Облыс жастарын толғандыратын мәселелер бірінші кезекте «жұмыссыздық, жұмысқа орнала­судағы қиындықтар», сауалнамаға қатысқан жастардың 23,4 пайызы бұл пікірді құптаған.

Әкімдер жұмысы жастар мәселесін шешумен бағаланса...

Бұл туралы Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының «Ақпараттық-талдау орталығы» мекемесі «Аймақ жастарының әлеуметтік көңіл-күйі мен құндылық бағдарын анықтау» мақсатында әлеуметтанулық сауалнама қорытындысында белгілі болды. Сауалнамаға арнайы есептелген іріктеме бойынша 1060 жас қатысқан. Сұрау нәтижесі өңір жастарының 94,8 пайызының соңғы уақыттағы көңіл-күйлері «жақсы, оптимистік» әрі «қалыпты, байсалды» екенін көрсетіпті. Екінші кезекте жастар үшін «тұрғын үй мәселесі» өзекті. Сауалнамаға қатысқандардың 17,7 пайызы осы нұсқаны белгілеген. Маңыздылығы бойынша мәселелердің алғашқы үштігіне 9,5 пайызы «өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндіктің болмауы» еніп отыр. Сондай-ақ облыс жастарының 9,1 пайызы «мемлекет тарапынан жастарға көңілдің аз бөлініп» жатқанын алға тартса, 8,1 пайызы «жастардың білім деңгейі төмендеген» мәселені айтқан. Айта кету керек, жоғарыда аталған 5 мәселе әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесі бойынша жоғары пайыздық көрсеткіштерге ие болған.

Әкімдер жұмысы жастар мәселесін шешумен бағаланса...

Ақерке ӘБУОВА, «Ақпараттық-талдау орталығы» КММ, «Ақпаратты жинақтау және өңдеу» бөлімінің басшысы:
− Сауалнама қорытындысы бойынша аймақ жастарының 96,4 пайызы өмірлік мақсаты бар екенін көрсеткен. Бұл қуантарлық көрсеткіш. Әлеуметтанулық зерттеулер жастардың мәселесін анықтаудың бір жолы ғана және бұл көрсеткіш жергілікті биліктің жұмысына көмекші құрал бола алады. Жалпы жастар арасындағы мәселелер уақыт өткен сайын, қоғам дамуына қарай кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы шаралар жалғасын табатынына сенімдімін. Жақында Президентіміздің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жастардың мәселесіне, оның ішінде сапалы білім беру, ғылымды дамыту, спортқа баулуға аса мән берілді. Осы ретте, аталған Жолдауды іске асыру бойынша Үкіметпен бекітілетін жұмыс жоспарында аймақ жастары арасындағы мәселелерді шешуге бағытталған кешенді іс-шаралар қамтылады деп сенемін.
Аймақта жастар саясаты мәселелері басқармасы қысқарды. Облыстық жастар ресурстық орталығы мен аудандық орталықтары жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтардың жобалары қаржысыз, кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асатыны белгілі. Бұдан мәселе шешімін таба ма?

Әкімдер жұмысы жастар мәселесін шешумен бағаланса...

Гүлназ АЙДАРБЕКОВА, облыстық жастар ресурстық орталығы КММ-нің директорының орынбасары:
− Шет аймақтағы жастардың жұмыссыздық деңгейін анықтау мақсатында Қызылорда қаласына қарасты 7 ауылдық округке зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы тұста, орталықтың негізгі мақсаты – NEET санатындағы жастарды қоғамдық ортаға бейімдеу. Жүргізілген сауалнама бойынша әрбір жас зерттеліп, назарға алынды. Облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары жастардың әлеуметтік санатын анықтау бойынша адрестік жұмыстарды жүргізеді. Орталық жанынан бос жұмыс орындарының ақпараттық базасын қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілердегі @Jastargajumys11 парақшасы арқылы 1000-ға жуық қызылордалық нақты ақпаратпен қамтамасыз етілді. «Жас еңбек құрылысшылар жасағы» аясында 90 жас, 29-ы аудан жастары тұрақты және маусымдық жұмыстарға орналасты. «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі» 3 мәрте ұйымдастырылып, оған Атырау, Ақтау т.б. өңірлердегі жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесінде 150 жастың ауданнан 65 жас жұмысқа қабылданды. Ресейде білім алып келген 77 студентпен тұрақты байланыс орнатылған. Оларды жұмысқа орналастыру мәселесі зерделенуде. Есепті кезеңде 12 жас жұмысқа орналасты. Орталық ұйымдастыратын барлық жобалар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, білім алып, жұмыс табуына септігін тигізеді. Барлық жобалар қаржыландырылмайды. Десе де демеушілер көмегіне сүйенеміз.
Қызылорда қаласындағы жұмыссыз жастардың басым бөлігі – қалаға қарасты ауылдардың жастары. Қала орталығында әртүрлі жалдамалы жұмыс істейді. Таңмен таласа келіп кеш қайтады. Тұрақты жұмыс табу қиын.

