Фото: Коллаж/Qaz365.kz
Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов «бұзақылық» айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды. Басқа туыстарына да әр түрлі шара қолданылды. Осы ретте Мәжіліс депутттары кулуарда тілшілерде қоғамда резонанс тудырған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Бұл жерде жазалау әдісі дұрыс жұмыс істейді деп ойламаймын. Мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет еді. Депутаттар бұқаралық ақпарат құралдарында қандай мәліметтер бар соның шеңберінде ғана білеміз. Бізге арнайы олар есеп бермейді. Құқық қорғау органдарының барлығы қауіпсіздік кеңесіне қарайды. Үкімет қарамағында да емес. Тергеу аяқталған жағдайда ғана жауап табуға болады”, – дейді Абзал Құспан.
Ал Талғарға өзі де барып қайтқан, Мәжіліске Алматы облысынан сайланған депутат Ардақ Назаров халықты дүрліктіргендер жазалануы керек деп санайды.
“Қазір бізге ең маңызды нәрсе елдің ауызбіршілігі ғой. Өзіміз әрең жеткен тәуелсіздігімізді арандату үшін небір құйтырқы әрекеттерге баруға болмайды. Сондықтан дұрыс ақпарат таратылмай, халықты дүрліктіргендер жазалануы керек. Ақпаратты таратқан адамдардың артында кім тұрғаны зерттелуі керек және заң тұрғысында жазалануы тиіс. Сонда ғана басқаларға сабақ болады”, – дейді Мәжіліс депутаты.
Ал Ринат Зайытов тілшілер мен блогерлерді кінәлады.
“Иә, ол отбасы қара жамылып отыр. Бірақ бұл қылмыстың айналасында сіздердің барлықтарыңыз шу көтеріп жатырсыздар. Блогері бар, журналистер бар. Бүкіл Қазақстан бойынша ондай тұрмыстық қылмыстар бойынша толыққанды ақпаратты беріп жатқан жоқсыздар ғой. Мақаншыда, Үржарда ондай жағдайлар болып жатыр. Мүлде айтып жатқан жоқсыздар ол туралы. Соның кеселі деп ойлаймын”, – дейді Ринат Зайытов.
Ол бұл жағдайдан негізі бейхабар екенін айтты.
“Өтірік айтпайын, бұл оқиғадан хабарым жоқ. Мен қайдан білемін?! Бейхабармын. Әлеуметтік желіде киноның айналасында да шу болады. Біріншіден, бәрін қарап отыруға міндетті емес шығармын. Екіншіден, егер барлық осы оқиғаның айналасында жүрген журналистер, блогерлер шынымен қазақ қоғамындағы әділетсіздікті, қазақ қоғамындағы кемшіліктерді түзетуге ұмтылған тұлғалар болса, барлығына әділетті қарасын. Ондай оқиға жоқ десе, маған келіңіздер, қай жерде қандай оқиға болып жатқанын қолдарыңызға беремін. Мысалы, Семейде бір кісінің ұлын вахтада болған кезінде өлтіріп кетеді. Соған іс қозғамағанына бір жылдана асты. Бір-ақ кейс қана”, – дейді депутат.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!