ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНДА ҒАЛАМТОР МҮЛДЕ АЖЫРАТЫЛДЫ. БАРЛЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ БҰҒАТТАЛДЫ. БҰҒАН СЕБЕП ЖОҚ ЕМЕС. СОЛ УАҚЫТТА ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАРҒА ЖОЛ БЕРІЛІП, АДАМДАР АРАНДАТУҒА ҰРЫНДЫ. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ТЕЗ АРАДА ЖАППАЙ БҰҒАТТАЛҒАНЫНА ТАҒЫ БІР КӨЗ ЖЕТКЕН ДЕ ОСЫ КЕЗ. ЖЕЛІГЕ ЖҮКТЕЛГЕН ӘР АҚПАРАТ СҮЗГІДЕН ӨТІП САРАПТАЛАДЫ. ЕГЕР ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРИЯЛАНСА, ЖАЗА ҚАТАҢ. МҰНЫ ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ СОЛ УАҚЫТТА ЕСКЕРМЕДІ. ТІКЕЛЕЙ ЭФИР АРҚЫЛЫ МӘСЕЛЕНІҢ ОДАН САЙЫН УШЫҒУЫНА ЖОЛ БЕРГЕНІ ЕСТЕ. ОНЫҢ ҮСТІНЕ ҚАЗІР ЖАСТАРДЫҢ БОС УАҚЫТЫН ЖЕЛІДЕ ӨТКІЗЕТІНІ АЛАҢДАУШЫЛЫҚ ТУДЫРЫП ТҰР. АЛ БАЛАЛАРДЫҢ БҰРЫН КӨБІНЕ ТАҢСЫҚ БОЛҒАН КИБЕРБУЛЛИНГКЕ, ЯҒНИ ЖЕЛІДЕГІ ҚЫСЫМҒА ҰШЫРАУЫ ОТҚА МАЙ ҚҰЙҒАНДАЙ ӘСЕР ҚАЛДЫРАДЫ. БҰЛ РЕТТЕ ЖЕЛІДЕ ШЕКТЕУ БОЛҒАНЫ ЖӨН БЕ ДЕГЕН САУАЛ ТУЫНДАУДА. КЕЗЕКТІ НӨМІРДЕ МӘСЕЛЕГЕ ҚАТЫСТЫ ТҮРІЛІ ПАЙЫМ-ПІКІРДІ ТОПТАСТЫРДЫҚ, НАЗАР САЛЫҢЫЗ!
Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
– Ата-ана баласының қандай сайттарға кіріп, қандай мәліметпен бөлісетінін жіті қадағалауда ұстауы тиіс. Әлеуметтік желіні бейберекет пайдаланып, жалған ақпарат таратпауы маңызды. Ондай жағдай кездескен сәтте парақшаны жойып жіберуі ғажап емес. Бұл жерде мессенджерлерді бұғаттау туралы мәселе көтеріліп тұрған жоқ. Егер ашық нормативтік-құқықтық актілер порталын ашсаңыз, сол жерде ҚР Пар-ламент Сенаты арқылы бала-ларды кибербуллингтен қорғау туралы заңға түзетулер қабыл-данған жағдайдағы қаулы жобасы бар. Бүгінде бұл құжаттың Сенаттан өту-өтпеуі де үлкен сұрақ туындатады. Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет-те өмір сүріп жатырмыз. Соған орай талқылау жүріп жатыр. Бұл – талқылауға шығарылған жоба. Бұғаттау туралы мәселе жоқ. Ол жерде шектеу туралы мәселе бар. Егер норма қабылданса, онда әлеуметтік желілердің әкімшілері оларды орындағысы келмейді. Соған орай заңның қазіргі жобасында шектеу мүмкіндігі туралы сұрақ тұр. Айта кетсем, балаларды кибербуллингтен қорғау туралы заң жобасына қатысты қоғам мен халықаралық ұйымдар өкіл-дерінен 26-дан астам ұсыныс түскен. Қоғам тарапынан түрлі реакция тудырған нормалардың барлығы алынып тасталған.
