Адам құқығын бұзудың ең қатал түрі – адам саудасы. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан әлемдегі мыңдаған әйелдер, ерлер мен балалар адам саудасының жан түршігерлік қылмысының құрбаны болып жатады. Өткен жылы бұл бағытта бір ғана Қызылорда өңірінде облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерімен 16 қылмыс дерегі анықталған. Басқармасының адам саудасына қарсы күрес бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Сапарәлі Әбдірайымовтың айтуынша бұл әлем алаңдап отырған өзекті мәселе.

Иә, іс жүзінде әр елде жеке адамның бостандығы мен құқығы заңды түрде бекітілген. Дегенмен, адам саудасы қазіргі қоғамдағы ділгір жайт болып қала береді. Осы уақытқа дейін адам саудасы Бангладеште, Бразилияда, Гаитиде, Үндістанда, Пәкістанда, Непалда, Ганада және басқа да бірқатар елдерде кеңінен байқалыпты. Оның әртүрлі мақсаттары бар, олар: мәжбүрлі еңбек, жыныстық құлдық, органдарды жинау, суррогат ана болу және басқалары.

«Тірі тауарға тосқауыл» керек

Өкініштісі, құл иеленушілерге қарсы құзырлы органдар тарапынан қолға алынған қарекеттің «тірі тауарға тосқауыл» болмайтыны толық дәлелденіп отыр. Айталық, қылмыстың бұл түрінде еліміздің заңы алдында кінәліні жауапқа тартқызып, жәбірленушінің құқығы қорғалады дегенге күдікпен қарайтындар жетерлік. Бұл сөзімізге дәлел мынау. Республика бойынша, өткен жартыжылдықтың өзінде «11616» нөміріне 837 қоңырау соғылған. Бірақ шалынған қоңырау мен шарқ ұрған шағымның барлығы сотқа жетпеген.

Сарапшылардың сөзіне сенсек, елдегі «тірі тауарға» қарсы тұру мәселесінде кедергі көп. Мұндай сипаттағы әрбір төртінші қылмыс қана ашылатыны мәлім. Қылмыстарды анықтау көрсеткішінің төмендігі құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың дағдарыс орталықтарымен байланысының жоқтығы айтылады. Тіпті, оның бір ұшы сыбайлас жемқорлыққа келіп тірелуі мүмкін екені де сөз болған.

Мәселен, сәбилерді сатуға байланысты қылмыстарда мемлекеттік мекеме өкілдерінің қатысы болып жататыны жасырын емес. Бұдан бөлек, зардап шеккен адамдарды қорғау шараларының әлсіздігі, қоғамның құқықтық сауатының төмен болуы да адам саудасының нарқын қыздырып тұр. Өкінішке қарай, осындай оқиғаларға куә болған күннің өзінде құзырлы орындарға хабар беруге құлық танытатындар аз. Көбінде қылмысқа куә болғаны үшін қудаланып, куәгерден қылмыскерге айналып кетеміз бе деген күдік басым.

Ашық дерек көздеріндегі халықаралық еңбек ұйымы көрсеткен мәліметке сенсек, әлемде жыл сайын 2,45 миллион адам тірі тауардың құрбанына айналады екен. Ал одан түсетін пайда 150 миллиард долларды құрайды. Тоғыз жолдың торабында тұрған біздің елде бұл мәселе қыл ұшында тұр. Айталық, республикада адам саудасына қатысты жыл сайын жүзден аса қылмыстық іс тіркеледі екен.

Құлдық қамыты һәм тәлкекке түскендер

Байқасаңыз, шаруа қожалықтарында зорлықпен жұмысқа жегілген жігіттерді көзіміз көп шалады. Көбінің құжаты жоқ, ішкілікке салынған. Кейбірі құлдықта жүргенін өзі де білмейді.

