Қазақстанның қаржы жүйесі – бұл мемлекеттің экономикалық тұрақтылығының айнасы ғана емес, сонымен бірге қоғамның сан қырлы қарым-қатынастарын бейнелейтін күрделі механизм. Елімізде 2024 жылдың ең кейінгі мәліметі бойынша, республиканың банк секторында екінші деңгейдегі 21 банк жұмыс істейді. Күнделікті өмірде Kaspi.kz, Halyk bank-ті жиі қолданамыз. Кәсіпкерлер үшін де бұл бизнес жүргізудің ең қолайлы тәсілі болып отыр. Алайда салықтан жалтарып, мемлекетті алдап жүрген «пайдақорлардың» да көбейгені рас. Осы мәселені шешу үшін билік өкілдері 100 аударым ережесін енгізбек. Толығырақ мақаламызда оның дұрыс һәм бұрыс жақтарына талдау жасап көреміз.
КӨЛЕҢКЕЛІ ІС КӨБЕЙДІ
Бүгінде қаржы айналымын бақылау мемлекеттің экономикалық саясатының маңызды бөлігіне айналды. Оның ішінде, 100 аударым ережесі – елдегі банктік операцияларды реттеуге және көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған батыл қадам. Оның астарында мемлекет пен қоғам арасындағы терең байланыстар, кәсіпкерлік мәдениет және салық салу тәртібін жетілдірудің күрделі мәселелері жатыр. Осы шектеудің мақсаты – жеке тұлғалардың қаржылық қызметін заңдастыру арқылы әділетті жүйе құру және еліміздегі экономикалық ашықтыққа қол жеткізу.
Қаржы министрлігінің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, осы сауал төңірегінде талқылау жұмыстарын жүргізді.
– Егер маған, жеке тұлға ретінде, әрқайсысыңыздан 1 теңгеден аударым түссе, мұнда сома маңызды емес, бастысы – адамдар саны. 50 адам 1 теңгеден жіберсе, бұл 50 мобильді аударым. Егер осылай 100-ден астам адам үш ай қатарынан аударым жасайтын болса, бұл бақылауға алынады. Мобильді аударымды жеке мақсатта пайдаланатындар, яғни туыстарына, жақындарына, балаларына ақша аударатындарға бақылау жасалмайды. Мысалы, анасы күнде баласына ақша жіберуі мүмкін, ол күніне 10 рет аударым жасауы мүмкін, бірақ бұл тек 1 адам, бір ғана жеке тұлға жіберуші болып есептеледі. Мұндай жағдайда бақылау жасалмайды. Бақылауға алынатыны – бизнес-шоттарды қолданбайтын кәсіпкерлер. Мысалы, сіз дүкенге барғанда, сізден QR-код немесе картамен емес, аударым арқылы төлеуді сұрайды. Кәсіпкерлер көбіне табыстарын төмендетіп көрсету арқылы шығындарын оңтайландыруға тырысады, – деп түсіндірді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова.
Иә, қазір расымен мемлекетті алдап жүргендер жетерлік. Кішігірім дүкен ашып, оның кәсіп көзіне айналдырып, алайда бизнесін заңдастырмай жүргендерді күнде кездестіреміз. Қарапайым халық мұны байқамаса да, мұндай заңсыз әрекеттердің үлесі ішінара экономикаға үлкен соққы екенін ескергеніміз абзал.
ЗАҢ БАР ЖЕРДЕ ЖАЗА ДА БАР
Билік өкілдері мәселені майшаммен қарағанымен, аударымдар келесі жылдан бастап қадағалауға алынады, сонымен қатар арнайы заң іске қосылады деп күтілуде. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі атап өткендей, аударым сомалары емес, қатарынан үш ай бойы 100-ден астам адамнан аударым қабылдаған жеке тұлғалар ғана бақылауға алынады. Мұндай жағдайда, аударым қабылдаған азаматтың ЖСН-і Мемлекеттік кірістер комитетіне беріледі. Осыдан кейін жеке тұлғаға камералдық бақылау жүргізілетіні туралы хабарлама жіберіледі. Ол өз кезегінде, осындай көлемдегі аударымдарды не себепті қабылдағанын түсіндіруі тиіс. Түсініктеме беру үшін 30 жұмыс күні беріледі. Егер азамат хабарламаға жауап қайтармаса, оның шығыс операциялары уақытша тоқтатылады.
Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа ереже күшіне енгеннен кейін жеке тұлғалардың мобильді аударымдары тек белгіленген критерийлерге сай болған жағдайда ғана тексерілетінін ескерткен еді. Егер бұл талаптар бұзылса, жеке тұлғаларға айыппұл салынуы мүмкін. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәсіпкерлік қызметпен тіркелместен айналысқан азаматтарға айыппұл қарастырылған. Егер тұлға заңды алғаш рет бұзғаны болса – 15 АЕК мөлшерінде (2025 жылы 58 980 теңге), ал екінші рет қайталаған жағдайда – 30 АЕК мөлшерінде (2025 жылы 117 960 теңге) өтеуге тиіс болады. Бүгінде бұл ұсынысты Ұлттық банк жан-жақты зерттеуде. Мұның бәрі қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолға алынатын жұмыстар легі.