Айдос Сарым, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Бір ғана Instagram-ның өзінде 8 млн адам отыр. Елде ауқымды реформалар орын алып, таңдау жүріп жатқан кезде ешбір есі дұрыс саясаткер әлеуметтік желіні бұғатта- уға жол бермес еді. бірақ бұл мүмкіндік компания иелеріне тиесілі. Әр әлеуметтік желінің өз талабы мен заңы бар. Біздің Үкімет немесе сот сол әлеу- меттік желі талабына кереғар контент туралы ескерте алады. Елімізде соңғы болып жатқан оқиғалар дәстүрлі медиаға деген сұранысты арттыратын сияқты. Facebook, Instagram-ның да уақыты өтеді. Мысалы, қазір елдің біразы Tik-Tok-қа ығысып жатыр. Бұл бәсекелестік орта, әлі талай жаңа дүние шығар. БАҚ туралы заңды ұсынғалы бірнеше сұхбат бердім. Ол заңда бірнеше мәселе қамтылған. Оның ішінде қазір жиі талқыланып жатқаны тек кибер- буллинг мәселесі. Шындығын айтсақ, біздің балаларымыздың тағдыры, оның ішінде психологиялық, әлеуметтік жағы көбін қызықтырмайды. Есесіне әлеуметтік желі жұмысының еркіндігі бәріне қызықты. Меніңше, бұл хайп тақырып. Өйткені Үкімет расымен әлеуметтік желіні бұғаттағысы келсе, осы заңсыз-ақ, бұған дейін қабылданған заңның 41-ші бабына сай кез келген әлеуметтік желіні толық түрде бұғаттауға мүмкіндігі бар.
Ерболат ТҰРСЫНҚОЖА, медиа маманы:
– Әлеуметтік желіні бұғаттау арқылы баланы кибербуллингтен құтқара алмаймыз. Мұны естен шығармаған абзал. Сон-дықтан атқарушы билік мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуі қажет. Байқай бермейтін адам құқығы, өзгені сыйлау, жеке шекара ұғымы осы тұста көмекке келеді. Әсіресе аталған ұғымдарды өмірде қолдануға мектеп жасынан дағдыландыру – нәтиже кепілі. Мәселен, мектептегі білім беру бағдарламасына этика пәнін қосып, жас буынға әдеп, ақ пен қараны тану алғышарттарын үйретсе, ұтарымыз көп. Тіпті оқушылар сабақ барысында қоғаммен байланыс жасау мен әлеуметтік желідегі эти- ка, медиасауаттылық туралы тұрақ түрде білім жетілдірсе, кибербуллинг азаяры сөзсіз. Себебі кибербуллингтің кең таралған үлгісі жеке шекара әдебін сақтамаудан туындайды. Өзге адамнан «Қанша жалақы аласыз?», «Қанша сәби жоспар- лаудасыз?», «Тұрмыс құру ойда жоқ па?» деген сынды басқаның жеке шекарасын қирататын сұрақтарды қою бала кезден әдеп жолын үйренбегеннің белгісі. Бүгінде ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желі қарусыз майданға айналғанын білеміз. Әрбір оқырманның бұл майданда өзіндік орны бар. Әлеуметтік желіде пікір жазу, бөлісу отбасыңа, тіпті тұтас елдің өміріне өзгеріс алып келетін күшке ие. Сол үшін әр қадамды аңдап басып, қоғамға құрметпен қарауды естен шығармаған дұрыс.
Ерлан Мұсаев, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты:
– Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде әлеуметтік желіде қаншама ақпараттар шықты. Олардың дұрыстығы да, бұрыстығы да сараланбады. Бұл ақпараттар халықтың үрейін ұшырды. Біз шындығында әлеуметтік желілерді қалай пайдалану керектігін білмейміз. Көбіне нені көрдік соны шығара саламыз, ватсап арқылы келген дүниелерді де сол сәтте бәрден бөлісуге дайын тұрамыз. Алдымен парақшаны қалай жүргізу керек, жолдағалы отырған ақпарат шындыққа жанаса ма сол турасында ойлануымыз керек. Соңғы оқиғалардан соң тіпті маңыз беру керек. Жалпы әлеуметтік желіні бұғаттап тұрған дұрыс. Менің бұған қарсылығым жоқ, керісінше қолдаймын. Әлеуметтік желіге тәуелді болғанымыз сонша телефоннан бас алмайтын дәрежеге жеттік. Өз үйінде не болып жатқанын білмесе де, көршінің өмірін талқылайтындар бар. Әр постқа пікір білдіріп, жұлып жеуге дайын тұрамыз. Мұның өзі желіге байланғанымызды көрсетеді. Сосын тағы бір үлкен мәселе – балаларды да қадағалау керек. Ол кіммен сөйлесіп жүр? Міне, мәселе осында. Қыздар неге жиі жоғалады деген сұрақ мені қатты мазалайды. Олардың із-түссіз кетіп қалуына не себеп? Жасөспірім қыздар әлеуметтік желі арқылы танысып, экранның ар жағындағы адамға сеніп, айтқанын істейді. Тіпті басқа қалалардан табылып жүр емес пе? Ұл-қызымыздың болашағын ойлау үшін бүгінгісін сүзгіден өткізуге тиіспіз. Өзге мемлекеттер Tik-Tokтан бас тартқан. Кейбірі мүлде пайдаланбайды. Біз неге бас тартпаймыз? Вконтакте желісі секілді Қазақстанның да өз парақшасы болса оған да жастар алданар еді. Бір жағынан, қазақ тілінің өркендеуіне септігін тигізер ме еді?
