Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Құрметті отандастар! Сіздерді Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бұл – береке-бірлігімізді бекемдей түсетін мереке. Осы күні еліміздің азаматтары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Сондай-ақ татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтар жан-жақты дәріптеледі. Мұның бәрі ұлтты ұйыстырудың ұтымды жолы екені сөзсіз, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекетімізде ауқымды өзгерістер болып жатқанын атап өтті.
Халқымыздың уақыт сынынан өткен жанашырлық, қамқорлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттері, әсіресе қиын-қыстау кездерде айқын көрінеді. Бүгінде мемлекетімізде ауқымды өзгерістер болып, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасалып жатыр. Осындай сындарлы сәтте елдік мүддені бәрінен биік қойып, ырыс-ынтымағымызды сақтау өте маңызды. Біз озық ойлы ұлт ретінде көздеген барлық биік мақсаттарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін. Осы орайда тынымсыз тер төгіп, Қазақстанды көркейтуге өз үлесін қосып жүрген азаматтарға алғыс айтамын. Баршаңызға бақ-береке және мол игілік тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – дейді Президент.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!