«Жастар – елдің жарқын болашағы» деген жалынды сөздер олардың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Шынында да, мемлекет тағдырын айқындайтын ең басты күш – жас буын. Қоғамға тың серпін сыйлайтын жаңашыл жастар идея мен шабытқа, энергияға бай һәм жастардың саясаттағы да белсенділігі елдің даму бағытын анықтайтын негізгі фактордың бірі.
Алайда жастардың саяси қызығушылығы төмен екені жасырын емес. Оның салдарынан қоғамның дамуы да баяулайды. Қазақстанда 6 миллионға жуық жас бар. Ғаламтордағы зерттеулер мен статистикаға сүйенсек, олардың 90%-ы саясаттан алшақ. Демек ең өзекті мәселе – жастарды саясатқа тартудың жаңа жолдарын табу. Себебі жастар саясаты – тек бір буынның ғана емес, тұтас елдің тағдырына әсер ететін сала.
ЖАСТАР НЕГЕ САЯСАТҚА СЕЛҚОС ҚАРАЙДЫ?
Қазақ жастарының көбі саясатқа келгенде «құмға сіңген судай» жоғалып кетеді. Неге? Себебі олар үшін саясат – қол жетпес қамал секілді. Қағазға тұншыққан баяндамалар, бір сарынды жиналыстар мен ұзақ сөздер… Сырттай қарағанда саясат жас буынға тартымды емес, керісінше шаршататын ресми рәсімдерден тұратын тұмшалы дүние болып көрінеді.
Тағы бір себеп – жастардың сөзін тыңдамау. Ойы мен ұсынысы ескерілмеген жерде олар өздерін артық сезінеді. Осындайда жас буын қоғамнан алыстап, «біздің пікірімізді бәрібір ешкім тыңдамайды» деген ой қалыптасады. Кейбірінің «үнін» өзіміз өшіретініміз тағы бар…

Бұл мәселе төңірегінде Қызылорда облыстық мәслихат депутаты, «Ауыл» партиясының облыстық филиалының төрағасы Садық Мұстафамен байланысқан едік. Ол жастардың саясаттан неліктен қашатындығы туралы ойымен бөлісіп, нендей дүниелерге басымдық берген дұрыс екенін айтып берді.
– Жалпы «нақты саясат» деген ұғым жоқ. Саясат – жастарға қажет, олар оны біледі, түсінеді және онымен айналысады. Бірақ біздің аға буынның көзқарасы кеңестік дәуірден қалған түсінікке жақын. Ол кезде халық партияның айтқанын бұлжытпай орындады. Ал қазіргі жастар олай емес, олар сауатты, ізденімпаз, бірақ саясатқа тек қажет болса ғана араласады, – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, жастардың саясатқа деген қызығушылығын әділетсіздік жояды. Халық сеніміне кіріп, кейін сол сенімді таптаған шенеуніктердің қылығы жастардың көзқарасына көлеңке түсіреді. «Сүттен ақ, судан таза» образдары арыстанның үлгісіндей болып көрінген шенділердің артынша жаза арқалағанын тамашалау олардың саясатқа деген сеніміне сызат түсіреді.
– Жастардың барлығы саясатқа кіріп, оны өмірлік кәсібіне айналдыруы міндет емес. Әркім өз қабілеті мен қызығушылығына қарай ғылым, өнер, спорт, кәсіпкерлікке бет бұрады. Сол жол бойынша елге еңбек етуге тырысу – міне, осы дұрыс таңдау. Саясат – мүмкіндік, бірақ міндет емес, – дейді Садық Шоңмұрынұлы.
Саясатқа қызығушылар аз болғанымен, жастардың бәрін бірдей осы салаға тарту қажет пе деген де сауал жиі туындайды.
– Балаға мектепте де, үйде де тым ерте саясаттың ауыр жүгін жүктеудің қажеті жоқ. Оның басты міндеті – білім алу. Сол білімнің арқасында арманын жүзеге асырып, өз жолын тапсын. Ал саясатқа араласу – саналы кезеңде шешілетін дүние. Әр жас елге деген сүйіспеншілігін сөзбен емес, іспен дәлелдеуі тиіс. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан шығады?» деген нақылдың төркіні де осы, – дейді мәслихат депутаты.
