Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Үкіметте орын алған ауыс-түйістерге қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ өкілдері палата төрағасынан орнын босатқан министрлерге қатысты сұрады.

«Бұрынғы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жұмысынан түсіп қалды» деген дұрыс баға емес шығар. Ол Ақмола облысының әкімі болып тағайындалғанын білесіздер. Үлкен сенім, ертең Ақмола облысында көптеген бастаманы жүзеге асыратынына сенемін. Білікті, білімді басшы. Облыста да көп нәрселер жасалды. Реттелуі тиіс жұмыстар да бар.Сол себепті облыстың дамуы үшін еңбегін сіңіреді деп сенеміз. Бұл – бірінші мәселе, – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол мәселеге байыппен қарауды шақырды.

Ал екінші мәселе – Асхат Оралов пен Дархан Қыдырәліні айтып жатырсыздар. Қазір бір нәрсеге байыппен қарауымыз керек. Реформа жүріп жатыр. Жаңа министрліктер жасақталуда. Мәдениет және ақпарат, Су ресурстары министрлігі құрылды. Ондай кезеңде бір адамдардың кетіп, орнына басқалардың келуі – заңды процесс. Бұл азаматтардың барлығы – жас адамдар. Әрі қарай әртүрлі бағыттарда қызмет етеді деп сенеміз. Жалпы, мемлекеттік қызметтен бір адамдар кетіп жатса, оны трагедия ретінде қарамау керек. Бұл демократиялық мемлекеттердегі күнделікті процесс. Бір адамдар билікке келеді, биліктен кетеді. Біреулері университеттерге барады, үкіметтік емес ұйымдар бар. Қоғамдық ұйымдарға немесе қабілеті болса, бизнеске барып жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар. Басқа бағыттарда елге қызмет етуге мүмкіндіктері болады. Елге қызмет етудің көптеген мүмкіндігі бар. Бұл тек қана билікте министр болып отыру деген сөз емес. Білімді, жас азаматтар. Мемлекеттік емес бағыттарда да көп нәрсе жасайды деп сенемін, – деді спикер.

Журналист: «Бұл атқарушы билікте стратегиялық болжамның жоқтығын білдірмей ме? Неге күрт шешімдер қабылданып жатыр?» деген сұрады.

Былтырғы қаңтардан бастап өте күрделі процестердің жүріп жатқанын көріп отырсыздар. Үлкен саяси, экономикалық реформалар жүзеге асырылуда. Әлеуметтік мәселелер де жоқ емес. Сол себептен осындай кезде бір адам бір жерде 5-6 жыл отырсын деген шарт жоқ. Қазір қоғам өте жылдам дамуда. Өзгерістер күн сайын орын алуда. Елдің айналасындағы жағдайды да көріп отырсыздар. Бір жыл деген де аз уақыт емес. Бір жылда да көп нәрсе жасауға болады, – деді Сенат төрағасы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!