Әкімдер жұмысы жастар мәселесін шешумен бағаланса...

Сабыржан КЕҢІШІЛІК, Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:
− Жастар мәселелерін зерттеуде ауыл жастарынан жинақталған ұсыныстар мен пікірлер басты назарда болады. Ауыл жастары арасындағы басты мәселе − жұмыссыздық. Қажеттілікті анықтау мақсатында қайта даярлау курстарына арналған қала және ауыл жастары арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Жастар арасындағы сұранысқа «Мобилография», «Кондитер ісі» және «Ерлер шаштараз ісі» курстары ие болды. Нәтижесінде аталмыш курстар аясында базалық оқыту жүргізіліп, жұмыссыз жастар қайта даярлану мүмкіндігін алды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және жастарды жаңа жұмыс орындарымен байланыстыру мақсатында «Jumys.bar» жобасы жүзеге асырылуда. Инстаграм желісінде @jumys.bar парақшасы ашылып, жаңа жұмыс орындары жарияланып отырады. Жастар парақшаны оқу арқылы өздері іздеген жұмыс та тауып, жұмыс берушімен байланысады.
Жаңақорғандық жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін мәдени орындардың жұмысын жандандыру керек дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы. Жастар саясатында тәжірибесі бар Нұрбол Бакиров аудан жастарының мәселелерін жасырмады.

Әкімдер жұмысы жастар мәселесін шешумен бағаланса...

Нұрбол БАКИРОВ, Жаңақорған ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:
− Жаңақорған ауданында ғана емес барлық ауданда NEET санатындағы жастардың саны белгісіз. Жақында облыстан мемлекеттік сатып алу бойынша осы санаттағы жастармен адресті түрде жұмыс жасау жөніндегі жобаны әлеуметтік желіде байқап қалдым, алайда оның барлығы жүйесіз. Өйткені қала орталығынан аудандарды екі, үш күнде аралап, оларды түгендеу, олармен жұмыс істеу мүмкін емес. Одан кейінгі мәселе, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жастар үшін және оларды кәсіпкерлікке баулу, жұмыссыздықты азайту мақсатында қайтарымсыз гранттар бөлінуде. Мен өзім осы кәсіпкерлікке берілетін гранттың комиссия мүшесімін, көп жастардың бизнес жобалары тиімсіз, өйткені тек жеңіл бизнес жоба жасап, қаржыны мақсатсыз жұмсағанды жөн көреді, өйткені қаншама рет жылыжай салу жобасын ұсынып едік, бірақ ол жобаны қабылдамай, екі сиыр алып, оны бордақылау, сүт өнімін өндіру жобаларына қарай кетіп қалған. Тағы бір айтарым, ауданда барлық 26 кент, ауылдық округтерінде арнайы жастар ісі жөніндегі мамандар жұмыс істеуде. Бұл облыс бойынша бір ғана аудандағы жағдай. Әрине облыстағы ең үлкен аудан болғандықтан жұмыс өте ауқымды. Ауыл жастарының бос уақыты дұрыс ұйымдастырылмайды. Өйткені барлық ауылда клуб үйлері бар, алайда жыл он екі айда мәдени іс шара өтпейді, ал клубта 4 штат бірлігі бар, жалақылары да өте жоғары, карантинді сылтау етіп шараның барлығын ысырып қойған. Тек екі, үш ауылдық клуб үйі ғана белсенді, қалған ауылдарда айына бір іс-шара да өтпейді. Содан болар ауылда жастар арасында қылмыс көбеймесе азаймай тұр. Жастар маскүнемдікке бейім, өйткені баратын жері жоқ.
Сырдария ауданында он мыңнан астам жас бар. Олардың 91 пайызы ауыл жастары. «Ауданда жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға азайды. Ол ауыл жастарының мемлекеттік бағдарламалар мен жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысуына байланысты. Бүгінде ауылдарда қол қусырып отырған “масылдық” көзқарастағы жастарымыз жоқ. Өз-өздерін қамтып, кәсіп ашып, ауылдағы шаруашылықтарда жұмыс атқарып жүр» дейді сырдариялықтар.

Әкімдер жұмысы жастар мәселесін шешумен бағаланса...

