Фото: коллаж El.kz

Қазақстандағы ауыл әкімдері – елдің түкпір-түкпірінде орналасқан ауылдардың дамуындағы негізгі қозғаушы күш. Олар халықпен бетпе-бет кездесіп, жергілікті мәселелерді шешуге жауапты тұлға. Ауыл әкімдерінің жұмысы ауылдық аймақтардың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын көтеру, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және тұрғындармен тығыз байланыс орнату арқылы көрінеді, деп хабарлайды EL.KZ ақпарат агенттігі тілшісі.

Осындай ауыр әрі жауапты қызметті атқарып жүрген Атырау облысы Исатай ауданы Қамысқалы ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова.

Рафиғат Тәжиденова ауыл әкімі қызметінде жүріп, жинаған тәжірибесін және кездестірген проблемалары мен ұсыныстарын айтты.

Қазіргі таңда ауыл әкімдері – Қазақстан Республикасындағы азаматтар тікелей сайлайтын жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігінің басшысы. Оның атқаратын көп міндеті бар.

Өзім ауылдық округ әкімі болғалы 7 жыл болды. 2021 жылдың 7 қарашасында жергілікті халықтың ұсынысымен әкімді сайлауға қайта түстім. Сөйтіп 82,5% дауыс жинап, әкім болып сайланып, күні бүгінге дейін жұмысымды атқарып жүрмін. Қолдау жоқ деп айта алмаймын. Қолдау бар. Бірақ дей тұрғанмен, жергілікті өзін-өзі басқару модулінде ауылдық округтер әкімдерінің құзыретін аттыра отырып, ауыл тұрғындарының табысы мен әлеуетін арттыруға байланысты ұсыныстарды айтып өтейін, – дейді әкім.

Ауыл басшысының айтқан мәліметінше, биылғы 9 айдағы статистика бойынша Қамысқалы ауылдық округі тұрғындарының саны 4 100 адам. Оның 1 800-і экономикалық белсенді. Ауылдың бір жылдық бюджеті облыстық трансферттерді қосқанда 158 млн теңге. Ал әкімнің төртінші деңгейлі бюджет ретінде кіргізіп отырған қаржының мөлшері бар болғаны 12 млн теңге. Ол салықтан және салықтық емес түсімдерден құралған қаржы.

Ауылдық төртінші деңгейлі бюджетті қалыптастыру үшін тек қана ауыл әкімінің құзыреті шектеулі. Шектеулі жағдайда ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын көтеремін, бюджетті мен толтырамын деп айта алмаймын, – деп түсіндірді Қамысқалы ауылының әкімі.

Әкімнің негізгі функциялары қандай

– Жер қатынастарын реттеу;

– елді мекендерді сумен жабдықтауды қамтамасыз ету;

– халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарды есепке алу және оларға қолдау көрсету;

– елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитариялық тазарту жұмыстарын ұйымдастыру және т.б. күн тәртібіндегі мәселелер.

Ауылдық округтердің төртінші деңгейлі өз бюджетінің кірістері салық түсімдерінің алты түрінен, түрлі төлемдерден, айыппұлдардан, коммуналдық мүліктен түсетін кірістерден және жоғары тұрған бюджеттен бөлінетін әртүрлі транферттерден қалыптасады. Ауылдық округ әкімінің аппараты бюджетті жоспарлайды және атқаруды жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасы әзірлеу сияқты өзге де жұмыстарды қамтамасыз етіп, өз деңгейінде мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Алайда жергілікті өзін-өзі басқарудың қолданыстағы моделінде ауылдық округ көлемінде толыққанды жұмыс істеуге кедергі келтіретін шешілмеген бірнеше мәселе бар, – деп айтты Рафиғат Тәжиденова.

Әкім олар қандай мәселелер екеніне тоқталды.

Ауылдық округ әкімінің аудандық деңгейге әкімшілік және қаржылық жағынан тәуелділігі оның жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге назар аударуына мүмкіндік бермейді. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару деңгейі арасындағы жауапкершіліктің анық болмауы көп жағдайда ауылдық округ деңгейінде жоспарлау және орындау жүйесінің теңгерімсіздігіне алып келеді. Бұл жағдайда ауылдық округ әкімі құзыретіне кірмейтін функцияларды жүктеп алып отырады және бұл процестер соңғы кезде жиі қайталанып отыр. Әкімдердің функционалдық қызметіне жұмыстар беріліп, оны бір ретке келтіру керек деп есептейміз. Мысалы, әскерге шақыру, МӘМС, ит аулау, мал өліктерін жинап, жою, республикалық маңызы бар трассалардың бойындағы тазалықты сақтау және басқа да көзге көрінбейтін, бірақ уақыт алатын жұмыстарды ауылдардың әкімдері атқарып отыр, – деп толықтырды сөзін басшы.

