Уақыт керуені алға жылжыған сайын, адамзат технологиялық прогресс пен әлеуметтік реформалардың жаңа белестеріне көтеріліп келеді. 2026 жыл жай ғана кезекті күнтізбелік кезең емес, бұл жыл көптеген мемлекет, әсіресе Қазақстан үшін де стратегиялық маңызды шешімдердің жүзеге асатын, заңнамалық базаның жаңаратын және мәдени парадигмалардың ауысатын межесі болмақ. Осы орайда биыл елімізде болатын өзгерістерге көз жүгіртейік.

Ең алғаш өзгерістердің бірі Салық кодексінде болмақ. Бүгіннен бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 55-бабының тармақтарына сәйкес Банк ұйымдарының мемлекеттік кірістер органына жеке және заңды тұлғалардың банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, мұндай шоттардағы ақша қалдықтары мен аударымы, тауарлардың электрондық саудасын жүзеге асыратын салық төлеушілер бойынша мәліметтерді ұсыну, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар жеке тұлғаның банк шотына түскен ақшаның жиынтық сомасы бойынша мәліметтерді ұсыну белгіленді.

Осыған дейін өздеріңіз білетіндей тек аударымдар саны ескерілетін, яғни 3 ай қатарынан 100 немесе одан да көп әртүрлі тұлғадан аударым түскенде ғана кәсіпкерлік табыс белгілері бар адам ретінде күмән туғызып, тексеру жүргізілетін еді. Енді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы қабылданған № 698 бұйрығы негізінде тағы жаңашылдық өзгеріс – жеке тұлғаның банктік шоттарында жүргізілетін операцияларды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар операцияларға жатқызу үшін шекті мәннің енгізілуі. Бұл алда құқықбұзушылықтың алдын алуға үлкен көмек береді.

Өлшемшарттарқа сәйкес 1 жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік әрбір 3 ай ішінде 100 және одан да көп әр түрлі тұлғадан жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қолданыстағы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асатын ақша алуы жатады.

Кейінгі өзгеріс өмірдің ең маңызды салаларының бірі – денсаулық сақтау жүйесінде болмақ. 2026 жылдан бастап Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты ауқымды өзгерістер күшіне енеді. Бұл жаңа бастамалар 2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған ҚР Заңымен көзделген және Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.

Реформаның негізгі мақсаты – Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру және қаржыландырудың неғұрлым тұрақты сақтандыру моделіне көшу. Бұл туралы брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді.

МӘМС жүйесімен халықты кеңінен қамту мақсатында жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады.

Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы республика бойынша шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында 684 171 адам сақтандырылған, бұл өңір халқының 83,6 пайызын құрайды. Дегенмен, 134 458 адам (16,4%) МӘМС жүйесінен тыс қалды, оның ішінде 4 823 адам әлеуметтік осал санаттарға (D және E) жатады.

МӘМС жүйесінде медициналық көмекті үздіксіз алу үшін жаңа талаптар енгізілді. Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады.

2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика мен емдеу, сондай-ақ барлық скринингтік тексерулер, оның ішінде онкоскринингтер, МӘМС мәртебесіне қарамастан тегін көрсетіледі. Сонымен қатар бірқатар созылмалы ауруларды емдеу толық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, МӘМС пакеті аясында жүзеге асырылатын болады.

МӘМС жүйесіне уақытылы қатысу – медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етудің және отбасылық бюджетті қорғаудың тиімді тетігі.

Онымен қоса 2026 жылдан бастап Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты медициналық көмек пакеттерінің құрылымында ауқымды өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер 2025 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген және бюджеттік мүмкіндіктермен үйлестірілген, азаматтарға қажетті медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік базалық медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруға бағытталған.

Аталған реформа Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Енгізіліп жатқан өзгерістер қаржыландыру моделін негізінен сақтандыру қағидаттарына жақындатып, азаматтардың денсаулығын сақтау мен нығайтудағы ортақ жауапкершілік қағидаттарын күшейтеді.

Онымен қоса 1 қаңтардан бастап зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында сала мамандары айтты.

– Жаңа жылдан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10 пайызға артады. Сонымен қатар, жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс мөлшері 237 875 теңгеге көбейтіледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 118 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі, – деді халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Алия Сламжанқызы.

– Қызылорда облысы бойынша 3293 алушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға және 2833 асыраушысынан айырылған жанұяға төлемдер мөлшері ұлғайтылды. Осылайша, жұмыс істейтін азаматтар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады. Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері ұсталуға жататын міндетті зейнетақы жарналарын қосымша есептей отырып, бала туу кезектілігіне қарай белгіленген бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінен кем болмайды. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қызылорда облысы бойынша бұл төлем 5806 алушыға артады. Әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу 2026 жылғы 1 қаңтардағы алушылардың қосымша құжаттарды ұсынуын қажет етпейді және автоматтандырылған режимде жүргізілді, – деді Қызылорда облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Гүлсім Жұмағалиқызы.

2026 жылғы реформалардың басты фокусы – цифрлық ашықтық пен әлеуметтік әділдік. Салық жүйесіндегі қатаң бақылау бюджеттің бақылануы және адал бәсекелестікке жол ашса, медицина мен әлеуметтік салалардағы өзгерістер халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Сондықтан барша кәсіпкерлерді тек кәсіпкерлік бағыттағы шотқа ғана қаражатты аудару керегін ескерте отырып, салық мәдениетін сақтауға шақырамыз.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!