Өткен жылы орын алған құрғақшылық Сыр өңірін есеңгіреткені шындық. Сырдария өзеніндегі су мөлшері мен жауын-шашынның аздығы жем-шөп тапшылығына ұшыратып, салдарынан төрт түлік аштықтан қырылған. Малға азық таппай сенделген шаруаларға билікпен қатар қарапайым халық та қолдау көрсетіп, демеудің соңы жалпыұлттық акцияларға жалғасты. Осылайша қыс түсе жағдай қайта қалыпқа келе бастағанымен әлі де күдік басым еді. Ауыл шаруашылығындағы мұндай келеңсіздік экономикалық ғана емес, экологиялық зардапқа жетелегендіктен биыл да құрғақшылықтың алдын алу, келер қауіпке дайындық жүргізу шарасы басты назарда.
Бұл бағытта атқарылар жұмыстың ең маңыздысы – егіс алқабын азайту, егілетін дақылдарды әртараптандыру. Аймақтағы құзыретті мекемелер кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, дайындықты бастап кеткен. Алайда су мөлшері қойылған межені орындауға кедергі келтіруі ықтимал. Тіпті құрғақшылық салдары өткен жылғыдан асып түсуі мүмкін деген де дерек бар. Мәселен, жыл басында оңтүстік өңірлерге жасаған ресми сапарында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов та мұндай болжамды жоққа шығармағанын білеміз:
«Былтыр облыстың су шаруашылығындағы жағдайы қиын болды. Қазгидрометтің болжамы бойынша биылғы жағдай да көңіл көншітпейді. Өткен жылдан да қиын болуы мүмкін деген болжам бар. Атап өтсек, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда таулы жерлерге судың келуі 40-50 процентке дейін кем есептеліп отыр. Сырдарияға құятын судың 90 проценті Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан арқылы келеді. Қазіргі таңда «Тоқтағұл» су қоймасында 8,9 млрд текше метр су бар. Ол өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млрд текшем метрге кем», – деген С. Қожаниязов.
«Тоқтағұл» су қоймасындағы су мөлшерінің азаюы қар көлемінің жылдағы межеден кем болуымен байланысты екен. Мамандар егер жағдай осы сарында жалғасса, су Көксарайға жіберілмей, тікелей Қызылордаға бағытталады дегенді айтуда. Сондықтан болар, облыстағы күріш егу көлемін қысқарту қажеттілігі күн тәртібінен түспей келеді. Бұл құрғақшылықтан бөлек, Арал теңізіне зиян тигізбеудің төте жолы болмақ.
Қазақстандағы өзге су қоймаларының да жағдайы мәз емес. Мысалы, 1 сәуірге дейін «Шардара» су қоймасына вегетацияаралық кезеңде 10,3 млрд текше метр су келеді деп болжаған болатын. Алайда бүгінгі көрсеткіш ол межеден әлдеқайда төмен. Аймақтағы егістік жерлер, Арал маңындағы көлдер жүйесі «Шардараға» тәуелді екенін ескерсек, зардабы қиынға соқпақ. Оған Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» және Шиелінің Қамысты каналдарындағы мәселені қосыңыз.
«Арал-Сырдария» бассейні инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде аталған мәселені кеңінен тарқатқан:
«Суға қатысты жаңа болжам 10 наурызда шығады. Негізі біздегі «Шардара» су қоймасының жобалық сыйымдылығы – 5,2 млрд текше метр. Биыл су мөлшері былтырғымен шамалас болып тұр. 2021 жылы 4 млрд текше метр болған, биыл 4,3 млрд текше метр су бар. Ал «Көксарай» су қоймасының сыйымдылығы – 3 млрд текше метр. Былтыр 1,1 млрд текше метр су бар еді, биыл жиналған жоқ. Себебі соңғы 2-3 жылда Өзбекстаннан келетін су азайды. Сырттан келетін су мәселесін Экология министрлігі шешпесе, біз ықпал ете алмаймыз. Жобалауымыз бойынша Арал теңізінде 20 млрд текше метр су тұр. Былтыр теңізге 1,2 млрд текше метр су жібердік. Қазіргі жағдайымызды ескерсек, бұл аз емес», – деген С.Нұрымбетов.