Сонымен қатар ауылдық округ әкімі аппаратының жұмысына қойылатын талаптар қай жағынан болса да, жергілікті атқару органдарының мекемелері мен солардың қызметкерлерінің жұмыстарына қойылатын талаптармен бір деңгейде. Ауыл әкімінің азаматтар алдындағы ашықтығын арттыру мақсатында жергілікті халықты шешімдер қабылдауға тартып, азаматтардың белсенділігін жоғарылату үшін ауыл әкімдері нақты жобалармен жұмыс істегісі келеді.

2018 жылдан бастап төртінші деңгейдегі бюджеттің қалыптасуы өз кезегінде ауылдарға өзінің дербес қазынасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл дұрыс қадам. Содан бері ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік саласы жақсы дамуы тиіс елді мекендер не себепті өркендемей отыр? Біздің айтайын дегеніміз сол себепті ауыл бюджетін шағын кәсіпкерлікті дамыта отырып қалыптастыру, түскен табысты басқарудың құзыреттілігін ауыл әкімдеріне берудің нақты механизмі жасалуы керек, – деп санайды Қамысқалы ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова.

Әкім ұсыныстары

1) Төртінші деңгейлі бюджеттің салық базасын ұлғайту бойынша. Жеке табыс салығы және заңды тұлғалардың төлемдері 101, 201 коды арқылы қалаға немесе аудандарға түседі. Осы орайда салықтың екі түрі бойынша тиісті қаражатты жергілікті салық базасына түсіру қажет. Яғни ауылдық округтің төртінші деңгейлі бюджетіне түсіру уақыт талабы. Мысалы, біздің ауылдық округтің өзінде мемлекеттік 9 мекеме жұмыс істейді. Ондағы қызметкерлердің табыс салығы ауданға, облысқа түсіп отыр. Ал енді оны керісінше ауылдың өзінің бюджетіне түсіретін болсақ, онда ауылды тығырықтан алып шығатын мүмкіндік болар еді.

2) Төртінші деңгейлі бюджеттің қаржысын өз бетінше молайту үшін ауылдық округтің әкімшілік-аумақтық бөлінісінде орналасқан жерлерде жұмыс істеп жатқан, уақытша жұмыс істеп жатқан не болмаса тұрақты кен орындарын ашып жатқан жұмысшы, жол салушылар, карьер қазушы, желілер тартушы, нысандар салушы компаниялар мен жеке кәсіпкерлерден сол уақыт ішіндегі табыстарының салығын, сондай-ақ жердің бүлініп, қоршаған ортаның ластануына жол бергені үшін салынатын айыппұлдарды ауылдық округтің есепшотына аудару туралы ұсыныс бар. Осы арқылы ауылды абаттандыру, көгалдандыру, жұмыссыз адамдардың кәсіптік сауатын ашуға оқытып, кәсіппен айналысуға ауыл әкімінің гранты мен пайызсыз несие беруге, әлеуметтік әлсіз топтардың денсаулығы мен тұрмыстық деңгейін оңалту сияқты көптеген мәселені жергілікті деңгейде шешу мүмкіндігі болады.

3) Ауылдық округ әкімшілігінің қарамағындағы коммуналдық қызмет көрсету нысандары мен техникаларды екінші тұлғаға сенімгерлікке бермей, аудан көлемінде немесе ауыл көлемінде коммуналдық шаруашылық мекемесін құру арқылы мемлекет меншігінде қалдыру не болмаса табыс табу арқылы өз шығынын қамтамасыз ету мүмкіндігі мен штат бірлігін қоса отырып, ауылдық округ әкімінің аппаратына беру керек. Мысалы, ауылға универсал трактор, ауыр жүк, өрт сөндіретін және вакуум ассенизатор көліктері ауадай қажет.

4) Ауылдық округ әкімінің жерге шешім шығару, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру құзыреттілігін беру сияқты өзге де процесс кезінде кездесетін форс-мажорлық жағдайларда заңды тұрғыдан қорғалу үшін округ аппаратына заңгер, салық түсетін көздерді үздіксіз қалыптастыру үшін салық маманы я болмаса көше жарығын, теңгерімдегі электр желілері мен трансформаторларды қарау үшін электрик штатын беру үсынылады. Өйткені ауылдағы тоқ желілерін, трансформаторларды күтіп ұстау үшін жыл сайын аудандық бюджетке өтініш жасап отырмыз. Ал мұндай жағдайда дербес кәсіпкерді жалдап алуға тура келеді. Кейде кәсіпкер алыстан түсіп, жұмыстар өз нәтижесін бермей жатады. Ауылда түрғындардың кейде себепсіз тоқтан, судан я газдан ажырап қалып жүрген жағдайлары кездеседі.

