Президенттің экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы Жарлығының толық мәтіні жарияланды.

Президент елден заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтару мақсатында ведомствоаралық комиссия құруға қаулы етті.

Комиссия құрамы төмендегідей:

Бас прокурор, төраға;
Бас прокурордың орынбасары, төрағаның орынбасары;
Ұлттық банк төрағасы;
Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі;
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі;
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы;
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы;
бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы;
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы;
Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасы;
Ішкі істер министрі;
Әділет министрі.
Ведомствоаралық комиссияға бір апта мерзімде ведомствоаралық комиссия туралы ереженің жобасын Президенттің қарауына енгізу тапсырылды.

Бұдан басқа, комиссия екі аптада бір рет өз жұмысы туралы баяндайтын болады.

Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелген.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, 5 маусым күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мекемеаралық комиссия құрылды.

Бас прокурор жетекшілік ететін бұл комиссия Қазақстаннан шетелге заңсыз жылыстатылған қаржыны елге қайтару бойынша кешенді жұмыс жүргізетін болады. Комиссия жұмысын Мемлекет басшысы өзі бақылайтын болды – делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!