Алты Алаштың баласы Сырда басын қосты. Алыстан ат терлетіп, Алтай мен Атырау арасынан жиылған зиялылар елдің ертеңін ортаға салып, бүгінге баға берді. Ұлттық құрылтайдың түп-төркіні де сонда жатыр. Өткен жылғы жиында Мемлекет басшысы Алашқа ана, талайға пана болған Сырдағы астана атанғанымызға, қазақтай қастерлі ұлт атауын қайтарғанымызға ғасыр толғанын еске салған. Сол кезде-ақ келесі құрылтайдың Сырда болатынын бекіткен еді. Күні кеше көптен күткен сол ұлттық мәселелерді ортаға салар алқалы жиын Сыр топырағында өтті.

Ұлытаудан басталған Ұлттық құрылтайда ұтымды ұсыныстар мен шешімдер айтылып, маңызды бастамалар көтерілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда «Сыр бойы нағыз еңбек адамдарының мекені» деп пікір білдірді. Маңдайы күнге күйіп, табаны жерден нәпақа тауып, тер төккен еңбеккерлердің мекені екені рас. Бір ауылдан жүз шайыр шықса, тағы бір ауылдан ондаған, жүздеген Еңбек Ері шығып жатыр. Бірі тарих қойнауына еніп кетсе, енді бірі – ел үшін еңбекте алдыңғы шепте.

− «Сыр елі − жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл ел біледі. Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан жүзге жуық еңбек адамы шыққан. Аты мәшһүр ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевты ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді, − деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз арасында Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатқанын айтып, облыстың дамуын жоғары бағалады. Мысалы, өткен жылы аймақтың жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өссе, 3 жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылған.

− Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығының іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу электр орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі, облыс тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы «көгілдір отынды» пайдаланады. Елді мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар аймақтағы автокөлік жолының сапасы жақсы жағдайда екенін айтты. Бұл ретте елде алдыңғы қатардамыз. Тіпті көрші аймақтың тұрғындары да тамсанатынын талай айтқан. Сырт көз демде байқайтын бір жетістігіміз – осы.

Ұлттық құрылтай - ұлт мүддесі жолында ұлы істердің ұйытқысы

− Облыстық әуе және теміржолы жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата терминалының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 теміржол бекетін жаңғырту басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі, − деді Президент.

Құрылтайда айтылған маңызды үндеулерге тоқталсақ, Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдады. Ал арнайы Жарлыққа бүгін қол қояды. Негізінен бастапқы жоспар − Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болған. Мұндай ауқымды өзгерісті Президент: «2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал, ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз», − деп түсіндірді.

Сонымен қатар Президент бір палаталы Парламентке көшу жайлы бастаманы халық қолдап отырғанын жеткізіп, оны «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Бұл атау тарихи мағынаға ие және мемлекет институтының символы. Мұнан бөлек Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс айтылды.

− Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма заңда нақты белгіленуі қажет, − дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Экология мәселесі де назардан тыс қалмады. Сәуірде Астанада халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттердің басшыларымен Арал мәселесі талқыланады. Осы орайда Мемлекет басшысы Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашатынын айтты. Сырбойылықтар үшін тағы да бір маңызды шешім – Мемлекет басшысы «Қызылорда-Ақтөбе» жолын кеңейтуге тапсырма берді. Ал мәдениет саласына келер болсақ, Қызылордада жаңа драма театр, ұлттық кітапхана салынбақ.

Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында 21 жастағы бойжеткеннің өлімі жайлы ақпарат тарады. Мемлекет басшысы бұл мәселені де назарға алды.

− Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоққы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді.

Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс, − деді Президент.

Ұлттық құрылтай - ұлт мүддесі жолында ұлы істердің ұйытқысы

Иә, Ұлттық Құрылтай 20 қаңтарға белгіленгенімен, бір күн бұрын Сыр елінің бас қаласы Қызылорда елдік мүдде таразыға түскен маңызды алаңға айналды. Төрт түрлі бағыт бойынша төрт түрлі тақырыпты қамтыған секция отырысы таңнан кешке дейін жалғасып, мазмұнды пікір алмасуларға жол ашты. Құрылтай жұмысы алғашқы күннен-ақ нақты ұсыныстар мен салмақты ойлардың тоғысқан тұсы болды. Себебі секция отырыстарына елдің түпкір-түпкірінен келген 100-ден аса құрылтай мүшесі қатысып, 70-ке жуығы сөз сөйлеген. Қоғамның тамырына қан жүгіртетін бастамаларды ортаға салып, бас-аяғы 200-ден астам ұсыныс айтылды.

Алдымен түске дейінгі уақыт «Әлеуметтік-мәдени даму» мен «Білім және ғылым» тақырыптарына арналды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, рухани әлеуетті арттыру, білім мен ғылымды заман талабына сай дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Секция отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі кітапханалардағы балалар әдебиетіне қатысты қордаланған мәселені ашық көтерді. Оның айтуынша, кейінгі жылдары кітап саны артқанымен, мазмұн сапасы мен сұраныс арасындағы алшақтық әлі де жойылмаған. Министрдің сөзінше, тәуелсіздік жылдарында кейбір авторлардың еңбектерінің атfуы өзгертіліп, бірнеше мәрте қайта басылғанымен, балалардың қызығушылығын оятып, өз еркімен іздеп жүріп оқитын тың шығармалар тым аз.