5) Ауылдық округтердің ішкі автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарын салуға және оны күтіп ұстауға уақытылы қаржы да, арнаулы техника да бөлу керек. Биылғы тасқын су басу қаупі кезінде округтерде арнайы техникалардың жоқтығы анық байқалып, қиындықтарға тап болдық.

6) «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы қаржысының әділетті бөлінуі үшін ауылдық елді мекендердегі халық санына сәйкес барлық ауылға жылма-жыл бөлінетін қаржы көлемі нақтылануы керек. Соған байланысты ауылдардың әкімдіктері жобалық-сметалық құжаттарды жасақтап, бюджеттік өтінім беру арқылы жүргізуі керек. Әйтпесе бұл бағдарлама қазіргі уақытта барлық ауылды қамтымайтындықтан әлеуметтік маңызы бар көптеген жобаның жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға, округ аппараттарында спорт методисі штаты болса да, ауыл адамдары арасында салауатты өмір салтын ұстауды қалыптастыратын спорттық шараларға бюджеттен қаржы қарастырылуы маңызды.

«Кәсібін ашқысы келетін ауыл тұрғындары да, жобалар да көп»

Соңғы кезде Президенттің тікелей тапсырмасымен AMANAT партиясы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл ауыл тұрғындарына үлкен көмек көрсететін жоба болғалы тұр. Дегенмен несие беру шарттарына бірқатар өзгеріс енгізу қажет деп есептеймін, – деді Қамысқалы ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова.

Әкім қандай мәселелерге көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына несие берер кезде көп кедергі бар. Оларды шешудің бір жолы – ауылдарға бөлінетін жалпы қаржы көлемін ұлғайту. Себебі 2,5%-бен несие алып, кәсібін ашқысы келетін ауыл тұрғындары да, жобалар да көп. Қазіргі бөлініп жатқан қаржы сомасы тым аз болғандықтан сұранысты қанағаттандырмайды. Сонымен қатар ауылдық жерлердің тұрғын үйлерінің қандай екенін білесіздер. Көбі кесек тастан, саман тастан салынған. Оны микроқаржы ұйымдары бағаламайды. Бағалаған күннің өзінде өте аз бағаланады. Ал бізге жобаның ережесі бойынша берілетін сома бағаланған соманың тек қана 60%-ы ғана. Ал ол тұрғындарға  жетпейді. Сондықтан оны 70%-80%-ға көтеруді ұсынамыз, – деп атап өтті ол.

Сонымен бірге Қамысқалы ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландырылған кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдерін нарықтық ортаға енгізу бойынша тиісті сала немесе жергілікті атқарушы органдар тарапынан ықпал жасау қажеттігін жеткізді.

Оның айтуынша, ауылдық округтерде халық санына байланысты бөлінетін лимит санын арттырып, жергілікті жердің негізгі кәсіпкерлік бағытын айқындай отырып, аталған салаға берілетін несие санын ұлғайту керек. Атап айтар болсақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында салаларға несие беру үшін сараланған тәсілді қамтамасыз етуге Ауыл шаруашылығы бөлген қаражаттың жалпы сомасының 50%-ынан аспайтын мөлшерде мал шаруашылығы саласына жіберуге шектеу қойылып отыр.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы бос жатқан жайылым жерлерді қайтару жөнінде жұмыстарды тапсырған болатын. 2003 жылдан бері ауылдық округтерімізде бірнеше гектар жерді алып алған шаруа қожалықтары бар. Олар жерлерін сол кезеңдегі заңмен жекешелендіріп алған. 49 жылға алмаған. Ал қазір ол жердің барлығы бос жатыр. Оны қатарып алып, кәсіпкерлерге берейін десек, қолымызда билік жоқ. Ауыл әкімі дегенде естігенде көбі оны жемқор адам сияқты көреді. Бірақ түптеп келгенде ауыл әкімдерінің ол туралы ойлауға да, оны жүзеге асыруға да мүмкіндігі жоқ. Әкім сайланғаннан кейін халықтың сенімін, жауапкершілігін мойнына арқалап, таңнан кешке дейін тиін сияқты жүгіріп жүреді, – деп түсіндірді Қамысқалы ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!