Ресей азаматтарының Қазақстанға келуі 2021 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәліметінше, ақпан-сәуір аралығында Қазақстанға 128 мыңнан астам ресейлік келген, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Биыл ақпан-сәуір аралығында Қазақстанға 128 мыңнан астам Ресей азаматы және 3 074 Украина азаматы келген. 2021 жылдың осы кезеңінде Қазақстанға 58 мыңнан астам Ресей азаматы және 2 617 Украина азаматы келген. Деректер 2021 жылмен салыстырғанда Ресейден келетін азаматтар ағыны екі есеге, ал Украинадан 15 пайызға артқанын көрсетеді», – деді ведомство редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Бұған дейін 2022 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 16 837 Ресей азаматы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алғаны хабарланған болатын. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, ең көп ресейліктер Қызылорда облысына – 2463, Алматыға – 2116, БҚО – 1677, Қостанай облысына 1525 келген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!