ӘРІ ТАРТСАҢ АРБА СЫНАДЫ, БЕРІ ТАРТСАҢ ӨГІЗ ӨЛЕДІ
Бұл жаңалық, әрине, кәсіпкерлерге жаға қоймады. Себебі таяқтың екі ұшы секілді, бұл мәселе де екі жақты көзқарасты қажет етіп тұр. Қаржылық операциялардың икемсіздігі көптеген кәсіпкердің жұмысына тосқауыл болайын деп тұр. Себебі кәсіпкер де жеке тұлға. Жеке тұлға достары мен туыстарына жиі ақша жіберсе, бұл – кәсіпкерлік қызмет ретінде танылуы мүмкін. Нәтижесінде аударымдар күдік туғызып, қосымша тексеруге әкелуі ықтимал болады. Тіпті есепшот бұғатталып қалса таңғалмаңыз.
Үлкен бизнесті тізгіндегендер үшін бұл қалтаға ауыр түспегенімен, орта және кіші кәсіппен айналысып отырғандар үшін айтарлықтай кедергі. Қосымша кәсіпкерлік шот ашу, оған қоса салық төлемдері де қомақты қаражатты қажет ететіні белгілі. Сондай-ақ мұның салдарынан заңсыз әрекетке барушылардың саны артуы мүмкін.
Мәселен, тұрақты жұмысы жоқ отбасылы азамат такси қызметімен айналысып, өз отбасын асырауға мәжбүр делік. Алайда ол жұмысын «адалынан» атқаруүшін бизнесін заңдастыру керек. Күні бойы халықты тасып жүрген ол бір айдың ішінде 100-ден астам адамға қызмет көрсетеді. Яғни 100 аударымнан асады.
Әлеуметтік желіде осы бақылауға қатысты түрлі пікірлер пайда болды. Солардың бірі – Facebook желісінің қолданушысы Салтанат Шымбергенова:
– 100 аударым дегенді кім шығарған екен? Мәселен, мен сырт киім сатып, айына 10 аударым жасап-ақ кәсіп қылсам болады. Айлық табысым 500 мыңнан асып кетті делік. Бірақ тексеріске ілінбеймін, себебі 10 аударым ғана жасалды. Ал нан сатып отырған адам немесе самса сатып жүрген базардағы апа ілінеді. Себебі нанның бағасы 200 теңге. Ал олар болса наннан 10 ақ теңге пайда көреді екен. Масқара. Осы жерде әділдік қайда? – деп түсінбегендігін жеткізді.
Tiktok желісінің белсенді қолданушысы, мыңдаған оқырманы бар _danochkkka осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді:
– Kaspi.kz-ті күнделікті қолданамын. Алайда кейінгі кезде аударымдарға қатысты жайт алаңдаттырмай қоймады. Бизнесім шағын, ағарған сатумен айналысамын. Ал мына жайтқа қарасақ, мүлде пайда көзін көрмейін деп отырмын. Салық қалтамызға ауыртпашылық салады. Tiktok-та менен жарнама сатып алатындардан түскен ақша да өзімде қалмайтын болды. Айтуға қысыласың, бірақ халыққа қиын ғой. Жастарға арнайы жағдай жасалуы керек, мәселе тез шешімін тапса екен, – дейді ол.
Бұл күндері тіпті банк қызметтеріне байкот жариялап, қолма-қол ақшаны ғана қолдануды қайтадан қолға алайық деушілер көбейді.
Қаржылық бақылаудың күшеюі көлеңкелі экономиканың алдын алуды көздесе де, ол орта және шағын кәсіп иелерінің иығына ауыр жүк екенін байқадық. Қарапайым халықтың нәпақасын адал тауып, азғантай табысын әділетті жолмен заңдастыру қажеттілігі туындап отыр. Алайда бұл жүйе баршаға бірдей әділдік пен теңдік әкелуі үшін, жұртшылықтың нақты қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескерілуі шарт.
Мемлекет тарапынан бақылаудың енгізілуі – қаржылық ашықтыққа бет бұрудағы маңызды қадам. Бірақ бұл жаңа ережелерді жүзеге асыру барысында қоғамның әлжуаз топтары зардап шекпеуі тиіс. Себебі қарапайым кәсіпкердің есепшоты бұғатталып, айыппұл төлегенімен, шынайы көлеңкелі экономиканың түп-тамыры жойылмауы мүмкін. Мұндай жағдайда ереже дұрыс, бірақ оның жүзеге асу тетігі әлсіз болса, халықтың наразылығын тоқтау болу қиын.
Мемлекеттің аталған жүйені енгізбес бұрын, халыққа кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нақты ақпараттық платформаларды құруы қажет. Жаңа жүйеге бейімделу үшін жеңілдіктер жасалып, шағын кәсіпкерлер үшін салық төлеу тәртібі жеңілдетілген форматта қарастырылса, бұл қатуылды мәселе біршама жұмсарар еді.
Мемлекет экономикасы тек заңдар мен ережелер арқылы ғана емес, халықтың сенімі мен адал еңбегінің арқасында гүлденеді. Ендеше, жүйенің әділдігі мен халыққа қолжетімділігі оның табысты болуының басты кепілі екенін ұмытпайық.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!