– Бұрын сотталғандар, балалар үйінен шыққандар, ақыл-есі кем не дұрыс жетілмегендер құлдыққа түседі деп оқығанмын. Құдайдың назарынан тыс қалдым деп қаланың базарында жүрген өмірге өкпелі қаңғыбастар. «Жататын жерің болады, тамақ ағыл-тегіл» деген шаруашылық басшысының «қамқорлық» сөзіне иланып, ақ «Ниваның» салонына өздері-ақ секіріп мінеді. Әккі шаруалар әу баста жұмыскердің жағдайын жасайды. Уақыт өте келе арасында таңғы сағат 6-да тұрғыза бастайды. Содан түн ортасына дейін жұмыс істетеді. Сенбі мен жексенбі күндері қарастырылған демалысты жояды. Ауырып, жатып қалса дәрігерге қаратпайды. Ақша беру былай тұрсын, тамақ бермейді де. Бұл – құлдық, – дейді қоғам белсендісі Т.Меңдібай.

Кейбір полицейлер: «Жұмыстың қиындығына қарамастан өзі істеуге келісті. Ұнамаса кетіп қалмай ма, қашып кетпей ме?» деп сылтауратады екен. Бірақ ол адамдар қайда қашады? Жапан далаға ма? Қашып, ауылдың біреуіне көмек сұрап барса да, оны иесіне тапсырады. Ашуланған иесі өлердей сабап тас­тайды. 2020 жылдан қазірге дейін мұндай жағдайлар Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Балқаш, Шу өңірлерінде, Түркістан облысында да жиі тіркелген.

Сатылған сәбилер шындығы

Бұрнағы жылы бұл үрдіс тым өршіп кетті. Тіпті сазгерлер де «Шетелге ұлмын сатылған» деп ән шығарды. Жақында ғана желіде қызу талқыға түсті. Ра­сымен, бұл жан ауыртатын дүние.

Сәби сату мен сатып алуға қатыстылар – жеке адамдар, яғни баланың анасы мен заңсыз жолмен балалы болғысы келгендер. Бала саудасымен айналысамын деп басы бәлеге қалған медицина қызметкерлері де кездеседі. Мамандардың айтуынша, көбіне жас қыз-келіншектер баласын саудалайды. Ал «тірі тауарды» сатып алушылардың дені – ана болу бақытынан айырылғандар. Құқық қорғау органдары дүние есігін енді ашқан сәбилерді саудаға салғандардың кінәлары толығымен дәлелденсе, екі жақ та жазасыз қалмайтынын ескертеді. Иә, жаңа туған нәрестелерді сату ауыр қылмысқа жатады.

2019 жылы елімізде адам сау­дасымен айна­лыс­қандар үшін жауап­кер­шілікті қатаң­дату бо­йынша Қыл­мыстық кодекске бірқатар өзгерту мен то­лықтыру енгі­зілген. Мәселен, кодекстің 135-бабы бойынша қаралатын істер ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, кәмелетке толмағандарды саудаға салып, пайда көздегендерді он сегіз жылға дейін бас бостан­дығынан айыру жазасы енгізілді.

Бұл іске қатысты деректерді сүзіп шықсақ, жаңа туған нәрес­телер­дің құны 1 миллионнан басталып, 3-4 миллион теңгеге дейін бағаланады екен. «Әлі жарық дүниеге келмеген сәбиін анасы интер­неттегі түрлі сайттар, әлеу­меттік желілер арқылы сатып, ақша тапқысы келеді. Бала асырап алудың сан талаптарын орындап, уақытын жоғалт­қысы кел­мейтін сатып алушылар да көбіне осы тәсіл арқылы «болашақ баласын» іздейді», дейді мамандар.

Бала асырап алу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу керек. Бұл – заң талабы. Оның үстіне кезекке тұру және біраз уақытқа созылатын бюрократиялық кедергілерден өту қажет. Қамқоршы органдар онсыз да туа салып, тағдырдан теперіш көрген сәбиді кім көрінгеннің қолына ұстата салмайтыны тағы түсінікті. Осындай кедер­гі­лерді аттап, бала алу үшін, ана бақытын сезіне алмай жүргендер түрлі қулыққа барады.