Ләззат СЕРІКБАЙ, ата-ана:
– Төрт ұлым бар. Үшеуі мектепке барады. Әрқайсысын телефонмен қамту керек болған соң амал жоқ, жолын қарастырдық. Ақыры өзіміз ұстамасақ та, әкесі екеуміз баламызға ұялы алып бердік. Сабақ уақытында ұлдарды мазаламадық. Сөйтсек олардың тіркелмеген сайты қалмапты. Фейсбук, ВК желісінде бәрінде де өздерінің парақшалары бар. Одан қалды Tik-Tok-тан сілтемесі бар хабар- лама келген. Сондағы әрекетті қайталауды сұраған. Үлкен ұлым соны қайталаймын деп қолын күйдіріп алған. Бүгінде ұлдарымды қатты бақылауға аламын. Парақшаларын тексеріп, кіммен сөйлескенін оқимын. Ата-ана ретінде әлеуметтік желілерді бұғаттауға түк қарсы емеспін. Себебі күнде бір нәрсе шығады. Вконтактенің орын Tik-Tok басты. Ертең Tik-Tokтың орын басатын тағы бір дүние шығады. Онсыз да фри-файрден шығара алмай жүргенде сан түрлі ойындар тағы пайда болыпты. Уайымдайтыным рас. Қазіргі таңда ақпараттардың қайсысы рас, қайсысы жалған екенін ажырата алмай қалдық. Бірі бір нәрсені айтса, енді бірі басқалай сөйлейді. Ата-ана болып біз білмей жүргенде балалардың бірдеңеге сене салуы оп-оңай…
Дәулет ІЗБАСАРОВ, заңгер:
– «Үйде отырып табыс табу» деген принцип жақсы дамыды. Үйден шықпай-ақ ақшаға кенелуге болады. Бұл үшін әрине әлеуметтік желіні жақсы меңгеруі тиіс. Бұл оларға тиімсіз екені сөзсіз. Қаңтар оқиғасы кезінде қаншама блогерлер арыз түсірді. Тіпті оқырмандарын аз күннің ішінде сағынып қалғанын айтып жатты. Қаражатсыз қалғандарын тілге тиек етті. Барлық әлеуметтік желі бұғатталып, ғаламтор істен шыққан кезде бір ғана Telegram жұмыс істеп тұрды. Сол арқылы керек мәліметті жүктеуге мүмкіндік алдық. Telegram-да бұғаттауды айналып өтетін әдістер бар. Мысалы, Telegram IP-адресті өзгерте алады. Билік Telegramды шектегісі келді, бірақ үлкен шығынға ұшырады. Веб сайттың бір IP-адресі болғандықтан оны бұғаттау оңай. Telegram сияқты құралдардың бір артықшылығы – бүкіләлемдік желіге немесе DNS-ке қатысы жоқ мобильді қосымшасы бар. Сондықтан ондай қосымшаның болуы шектеуді айналып өтуге жақсы құрал бола алады екен. Асықпай ойланып, тиімді шешім қабылдау қажет.
Ерболат Усаев, мұғалім:
– Бүгінде оқушылардың әлеуметтік желіге тәуелді екені айтпаса да белгілі. Дамыған заманда түрлі парақшалар бар. Солардың әрқайсысына тіркеліп, жақсы жүргізіп отыр. Қазіргі жағдайға қарап, бұл қалыпты құбылыс деуге болады. Десе де медиасауаттылыққа мән беретіндер аз. Бейәдеп сөздерді қолданыстарына енгізіп алған. Тікелей эфир барысында да аузына келген сөзді айта салады. Этика, эстетикадан жұрдай екенін бірден аңғартады. Сондықтан да әлеуметтік желінің бұғатталуына ата-ана ретінде де, ұстаз ретінде де ешқандай қарсылығым жоқ. Арасында қадағалауда болып, бақылауға алынса біз үшін де тиімді болмақ. Сонымен бірге бұл баланы кибербуллингтен қорғайды. Бұл заңның ең бастапқы қағидасы ғой. Кибербуллинг – өзекті мәселе. Соңғы жылдары сандық техниканың даму себебінен балаларға қатысты зорлық, кибербуллинг немесе онлайн қорлау қосылған. Соның кесірінен жасөспірімдер ғаламтордағы белгісіз топтардың құрбанына айналып, тіпті араларында өз-өзіне қол жұмсайтындары да кездеседі екен. Бала ғаламторда отырғанда не нәрсемен айналысып отыр, қай бағдарламаға тіркелген соның барлығын ата-ана білуі керек. Ғаламтордағы қауіп-қатермен күресу ата-ананың жауапкершілігінде. Олар баланың мінезін, жүріс-тұрысын іс-әрекетін бәрін де бақылауға алуы шарт.
