тұрғын үй кешенінің күзетшісін ұрғаны туралы бейнежазбасы тарағаннан кейін қызметінен кетуді жөн көрген. Бұл туралы шенеунік желіде жазба қалдырды.

«Маған қатысты алып-қашпа әңгімелерге алаңдаушылық білдіріп, қолдау көрсетіп жатқандарыңызға рахмет айтамын. Мен денсаулығыма байланысты жұмыстан босатуды сұрап өтініш жаздым. Мұндай ұйғарымға бір күнде келген жоқпын. Ұзақ уақыт ойланып қабылдаған өз шешімім. Сондықтан баршаңызды сабыр сақтап, түсіністік танытуға және шешіміме құрметпен қарауға шақырамын», — деді Тілек Көшмағанбетов.

Әкім денсаулығы түзелсе, халыққа қызмет етуден бас тартпайтынын айтып отыр. Ол желіде тараған түрлі жазбаларға жауап беруді де ұмытпады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Маңғыстау ауданының әкіміне ұқсайтын адамның Ақтаудағы «Грин парк» ТҮК күзетшісіне қол жұмсаған бейнежазбасы жарияланған еді.

Кейін бұған қатысты Маңғыстау облысының әкімдігі қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Ал Маңғыстау ауданының әкімі болған Тілек Көшмағанбетов Экспресс К тілшісіне пікір білдіріп, бейнежазбадағы адамның өзіне ұқсайтынын, ешқандай адаммен жаға жыртыспағанын айтқан.

Кейін әкімнің аталған оқиғадан кейін қызметінен кетуі мүмкін екендігі туралы болжам айтыла бастаған. Араға уақыт салмай аудан әкімі арнайы жазба жариялап, қызметімен қоштасатынын жазып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!