− Балалар өзі оқығысы келіп, іздеген кітабын таба алмайды. Балалардың кітапқа қызығушылығын арттырғымыз келеді, бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратын әдебиеттер аз. Бұл – ашық айтуымыз керек шындық, – деді министр.

Әрі «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру мәселелері көтерілді. Осы орайда Қызылорда медициналық колледжінің кітапханашысы Феруза Жанаевамен байланысқа шығып, аз-кем пікірлестік. Оның айтуынша, әрбір кітапхананың негізі – оның кітап қоры. Кітап қоры жақсы қалыптасқан кітапханада, әр оқу жылында оқырман саны артып, оқуға деген сұраныстар күшейеді.

− Кітапханашының басты мақсаты – кітапты ұсынбастан бұрын бала бойындағы қызығушылықты ояту. Қызығушылық болған жағдайда ғана балалар өзінің сүйікті кітабы мен жазушыларын тауып алары сөзсіз. Кітапханашы үшін оқырман тек статистикалық цифр ғана емес, ол жан-жақты, өзінің айқын мақсаты бар оқырман. Қазақстандағы жас оқырмандар фантастика, комикс және көркем әдебиет жанрларын жиі таңдайды. «TikTok»-та «#BookTok» сияқты флешмобтар жастардың оқуға қызығушылығын арттырып, әлеуметтік желідегі трендті кітаптарды оқуға ынталандырады, − дейді кітапханашы.

Ал Білім-ғылым секциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «AI-Sana» бағдарламасы аясында 100 мың студент жасанды интеллектінің тереңдетілген алгоритмдерін меңгеретінін хабарлады. «Ai-Sana» бағдарламасы былтырдан бері жүзеге асып келеді. Осы күнге дейін 668 мың студент оқыған.

Өңірлік хабтардың да осы бағдарлама төңіргендегі жетістіктері аз емес.

− Иә, республика бойынша «AISana » бағдарламасы жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда бағдарламаның екі легі жүзеге асты. Алғашқы легінде білім алушылар базалық курс оқып, білімін жетілдірді. Қызылорда облысы бойынша 18 мыңға жуық жас білім алды. Алдағы уақытта тағы екі лек іске қосылып, қатысушылар арнайы технологиялық-кәсіпкерлік бағытындағы оқу оқиды. Сонымен қатар ЖИ бағытындағы стартап жобаларды құру мен жүргізу жұмыстары басталады, − дейді өңірлік Kyzylorda Hub орталығының жетекшісі Жанарыс Тубекбаев.

Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің хатшысы, Ұлттық құрылтай мүшесі Олжас Сүлеймен «Білім және ғылым» секциясында жастарға қатысты мәселелер, атап айтқанда, білім сапасын арттыру және білім беру саласындағы өзгерістер талқыланғанын айтады.

− Қазіргі таңда мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларда, әсіресе математика және басқа да пән бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Сондай-ақ робототехника саласында Қазақстанның төрт дүркін әлем чемпионы атануы – кез келген елге бұйыра бермейтін үлкен жетістік. Мемлекет басшысы бұл жастарды қабылдап, қолдау білдіріп жатыр. Алайда өңірлерде осындай жетістікке жеткен жастарды спортшыларды қарсы алғандай салтанатпен қарсы алып, қоғамға кеңінен таныстыру қажет, − деді ол.

Осылайша, таңғы секциялар күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бетін ашып, келесі талқылауларға берік негіз қалады. Ал түстен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың жетекшілігімен құрылтай жұмысы жаңа арнаға түсіп, назар азаматтық қоғам мәселесі жайында болды.

Ал экономикалық даму жөніндегі отырыста ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин былтыр ел экономикасы тұрақты болғанын айтты. Өткен жылы ЖІӨ 300 миллиард АҚШ долларынан асса, жан басына шаққанда шамамен 15 мың АҚШ долларына жеткен. Жауапты мамандар экономиканың өсу қарқыны 6,5% екенін мәлімдеді. Ал бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Алдағы жоспар, яғни басты міндеттің бірі − инфлияцияны тұрақтандыру және төмендету. Себебі былтыр елде жоғары инфлияциялық қысым байқалған. Мысалы азық-түлік тауарларының бағасы 5,5, азық-түлік емес тауарлар 11,1, ақылы қызметтер 12% жоғарылаған. Сыр елінде өткен салмақты жиынның бірінші күні жайлы жазарымыз осы.

26 заң мен 13 құжат

Бүгінге дейін құрылтай еліміздің ұлт ұясы – Ұлытауда, түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда, мұнайлы өлке – Атырауда ұйымдастырылды. Ал былтыр құрылтайшылар Бурабайда бас қосса, биыл келелі кеңес Сыр елінің орталығы Қызылордада өтті.

