25 қазан – Республика күні
Жуырда ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай түрлі сала сарапшыларының қатысуымен жиын өтті. Басқосудың басты мақсаты – 1990 жылы 25 қазанда қабылданған тарихи Декларацияның мән-маңызын қазіргі көзқараспен қайта бағамдап, оның бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін өзектілігін талқылау. 1990 жылғы бұл Декларация республикаға ішкі және сыртқы саясатты дербес айқындау, ұлттық байлыққа иелік ету, мемлекеттік билік органдары мен заңнамалық жүйені өз бетінше қалыптастыру құқығын тұңғыш рет заңды түрде бекітіп берген тарихи құжат болғаны белгілі. Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында өткен жиын мемлекеттік егемендіктің қайнар құжатын еске алып, одан туындайтын тағылымды жастарға насихаттау, тәуелсіздік құндылықтарын нығайту мәселелерін күн тәртібіне шығарды.
Жиын жұмысы ЖСДП ҚОФ Төрағасының кіріспе сөзімен басталып, одан әрі ресми баяндамаларға ұласты. Өзінің алғы сөзінде Н.Дәуренбеков Декларацияның тарихи роліне тоқталып, оның қазіргі ұрпақ үшін тәрбиелік маңызын атап өтті. «Бұл Декларация – еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуындағы алғашқы саяси-құқықтық қадам, тәуелсіздігіміздің мызғымас іргетасы. Егемендікті көздің қарашығындай сақтау – ендігі жерде жас ұрпақтың қасиетті парызы», – деді Н.Сағатұлы өз сөзінде. Оның айтуынша, егемендік туралы құжатта айқындалған ұстанымдар уақыт сынынан өтіп, бүгінгі Қазақстанның даму бағытымен үндесіп отыр.
Жиында тәуелсіздік, ұлттық бірегейлік, демократия, тарихи жады және жастардың жауапкершілігі тақырыптары кеңінен талқыланды. Алғашқы баяндамашылардың қатарында қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев пен тарихшы-ғалым Сағат Тайман болды. С.Әбішев өз баяндамасында егемендік жолындағы тарихи тәжірбиені жас буынға жеткізу, ұлттық рухани құндылықтарды жаңғырту мәселелерін көтерді. Ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, белгілі зерттеуші С.Тайман Мемлекеттік егемендік декларациясының қабылдану кезеңіндегі саяси ахуал мен оның қазақ қоғамының санасындағы өзгерістеріне тоқталды.

Ресми баяндамалар аяқталған соң, конференция аясындағы пікірталас бөлімі еркін форматта жалғасты. Қатысушылар тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер мен алдағы міндеттер хақында ашық пікір алмасты. Тарихи сананы жаңғырту, мемлекеттік тілдің мәртебесі, ұлттық бірегейлікті сақтау, демократиялық құндылықтарды қорғау және өскелең ұрпақтың ел келешегіне жауапкершілігі сияқты сан алуан тақырыптар бойынша аудитория өз ой-пікірін ортаға салды. Жастардың жауапкершілігі мәселесі ерекше назарға ілікті – аға буын өкілдері егемендікті сақтап, дамыту эстафетасын лайықты жалғастыру дәл қазіргі жас ұрпақтың мойнында екенін баса айтты.
Жиын барысында қатысушылар егемен елдің рухани өзегін нығайтуға бағытталған бірнеше нақты ұсыныстарды ортаға салды. Олар тарихи білімді тереңдету, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ұлттық рухты күшейту және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелерін қамтыды. Атап айтқанда, Декларация мен Тәуелсіздік тарихын білім беру бағдарламасына кеңірек енгізу, аға буын мен жастар арасындағы диалогты тұрақты дәстүрге айналдыру, Республика күні секілді мерекелерді жаңа мазмұнда атап өтіп, мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениетті дәріптеу қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, жастардың демократиялық үрдістерге белсенді араласуы мен қоғамдық пікір алаңдарын кеңейту туралы ұсыныстар да кең қолдау тапты.
Осы ұсыныстар жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдарға жолданатын болды. Конференцияға Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі мен жастар ресурстық орталығының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері және студент жастар қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының Баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!