Сондай-ақ экстремизм мен терроризимге қатысы бар шетелдіктер де Қазақстан аумағына кіре алмайды.
Парламент мәжілісі халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Ғазиз Зейнел-Ғабиденұлы Құлахметов «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы» туралы, «Халықтың көші-қоны туралы» заңдар Қазақстанға кіруге тыйым салынатын қосымша негіздемелермен толықтырылатынын айтты.
Балаларды қылмыстық құқықбұзушылықтан қорғау мақсатында педофилдерге елге кіруге өмір бойына тыйым салынады.
«Кәмелет жасына толмаған балаларға сексуалдық сипаттағы қылмыс жасағандарға Қазақстанға келуіне өмір бойына тыйым салынады. Сонымен қатар, Қазақстанда тұрақты мекендеуіне және Қазақстан азаматтығын алу туралы иммигранттық өтінішін қабылдауға да рұқсат берілмейді», – деді Құлахметов.
Бұдан бөлек, экстремизм мен терроризимге қатысы бар немесе Қазақстанда экстремистік және террористік деп танылған ұйымға қатысы бар шетелдіктерге елге кіруге тыйым салынады.
Ұлттық қауіпсіздік органдарына тыйым салу себебін түсіндіру құқығы беріледі.
Сондай-ақ «Халықтың көші-қоны туралы» заңға халықтың көші-қон мәселелерін реттеуге мемлекеттік бақылау орнату туралы жаңа тарау енгізіледі.
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!