Sputnik. Қазақстан президентінің баспасөз қызметі елдің Трамп құрған «Бейбітшілік кеңесіне» кіру үшін жарна төлеуі керек деген хабарламаларға түсініктеме берді.

Ақорда Бейбітшілік кеңесіне қосылу үшін мемлекеттің тәуелсіз шешімі қажет екенін хабарлады.

«Қосылған сәттен бастап мемлекеттің Кеңестегі өкілеттігі үш жылды құрайды. Жарғыда көрсетілген 1 миллиард доллар көлеміндегі ерікті жарна мүшеліктің шарты болып табылмайды. Оны төлеу-төлемеуге әрбір қатысушы мемлекеттің құқығы бар», – деп мәлімдеді Ақордада.

Егер мұндай жарна бірінші жыл ішінде салынса, мемлекет өз мүшелігін белгіленген үш жылдық мерзімнен тыс ұзартуға мүмкіндік алады, деп түсіндірді президенттің баспасөз қызметі.

«Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай жарна төлемей қосылды, бұл Жарғының ережелеріне толық сәйкес келеді», – деп хабарлады Ақорда.

Бұған дейін Дональд Трамп Газа бойынша «Бейбітшілік кеңесін» құрғанын жариялаған болатын. АҚШ президентінің әкімшілігі шамамен 50 мемлекеттің мемлекет басшыларына кеңес жұмысына қатысуға шақыру жіберді.

Бейсенбі, 22 қаңтарда Швейцарияның Давос қаласында 18 ел Газа бойынша «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қойды. Кеңес Израиль мен палестиналық радикалды ХАМАС қозғалысы арасындағы Газа секторын басқару туралы келісімге сәйкес құрылды, бірақ ол басқа аймақтардағы қақтығыстардың алдын алу және шешу үшін де жұмыс істейді деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ, Швейцарияда Дональд Трамп кейбір елдердің Газа бойынша «Бейбітшілік кеңесіне» бір миллиард доллардан астам қаражат қосқанын жариялады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!