Ғани ОРАЛОВ, Сырдария аудандық жастар орталығының директоры:
− Пробация есебіндегі жастармен жұмысты күшейттік. Тіркеуде тұрған 11 жас − жастар орталығы ұйымдастырған шаралардың негізгі қатысушысы. Олардың әлеуметтік картасын жасап, бақылап отырмыз. Түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп келді. Оларды қоғамға бейімдеу мен психологиялық шаралар тұрақты ұйымдастырылады. “Мағжан және К” ЖШС, “Құмкөл” кен орындарына үшеуі жұмысқа орналасты. «Жастар жылында» Айдарлы, Шіркейлі, Ақжарма, А.Тоқмағанбетов, Шаған, Қоғалыкөл ауылдық округтерінде “Жастар бригадалары” құрылған болатын. Бүгінгі күнге дейін жастар бригадасына 81 жұмыссыз жас тұрақты жұмыспен қосылды. Елді-мекендерде «Коворкинг» орталықтары құрылған. Онда интернет желісі тартылып, интеллектуалдық ойын түрлері мен кітаптар қоры қойылды, ауыл жастары бос уақыттарын сонда өткізеді.
Шиеліде 20 381 жас бар. Оның тең жартысы − ауыл жастары. Бұрын Ы.Жақаев ауылының жастары топтық төбелесте жиі айтылатын. Қазір ол ауылда да тыныштық орнаған. Жастар бірі оқуға, бірі жұмысқа кетіпті. Ауыл жастарында қандай мәселе бар деген сауалымызға жастар орталығының жетекшісі Ержан Әбдешов жауап берді.

Әкімдер жұмысы жастар мәселесін шешумен бағаланса...

Ержан ӘБДЕШОВ, Шиелі аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
− Шиелі ауданы әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңесте жасөспірімдер мен жастар арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында атқарылған жұмыстар қаралып, шешілу жолдары қарастырылып келеді. 2021 жылы жастар саясатын дамыту мақсатында 3 жоба дайындалды.
«Жастарға патриоттық тәрбие беру және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау әлеуметтік қызметін ұйымдастыру», «Шиелі жастары арасында қазақша көңілді тапқырлар алаңы ойындарын дамыту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау», «Жас отбасылар арасында неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру». Жастардың бос уақытын тиімді өткізу және қылмысқа жол бермеу мақсатында Шиелі аудандық спорт клубында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар және пробация қызметінің есебіндегі азаматтар арасында қол күрестен және шағын футболдан жарыс жиі ұйымдастырылады.
Жалағаш ауданында 14 пен 29 жас аралығында 7 970 жас тіркелген. Ала жаздай егін егіп, мал баққанымен, қыстай бос болатын жастар немен айналысады? Жұмыссыздар қатарын көбейтіп, топтық төбелес, қылмыс артып кетпей ме?

Әкімдер жұмысы жастар мәселесін шешумен бағаланса...

Нұржан АМАНДЫҚ, Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
− Ауданда жұмыссыздық мәселесі бар. Жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан 785 жас «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектерге арналған. Бұл ретте, жұмыс беруші қатысушыны кемінде жиырма төрт айға тұрақты жұмысқа орналастырады, халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыстың бірінші жылы үшін еңбекақыны субсидиялайды. Ауданымызда спорт саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында жерлесіміз Қайыржан Құлтекеновтың жеке қаражаты есебінен Жалағаш кенті, Дәуімбай елді мекенінде құны 350 млн теңгені құрайтын жабық бассейн кешені салынып, пайдалануға берілді. Кешенде 19 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, үйірмеде 100-ге жуық бала қамтылып, күніне 30 адамға дейін ақылы қызмет көрсетіледі.
Қармақшы ауданында 12 121 жас бар. Оның ішінде 5 681-і − ауыл жастары. Қармақшылық жастардың бұзақылығы тыйылмай тұр. Аудандағы қылмыстың азаймауы осыдан. Бұл ауданда кешкілік серуендеп жүру, түнде көшеде қалу тіпті қауіпті. Бас көзіне қарамай ұрып-соғып, тіпті пышақтап кететін бұзақылар бар. Былтыр қонаққа барғанда сырттан барған бізді үйдің ауласына кіргенше көліктен түсірмей қорғаған. Ондағысы қаладан қонақтар келгенін ешкім көрмесін дегені екен. Қармақшыдағы жастар бұзақылығы тамырлап кеткен. «Кртутой жігіттердің» алды түрмеде отыр. Бұзақылығын дәстүрлі жалғап, ізбасарлары түнімен көшеде, төбелес пен талқылаулардың бел ортасында жүреді.

