Фото: t.me/mazhilis_kz

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айта кетейік, бұл істе қала тұрғыны Ернар Жиенбай күдікті ретінде танылған. Іс бойынша алдын ала тыңдау ашық режимде, мемелкеттік тілде өтіп жатыр. Судья сот отырысы кезінде сотталушы өзін фото және видеоға түсіруге қарсылық білдіргенін атап өтті.

«Тараптардың пікірін ескере отырып, сотталушыны түсіруге тыйым салынады», – деді судья Әбинұр Қарабаев.

Бұл іс бойынша басты сот отырысы 6 тамыз 10:00-ге белгіленді.

Бұған дейін Ернар Жиенбайға қатысты қылмыстық іс сотқа келіп түскені хабарланған еді. Ол Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 99-баптың 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша айыпталуда.

Еске салсақ, 22 сәуірге қараған түні Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны туралы ақпарат тарады. Ол  жамбас және иық тұсынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды. Бірі Руслан Берденов шабуыл жасаған адамның әйеліне тиісті десе, енді бірі бұл жағдайды Шымкенттегі құрылыс саласындағы былықтармен байланыстырды. Кейінірек әкімдік өкілдері шабуыл жасаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.

22 сәуірде Руслан Берденовке қастандық жасаған деп күдіктелген Ернар Жиенбай туралы деректер тарай бастады. Онда Жиенбай Берденовті қызметінен босатпақ болғаны үшін кек алу мақсатында атқаны айтылған.

Кейін Ернар Жиенбайдың әкесі мәлімдеме жасап, тергеу мен сот әділ түрде істің барлық мән-жайын анықтайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар халықтан асығыс қорытынды жасамауды және эмоцияға берілмеуді сұрады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!