Аида Арман, әлеуметтік желі қолданушысы:
– Жасыратыны жоқ, қазір ғаламтордың күші ғаламат. Карантин кезінде ғаламтор пайдаланатын балалардың саны күрт асты. Балалар телефондағы бар құрылғыны меңгеріп, барлық бағдарламаны «шашатын» болды. Оның зардабы тиіп жатыр. Себебі кибербуллинг жасайтындардың арасында пе- дофилдер көп кездеседі. Олар балаларды алдап-арбап, желіге жалаңаш түскен видео не сурет- терін салуға көндіреді. Кейін сол суреттерді жұртқа жария етемін деп қоқан-лоққы жасау арқылы кездесуге шақырады. Немесе ақша сұрап қорқытады, бұл өмірде кездесіп жүрген жайттар. Ғаламтордан осыған ұқсас бір жайтты естігенмін. 8 жастағы қыз ұялы телефоны арқылы әлеуметтік желіде өзі қатарлы бір қызбен танысады. Ол желіге қызықты видеолар мен жалаңаш түскен суреттерін салуға үгіттейді. Шындығында, бұл желіні өзге атпен тіркелген педофилдер де жиі қолданады. Қыздың бақытына қарай оның телефонын жасырып, мінезінің өзгергенін анасы дер кезінде байқайды. Мұндай жағдайлар қыз бала тәрбиелеп отырған отбасыда кездесіп тұрады. Баланың күндегіден өзгешеліне ерекше мән беріп қараған дұрыс. Бұл – кибербуллингтің шынайы өмірдегі бір ғана мысалы. Мен осы жайтты естіп, қорыққанмын. Бәріміз де қыз тәрбиелеп отырмыз.
Сәрсен Байғараев, психолог:
– Алдымен әлеуметтік желіге тәуелділік мәселесін бағамдау маңызды. Себебі желіге тәу- елділіктің әсері өте жоғары. Ақпараттың дәуірінде мұндай ерекшеліктің жақсы да, жаман да тұсын байқауға болады. Оған қоса адам санасын жаулауда ақпараттық соғыс жүріп жатқандықтан желіге тәуелділік қауіпке айналуы мүмкін. Оны қарапайым мысалмен түсіндіру- ге болады. Мысалы әлеуметтік желі қолданушылары, әсіресе блогерлер арасында белгілі бір мақсат не тапсырыспен пост, пікір жазатын жағдайлар кездеседі. Олардың сөзі санаға белгілі бір деңгейде ықпал етіп, халық арасында түсініспеушілік туындатып, теріс ақпарға итермелейді. Яғни, ондағы жазылатын жағымсыз пікірлер қолданушы психологиясына кері әсер етіп, қоғамда орын алған оқиғаларға теріс көзқарас қалыптастырады. Келісемін, әлеуметтік желінің мүмкіндігі зор. Пайдалы, табысты тұсы да жетерлік. Алайда бақылаусыз және жүйесіз пайдалану тәуелділік тудырып, өміріңізді өзгертуі ғажап емес. Әсіресе балалардың әлеуметтік желіге тәуелді болмауын қадағалау жөн секілді. Осы ретте ата-аналар баланың қандай сайтқа не топтарға тіркелге- нін бақылау керек. Күнделікті ғаламтор пайдалану уақытын белгілеу, шектеу қоюы – қате қадамнан алшақтаудың бірден-бір жолы.
P.S Кибербуллинг– қазір бүкіл әлемдегі өзекті проблема. Мұнымен ең басты күрес жүргізе алатын – ата-ана. Баланы қадағалау арқылы өзгенің кемсітуіне, жамандауына, қорқытуына жол бермеуі тиіс. Ұмытпаңыз, балаңыз кибербуллингтің құрбаны болса, safekaznet. kz қызметіне шағымданыңыз! Баланың құқығын кемсітуге жол жоқ!
Пікірлерді жинақтаған Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!