Баласын асырай алмайтынына көзі жеткен қыз-келіншектер де осы жолды таңдайды.Бұрындары әлеуметтік желілердің бірінде мынадай хабарлама жарияланыпты: «Үшінші баламды көтеріп едім, асырай алмаймын. Күйеуім жоқ. Балалар үйіне өткізіп, далаға тастағаннан гөрі бір мейірімді жан асырап алса деймін. Екі балама нан болуы үшін қаржылай көмек болса» депті. Астына «Мен алайыншы», «Бала асырай алмай жүрміз, маған беріңізші», «ЭКО-дан жол болмады, мен алайын, қаражатпен көмектесемін» деген мәндегі пікірлер көп жазылыпты. Соған қарағанда бала сату бір бөлек, заңсыз жолмен сатып алғысы келетіндер де аз емес сияқты.

Жоғарыда шетел жайлы айттық. Шетелде мұндай оқиға күн санап тіркеледі. Тіпті криминогендік ахуал тұрақсыз мекендерде сәби саудасы негізгі табыстың көзі көрінеді. Біздің ойымызға бала бақытын сезіне алмай отырғандар асырап алады деген ой сақ ете қалады. Шын мәнінде арам пиғылды жандар сәбиді ағзасын сату үшін, құлдыққа салу үшін, сексуалдық мақсатта пайдалану үшін асырап алуы да әбден мүмкін. Осы ретте, БҰҰ-ның балалар саудасының жолын кесу бағдар­ламалары шеңберінде көптеген мемлекетте кешенді жұмыстар қолға алынып жатыр.

Аймақтағы ахуал қандай?

Адам саудасының қоғамға қауіпі және ел арасында жиі талқыға түсетіні жасырын емес. Конститу­цияның 1-бабында «Қазақстан Респуб­ликасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген.

Үкіметтің 2021 жылғы 24 ақпандағы №94 қаулысымен адам саудасына байланысты қылмыстардың профилактикасы, алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспар-кестесінің 13-тармағына сәйкес облыс көлемінде 4 рет «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген.

– Өткен жылы ҚР ІІМ-мен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті қайта құрылған болатын. Облыста ПД ҰҚҚКБ-да адам саудасына қарсы бөлім құрылған. Қазіргі таңда бұл бөліммен адам саудасына қарсы қылмыстарды ашу, алдын алу және болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

Жыл басынан 16 қылмыс дерегі анықталды. Атап айтқанда, «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» дерегімен 8 қылмыс, «Жезөкшелікпен айналысуға тарту» бойынша 3 қылмыс, «Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту» бойынша 2 қылмыс және «Кәмелетке толмағандар саудасы» бойынша 3 қылмыс анықталды, – деді Сапарәлі Әбдірайымов.

Сонымен қатар 2021-2023 жылдарға арналған кешенді келісілген немесе бірлескен жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу жоспарының 21-тармағына сәйкес, облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасында ҚР ҚК-нің 312 және 144 бабына сәйкес күдікті тұлғалар анықталып, қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен жоспарлы түрде әлеуметтік желілер арқылы өздерін жезөкшелікке ұсыну сайтына мониторинг жүргізу барысында үй-жайларда жезөкшелікпен айналысып жүрген 76 азаматша анықталған.

ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабының 1 және 2 бөлігімен (қоғамдық орында тиіскені үшін) 159 хаттама толтырылса, ал 450-бабымен (көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық немесе үй-жайлар ұсыну) 10 хаттама толтырылған.

– Алдағы уақытта адам саудасына байланысты қылмыстармен өзге де құқық бұзушылықтарды болдырмау және жолын кесу мақсатында, мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, кешенді жоспарға сәйкес профилактикалық іс-шаралар жалғасын табады. Егерде адам саудасы құрбанын білсеңіз 116, 16 немесе 102 нөмеріне қоңырау шалуыңызды сұраймыз, – дейді адам саудасына қарсы күрес бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Сапарәлі Әбдірайымов.

Аңғарғанымыз, кейбір жандар өз өзін «құл» етуі мүмкін. Еркінен тыс еркіндігінен айырылғандардың мұңы тіптен ауыр. Тәуелсіз елде жүріп тәуелділікке түсуден асқан сынақ жоқ шығар. Сондықтан құзырлы мекеме бұл қылмыспен жүйелі түрде күресе бермек.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!