Әкімдер жұмысы жастар мәселесін шешумен бағаланса...

Сырым ӘДІЛБЕКОВ, Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
− Қармақшының ауылдарында жұмыссыздық мәселесі әлі де бар. Бізде ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру ісі жүйеленуі керек. Ауданда, ауылдарда спорт залдардың аздығы да әсер етуде. Ең басты мәселе, аудан жастарының топтық төбелесіне тыйым болмай тұр. Себебі білегіндегі күшіне, бұзақы ісіне сеніп жүргендер көп. Түнгі мезгілде топтасып жүретін жастар да бар. Ішкі істер органдарымен бірлесіп түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Түнгі рейдке шығып, зерттейміз. Жастармен кездесулер, спорттық шаралар өтеді. Ауылдардағы бос жерлерден спорт залдарын ашу мақсатында ауыл әкімдерімен бірлесіп, жұмыс істеп жүрміз. Спорт залдары ашылса, жастар бұқаралық спортқа бет бұрса, бұзақылық азаяды деп сенеміз.
Арал ауданында cтатистикалық мәліметке сәйкес 14 пен 29 жас аралығында 19 606 азамат бар. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін спорттық мәдени орындар көптеп керек дейді аралдықтар.

Әкімдер жұмысы жастар мәселесін шешумен бағаланса...

Абай ӘБІЛБАЙ, Арал аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:
− Қазіргі таңда, ауыл жастарын әлеуеттендіру өзекті мәселелердің бірі. Аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары ауыл жастарының әлеуетін арттыруға, мемлекеттік бағдарламалар мен қоғамдық қабылдауларға бағытталған жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Ауыл жастары өз кезегінде өзіне қажетті түрлі мәселелерді көтеруде. Оның ішінде спорт алаңдары мен мәдени көпшілік орындар салу − жастардың өзекті мәселесі. Бұл бағыттағы жұмыстарды ынталандыру бағытында биыл Қаратерең, Аманөткел, Үкілісай елді мекендерінен және Сексеуіл кентінен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында спорттық алаңдар, шағын футбол алаңдарын салу жұмыстары жүргізілуде. Жастар сұранысына сәйкес кент орталығынан денешынықтыру және спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жалпы ауыл жастары үшін жұмыссыздық мәселесі де өзекті. Бұл бағытта «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» бағдарламасының ауыл жастарын тұрақты жұмыспен қамтуда септігі зор. Кәсіпкерлікке бет бұрып, іс бастап жатқан жастар көбейді. Ауыл жастарын өзін-өзі жұмыспен қамтуға әрі заман талабына сай икемдей түсуге бағытталған кәсіпкерлікке шақыру жұмыстары нәтижесін беруде.
P.S. Біз ауыл жастарының мәселесін сұрадық. Жастар саясатының жүргізілуін сөз етіп отырған жоқпыз. Нақты қандай мәселе бар, ол қалай шешімін табуда? Сұрағымызға ешбір жастар орталығының басшысы тұшымды жауап бере алмады. Тіпті кейбірі жастар саясаты бойынша атқарылған жұмыстар кестесін бүтіндей жіберіпті. «Осының ішінен ізде, тапсаң ал» дегені шығар. Ал жастар арасындағы діни ахуал туралы неге ешкім айтпайды? «Ауруын жасырған өледі» деген. Жастар арасында маскүнемдік, нашақорлық, жат діни ағымның жетегінде кету, т.б. мәселелер бар. Облыстық дін істері басқармасының діни ахуалды талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы Гүлсім Романқұлова “Жастардың интернеттен тыйым салынған жат діни ағымдар туралы ақпаратты оқуы, радикалды сайттардан мәлімет алуы жиілеп кетті. Қазіргі таңда жұмыстар осы бағытта жүргізілуде. Әлеуметтік желілерге жастарға қажетті дұрыс ақпараттар көптеп орналастырып жатырмыз“ деді. Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысынан редакция поштасына күн сайын толассыз ақпарат келеді. Алайда жастар мәселесі туралы сауалымызға жауап келмеді. Бұл Қазалы ауданының әкімі жастар мәселесін соңғы орындарға ысырып қойған деген сөз бе? Жалпы жастардың мәселелеріне жүрдім бардым қарау бар. Жастар − қоғамның тірегі, ертеңгі − болашақ. Әкімдердің жұмысы жастар мәселесін қалай шешуіне қарай бағаланса, жақсы болар еді. Сонда бәлкім, жастар жұмысқа орналасып, баспаналы болып, қоғамға қажеттілігін сезінер.
Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!