фото: Akorda.kz

Өзара келіссөздер мен Жоғары деңгейдегі стратегиялық экономикалық кеңестің 5-ші отырысынан кейін Қазақстан мен Түркия президенттері баспасөз мәлімдемесін жасады, деп хабарлайды Akorda.kz.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Түркияға ресми сапармен келуге шақырып, қазақ делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін бауырлас түрік халқына және Президент Режеп Тайип Ердоғанға шынайы ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді 

– Қос халықтың игілігі үшін түбі бір түрік еліне жасаған әр сапардың мән-маңызы ерекше. Президент Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен Түркия өзінің алтын ғасырлық белесін тарихи жетістіктермен қарсы алып жатыр. Еліңіз жаңа дәуірге нық қадам басты. Құрметті Президенттің халықаралық сахнадағы салиқалы саясатының арқасында Түркия әлемдегі беделді әрі ықпалды, шынайы құрметке ие мемлекетке айналды. Мұның түп негізінде түрік халқының бірлігі, даналығы және қайсарлығы жатыр. Осындай биік белестерді бағындыру – Президент Режеп Тайип Ердоған мырзаның қажырлы еңбегінің жемісі деп күмәнсіз айтуға болады. Қазақ азаматтары Президент Режеп Тайип Ердоғанды және бүкіл Түркия елін шын жүректен құрметтейді. Қазақстан Түркияның толайым табысына әрдайым қуанады. Болашағының жарқын болуын тілейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазір екі елдің қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке ұласқанына назар аударып, бүгінгі нәтижелі келіссөздер қос халық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

– Біз бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткіздік. Өзара ықпалдастыққа тың серпін беретін басым бағыттарды қарастырдық. Түрлі саладағы байланысты жандандыратын маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойдық. Түркия – сауда-экономика және инвестиция саласындағы басты стратегиялық серіктесіміздің бірі. Осы орайда өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесіне баса назар аудардық. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 5 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта сауда айналымын айтарлықтай арттырамыз. Бұған әлеуетіміз жетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Олармен бірлесіп, құны 6 миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырылған. Бұл жобалар энергетика, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, медицина, туризм секілді маңызды салаларды қамтиды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясының көлемі 2,5 миллиард доллардан асты.

– Біз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан Түркия компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырамын. Көлік-логистика саласындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік мол. Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын барынша тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, яғни, «Орта дәлізді» дамытудың мән-маңызы зор. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін бастама. Қазақстан теміржолды жаңғырту, автокөлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізінде кеме қатынасын жандандыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын қолға алды. Түрік инвесторларын осы жобаларға белсене қатысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді 

Келіссөз барысында тараптар энергетика саласының маңызына да арнайы тоқталды.

– Қазір Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы жылына 1,4 миллион тонна қазақ мұнайы Түркияға тасымалданады. Біз оның көлемін арттыру мәселесін талқыладық. «Turkiye Petroleum» компаниясының Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар. Біз мұны құптаймыз. Энергия көздерін әртараптандыру, жаңа электр станцияларын салу және басқа жобаларды жүзеге асыру үшін түрік компанияларының тәжірибесіне сүйеніп, инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделіміз. Ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ауыл шаруашылығын тағы бір маңызды сала ретінде атады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Түркияның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесі жан-жақты талқыланғанын жеткізді. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыру, өнімділікті арттыру және өңдеу өнеркәсібін өркендету ісінде Түркияның жоғары технологиясын пайдалануға қызығушылық танытады.

Мемлекет басшысы Түркияның қорғаныс және әскери-техникалық бағыттағы зор жетістіктеріне назар аударып, Режеп Тайип Ердоғанды жақында IDEF 2025 халықаралық қорғаныс-өнеркәсіп көрмесінің сәтті өтуімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді 

Бұдан бөлек, келіссөздер барысында IT-технологияларды бірге дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің аталған саладағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақстан мен Түркияның IT саласындағы стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше.

– Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ. Бұдан бөлек, «Маариф» қорының екі мектебін ашу жұмысын қолға алдық. Бұл – шын мәнінде, айтулы оқиға. Былтыр қол қойылған келісімге сәйкес, Астана медицина университетінің негізінде Медипол Ыстанбұл жоғары оқу орнының филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Еліміздің медицина қызметкерлерін Түркияның жетекші клиникаларында оқыту және біліктілігін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз осы игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, туризм, медицина саласындағы байланысты одан әрі күшейтуге мүдделіміз. Осы тұста сан қырлы байланыстарды тереңдету мақсатында Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз болу рұқсатын беру туралы шешім қабылданды. Саяхаттаушылар мен кәсіпкерлер үшін бұл қадамның мән-маңызы ерекше деп санаймын. Осындай игі бастамалар достығымызды бекемдеп, өзара сенімді арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар екі ел президенттері әлемдегі өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты. Қазіргі күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдіретіндерін жеткізді. Қазақстан мен Түркия президенттері барлық жанжал мен қақтығыс дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі қажет деп есептейді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеу ісіндегі айрықша рөлін атап өтті.

– Бұл – Сіздің беделіңіз бен ықпалыңыздың айқын дәлелі. Қос елдің Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажеттілігі жөніндегі ұстанымы – ортақ. Қазақстан әрбір елдің аумақтық тұтастығы сақталуы керек деген ұстанымды қорғайды. Қазақстан мен Түркия халықаралық аренадағы тиімді ықпалдастығын жалғастыра береді. Қазақстан дипломатиясы Түркі мемлекеттері Ұйымының одан әрі дамуына баса мән бермекші. Осы бағытта Түркия тарапымен бірлесіп жұмыс істей береміз. Жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіреміз. Осы тұста Қазақстанның халықаралық бастамаларына көрсетіп жатқан қолдауына, соның ішінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті дамытудағы Түркияның үлесіне ерекше ризашылық білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді 

Өз кезегінде Түркия Президенті бүгінгі келіссөздердің нәтижелі болғанын атап өтті.

– Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі ел және біздің негізгі серіктесіміз. Бүгін біз қорғаныс пен энергетикадан бастап, көлік, ғылым мен технологияға дейінгі кең ауқымды салалар бойынша пікір алмастық. Біз тау-кен, сирек кездесетін металдар бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырдық. Қазақстан мұнайын Түркия арқылы әлемдік нарыққа экспорттау мүмкіндіктерін талқыладық. Тарихи Жібек жолының қазіргі баламасы – Транскаспий көлік бағдарын пайдалану және дамыту жолдарын қарастырдық, – деді Режеп Тайип Ердоған.

Бұдан бөлек, Түркия Президенті туризм саласындағы ынтымақтастық перспективасына тоқталып, түрік азаматтарына Қазақстанда 90 күн визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі келіссөздердің табысты өткені үшін Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтып, Түркия Президентін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!