Осылайша, жастардың саясаттан бойын аулақ салуының бірнеше себебін анықтап алдық: күрделілік, әділетсіздік және сенімсіздік. Олар мүлде қызықпайды дегенді білдірмейді, керісінше, қажет кезінде ой қосып, іске араласады. Бірақ «сенімсіз қоғамға» сенімсіз көзқараспен қарайтынын айқындайды.
ЖАСТАРДЫ САЯСАТҚА ТАРТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ
Жастарды саясатқа қызықтыру үшін заманға сай әдістер қажет. Әлеуметтік желідегі қысқа бейнероликтер, подкасттар, интерактивті тренингтер арқылы саясатты жеңіл әрі тартымды етіп жеткізуге болады. Мәселен, пікірталас клубтары, симуляциялық парламент отырыстары ұйымдастырылса, олардың ойлау қабілеті дамып, саяси мәдениеті қалыптасады.
– Жыл сайын қоғамдық жұмысқа белсенді араласатын жастардың саны артып келеді. Әлеуметтік желілерде көшбасшылардың ықпалымен саясатқа қызығушылық трендке айнала бастады. Нәтижесінде жастар түрлі ұйымға кіріп, өз пікірін ашық айтуға бейімделуде. Мемлекет тарапынан да мектептегі өзін-өзі басқару ұйымдары, дебат қозғалыстары, студенттік клубтар жастарды қоғамдық өмірге тартуға ықпал етіп отыр. «Таза Қазақстан» сияқты бастамалар азаматтық белсенділікті арттыруға жол ашады, – дейді жастар саясаты саласының сарапшысы, профориентолог Жасұлан Қуандық.
Жастардың саяси белсенділігін арттыруда ұйымдардың атқаратын рөлі зор. Солардың ішінде «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты ерекше орын алады. Осы орайда «Жастар рухы» жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әсетхан Баймұрзада жастар саясатына байланысты тың жаңалықтармен бөлісті.
– «Жастар рухы» қатарында облыс бойынша екі мыңнан астам жас қызмет атқарады. 7 аудандық, 2 қалалық филиал жұмыс істейді. Өңірдегі барлық ЖОО-лар мен колледждерде бөлімшелер ашылып, жастардың белсенділігі артып келеді.
Біз есірткіге, вандализмге қарсы акциялар, «Қауіпсіз қоғам – қауіпсіз қала» жобасы, IT-сайыстар ұйымдастырдық. Еріктілер қозғалысы да ерекше серпінге ие болды. Мәселен, 500-ге жуық ардагерге тегін көмек көрсетілді.
Қазір мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған «Мета ғалам – инклюзия» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұған қоса, жастар лагерлері мен «Жас көшбасшылар мектебі» жобасы ел көлемінде ұйымдастырылуда. Аталған жобалар бойынша жастар тек білім алып қана қоймай, сертификатқа ие болады және осы берілген сертификат аясында жұмысқа тұруға мүмкіндік алады, – дейді Әсетхан Қазиханұлы.
Оның айтуынша, жастарды қолдау тек саясатпен шектелмейді.
– Облыс әкімдігінің қолдауымен «Сыр жастары» ипотекалық бағдарламасы іске асуда. Бұл жас отбасыларға баспана алуға жол ашты. Сондай-ақ қайтарымсыз гранттар, оның ішінде ауыл жастарына арналған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсіп ашуға мүмкіндік берілуде. Бұл – жастардың әлеуметтік тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да белсенділігін арттыратын маңызды қадам, – дейді ол.

Осы турасында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшесі, студент Үміт Тасмағамбетова жастар саясатының маңыздылығы мен ұйымның жас буынға беретін мүмкіндіктері жайлы ойымен бөлісті.
– Бүгінгі қоғамда жастардың орнын айқындайтын, олардың бастамаларына серпін беретін ұйымдардың рөлі ерекше. Солардың бірі – «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты. Көпшілігімізге бұл ұйым бұрынғы «Жас Отан» атауымен таныс. Қай кезеңде болмасын, ол жастардың үнін жеткізетін, олардың мүддесін қорғайтын белсенді орта екені бәрімізге белгілі.