2022 жылы Мемлекет басшысының бастауымен қолға алынған Ұлттық құрылтай отырысында ел дамуы талқыланып, қоғамдағы түрлі мәселенің шешу жолдары қарастырылып келеді. Сырдағы салмақты жиынның жемісі кейін көрінер, десе де бұған дейінгі 4 құрылтайда көтерілген түрлі мәселенің түйіні шешілді ме?

Өткенге шегінсек, 2022 жылы Ұлытаудағы құрылтай шеңберінде Республика күні мерекелер санатына қайта қосылды. Кейін 2023 жылы Түркістан төрінде жастар мәселесі басты назарға алынды. Ал еліміздің батысында жиналған жиында, яғни 2024 жылы ұлт деңгейіндегі қасірет те шет қалмады. Бурабайда әлеуметтік-экономикалық бағдар, өңірлер арасындағы теңсіздік, ресурстарды бөлу секілді тақырыптар қаузалды.

Осы уақыт ішінде қабылданған шешімдер мен өзгерістерді жиып тергенде Ұлттық құрылтай аясында 26 заң мен 13 ірі құжат қабылданған екен. Мысалы әйелдер мен балаларды қорғау, вандализммен күрес, есірткі тасымалына байланысты жауапкершілікті күшейту заңмен шегеленді. Республика күні ұлттық мереке ретінде бекітіліп, Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Сондай-ақ вейптерге тыйым салу, лудоманияға қарсы шектеулер қою, БАҚ туралы жаңа заң, онлайн-платформаларды реттеу қолға алынды, ғылым мен білім заңнамасына түзетулер, Мемлекеттік наградаларды стандарттау, «Айбын» орденіне батырлар есімін беру, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру бойынша заңдар қабылданды. Сонымен қатар құрылтай шешімімен бірнеше кешенді жоспар мен бағдарлама іске асырылуда. «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізіліп, Ұлттық кітап күні белгіленді, Яссауи мұраларын зерттейтін ғылыми орталық құрылып, «Әзірет Сұлтан» қорығына ұлттық мәртебе берілді. Нашақорлыққа, лудоманияға қарсы және волонтерлікті дамытуға арналған 2026 жылға дейінгі жол карталары әзірленді. Ал Бурабайдағы жиыннан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекітілген. Құрылтай бастауларын жүзеге асыру барысында Парламент депутаттарының қолдауымен былтыр 6 заң қабылданды.

V Ұлттық құрылтайда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бала құқығын қорғаудағы шаралар бір арнаға тоғыстырылып жатқанын айтты.

− Ғылым және білім, бала құқықтарын қорғау саласында маңызды бастамалар қолға алынды. Жақында ғылыми қалашықтар құру және дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Мектептердегі аралық замануи тәрбие бағдарламасы жетілдірілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы әзірленді. Балалардың құқығын қорғау бағытындағы шараларының бәрі енді осы құжатқа біріктірілді, – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ ол, жуырда Үкімет қаулысымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспар қабылданғанын атап өтті.

− Өткен жылдың қараша айында Президенттің Жарлығымен ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Бұл құжат – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ішкі саясат саласын жүйелейтін алғашқы тұжырымдамалық құжат. Оны әзірлеуге құрылтай мүшелері, сарапшылар ерекше атсалысты, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Құрылтайда қолына қалам ұстаған қадірлі мамандық иелерінің де мәселесі көтерілді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, жұртшылықты шынайы әрі нақты ақпаратпен жедел қамтамасыз етіп отырған әріптестеріміз де Мемлекет басшысына ұсыныс айтты. Бұл қатарда «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлова да бар.

– Президент мырза, БАҚ-ты қолдауыңызды сұраймын. Сырттан келетін ақпарат көлемі күн сайын артып келеді. Ал адамның оны түсініп, сараптау мүмкіндігі шектеулі. Сол оқиғалардың нарративтерін өзіміз айқындай алуымыз керек. Түсіндіру логикасын өзгелер емес, өзіміз белгілеуіміз қажет. Сонымен қатар медиасауаттылықты жүйелі түрде күшейту керек. Медиасауаттылық – қоғамды сыртқы ақпараттық манипуляциялардан, қауіптерден қорғаудың құралы. Медиа сауаты бар азамат әлеуметтік желідегі жалған сөзге тәуелді болмайды. Осыған қоса, отандық БАҚ пен кәсіби журналистиканы қолдау маңызды. Шынайы, сапалы ақпаратқа сұраныс азайған жоқ. Отандық БАҚ бірқатар қиындыққа қарамастан өз жұмысын жемісті жалғастырып келеді. Осы орайда, Президент мырза, БАҚ-ты қолдауыңызды сұраймын, – деді ол.

Ұлттық құрылтай – ұлт мүддесі жолында ұлы істердің ұйытқысы. Сөз басында айтқанымыздай, осыған дейін болған әрбір құрылтайдың жемісті нәтижелерін көріп келеміз. Мемлекет басшысы қоғамдағы маңызды мәселелерді тілге тиек етіп, елдің ертеңі жолында не істеуіміз керек деген тақырыпқа бағыт пен бағдарды айқындап берді. Ендігі мақсат – осы бағыттағы қадамдардың қарқынын күшейту.

Әлия ТӘЖІБАЙ,
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!