ШЕШУ ЖОЛЫ САН ҚИЛЫ
Дегенмен, үкімет тарапынан өткен жылғы құрғақшылық қайталанбас үшін кешенді шаралар қолға алынуда. Ахуалды жақсарту мақсатында аймақта суды үнемді әрі тиімді пайдаланып, қуаңшылықты қайта болдырмаудың «Жол картасы» әзірленсе, облыс бюджетінен 20 су арнасы тазаланып, 23 насос алуға қаржы бөлінген. Алдағы уақытта тағы да 70-ке жуық насос алу жоспарлануда. Ал республика көлемінде трансшекаралық бассейндегі арналарды жөндеу, суландыру желісінің магистральдық және шаруашылықаралық арналарын тазарту бағыты жанданбақ.
Аталған жоспардың өнімді тармағы – егісті бақылауға алу. Биыл меже бойынша мақта, күріш, пияз сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту, күріш алқаптарын азайту жүзеге асады. Сондай-ақ аймақтағы дақыл егуге арналмаған жерлерде күріш егуге тиым салу ісі қолға алынады.
Жалпы елдегі су ресурсының 70 проценті ауыл шаруашылығына кетсе, оның біршама бөлігі суармалы егіндікке бағытталады. Сондықтан «Ақ маржанымен» танымал Сыр диқандары тіршілік нәрін сақтау үшін күріш көлемін азайтуға мәжбүр. Тіпті, биыл егіс алқабы шамамен 3 500 гектарға дейін қысқартылмақ. Бұл шаруалар үшін айтарлықтай қиындық әкелуде. Себебі өткен жылға дейін облыста 90 мыңға жуық жерге күріш егіліп келген болатын. Ал 2020 жылы 5,1 мың гектар күріш алқабы су тапшылығына байланысты қысқарған еді. Демек, екі жылда аталған дақыл егілетін жер көлемі 9 мың гектерға кемиді деген сөз. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш те ұлғаятын секілді.
Дегенмен мұндай жағдай күріш егу күрт төмендейді дегенді де білдірмейді. Барлық қадам ғалымдармен ақылдасып, экологиялық зардапты да ескере жасалған. Күріш су мөлшеріне тікелей әсер еткенімен, одан бірден бас тарту мүмкін емес. Ол – экономикалық зардап емес, экологиялық қажеттілік. Себебі егіс алқаптарындағы күріш көлемінің күрт төмендеуі экологиялық зардап әкелуі мүмкін. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов та мұндай болжамның ғылыми негізі барын айтып, бұған дейін де БАҚ-та мәлімдеме жасаған еді:
«Арал өңірінің ерекше топырақ-климаттық жағдайларында күріштің мелиоративтік-экологиялық және экономикалық маңызы зор. Егер аймақта күріш көлемі күрт төмендетілсе, инженерлік тегістелген жерлердің екінші тұздануына әкеп соғатыны белгілі. Бұл ғылыми дәлелденген. Сондықтан ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтап, Қызылорда облысы әкімдігі күріш дақылы көлемін кезең-кезеңімен 75-80 мың гектарға тұрақтандыратын болады. Яғни, өткен жылы күріштің егіс көлемін 84,4 мың гектарға дейін (5,1 мың гектарға азайтылады) төмендету болжамдалды», – дейді Серік Қожаниязов.
Вице-министрдің сөзінше, Қызылорда облысындағы егіс алқаптарында топырақтың 35 проценті – қатты, қалған 65 проценті – орташа тұзданған. Күріштіктегі судың басым бөлігі егін суаруға емес, топырақ тұзын шаюға кеткен. Сондықтан сала мамандары күріш көлемін қысқартқан уақытта босаған егістік жерге суды аз қажет ететін жоңышқа, бидай, арпа тәрізді дақылдар егуді жоспарлаған. Нәтижесінде егілетін дақыл әртараптанып, суды үнемдеуге, топырақты сақтауға жол ашылмақ.
P.S. Құрғақшылық бір күндік мәселе емес. Экологиялық апат пен ғаламдық жылыну жағдайдың күрделенуіне әкелгені анық. Бұл әлемде «бізге қатысы жоқ» апат пен қателік болмайтыны тағы бір дәлелденгендей. Ендігі амал қолдағы мүмкіндікті пайдалану арқылы барды ұқсата білуде жатыр.
Берен ШАҒЫРОВ