Ұйымның басты мақсаты – жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік белсенділігін арттыру, патриоттық тәрбие беру, еріктілік қозғалысты дамыту және мемлекеттік саясатқа жастарды кеңінен тарту.
Мен «Жастар рухы» қатарына 2022 жылы қосылдым. Содан бері ұйым аясында түрлі қоғамдық жобаларға қатысып келемін. Волонтёрлік бастамалар, экологиялық акциялар, білім беру және мәдени шаралар – барлығы жастардың ой-өрісін кеңейтіп, қоғамға пайдасын тигізуге бағытталған. Ұйымның филиалдары еліміздің жоғары оқу орындарында, колледждерінде және өңірлерінде жұмыс істеп, әрбір жастың белсенділігін арттыруға ықпал етіп отыр.
«Жастар рухы» тек қоғамдық қызметпен шектелмей, спорттық, шығармашылық және кәсіпкерлік жобаларға да қолдау көрсетеді. «Жастарды біріктіріп, ел дамуына үлес қосу» деген ұран бұл ұйымның бағытын айқын көрсетеді.

Мен үшін ең есте қалғаны – ұйым аясында еліміздегі маңызды саяси науқандарға қатысуым болды. Президент сайлауы, oблыс әкімі сайлауы, АЭС салу жөніндегі Референдум секілді маңызды іс- шаралар кезінде жастар белсенділік танытып, елдік мәселелерге бейжай қарамайтынын дәлелдеді.
«Жастар рухы» – еркін ойды ашық айтуға мүмкіндік беретін, тың идеяларды жүзеге асыратын, өнер мен ғылымға, арман мен мақсатқа жол ашатын ерекше орта. Мұнда әрбір жас өзіне сенімді болып, жаңа достар тауып, қоғамға пайдалы болудың жолын табады.
Жастардың күші – елдің болашағы. Ал сол күшті дұрыс арнаға бұратын ұйымның бірі осы «Жастар рухы» деп ойлаймын, – дейді ол.
ЖАСТАР ӘЛЕУЕТІ
Жастардың әлеуетін бағалағанда олардың тек саяси сауаттылығы емес, кәсіби дамуға деген ынтасы да назар аудартады. Бүгінде жастар IT саласын, жасанды интеллектіні, көп тілді меңгеруді мақсат етеді. Бұл – олардың жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола алатынының дәлелі.
Мемлекеттік жастар саясаты осы әлеуетті дамытуға бағытталған. Білім гранттарының көбеюі, халықаралық университет филиалдарының ашылуы жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік беріп отыр. «Менің алғашқы жұмыс орным», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары еңбек жолын сенімді бастауға жол ашуда.
Еңбек нарығында сұранысқа ие IT, медицина, педагогика салаларына жастардың қызығушылығы артып келеді. Әсіресе үздік түлектердің педагогикалық мамандықты таңдауы – білім саласының мәртебесінің қайта өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Дегенмен бәрі оңай емес. Кейбір жастар мамандықты жүрек қалауымен емес, «атақ пен жалақыға» қарап таңдайды немесе ата-анасының ықпалымен қаламаған саласына оқуға түсуге мәжбүр. Мұндай жағдайда кейін өкінішке тап болу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап кәсіби бағдар беру жүйесін күшейту ауадай қажет. Әр оқушы өз бейімін ерте анықтап, дұрыс бағытта дамуға мүмкіндік алса, елдің кадрлық әлеуеті де әлдеқайда сапалы болмақ.
ЕЛ БОЛАШАҒЫ – ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
Жастардың саясатқа араласуы – елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Егер жас буын бейжай болса, қоғамда тоқырау туындайды. Осындайда белсенді жастар ел мүддесін қорғап, жаңа бастамалар көтере алады.
Бірақ бір жайт анық: саясат – мүмкіндік, бірақ міндет емес. Әр жас өз орнын тауып, адал еңбекпен қоғамға үлес қосса – соның өзі елдің ең үлкен жетістігі. Біреу саясатпен айналысса, біреу ғылымды дамытады, енді бірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Жастар қай салада жүрсе де, жауапкершілікті қатар алуға бейімделсе, еліміздің болашағы сенімді болары хақ.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!