Фото: gov.kz

Әлемжеліде әскердегі әлімжеттікке қатысты адам шошырлық деректер жиі белең алады. Тәжірибелі жауынгерлер өздері сияқты Отан алдындағы қасиетті парызын өтеуге келген бозбалаларға тізе батырып, күш көрсетуге үйір болып жатса, тіпті басшылары да әлімжеттік көрсетті деген дерек бар. Жақында ғана Елордада Отан қорғаушылар күні әскерден табыты оралған сарбаздардың ата-аналары митингке шыққан болатын. Расымен, ашынған атааналардың көтерілісі орынды. Әріден тартпай, Елордадан бастайық. 2023 жылы 9 қазанда Астанада мерзімді сарбаз Марат Барқұлов лейтенанттың оғынан қаза болған.

Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін атқаруға барғанына 23 күн болғанда Нұржігіт Әбділпатта кіші сержанттың соққысынан комаға түскен. Алматы қаласындағы 61993 әскери бөлімінің қысымына шыдамаған сарбаз Темірғали Данияр екі айдан кейін жындыханаға түсті. Ақтөбе гарнизонындағы сержант мерзімді әскери қызметшілерді ұрып-соғып, оларды темекі тұқылын жеуге мәжбүрлеген деген дерек те анықталды. Елді елең еткізген тағы бір оқиға бар. Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде Ұлттық ұланның сарбазы Ербаян Мұхтар бас сүйек-ми жарақатын алып, жансақтау бөліміне түскен. Мұндай оқиғалардан кейін ата-ана баласын әскерге жібермеуге әлек болса, ал баланың көңілі далада болмай тұр. Олардың бірі білімге бас ұрып, бірнеше оқуға түссе, бірі әскери кафедрамен билет алуды ойлайды. Яки әскерге бармаудың амалы. Ал шын ниетпен барғысы келгендердің өзі – табытпен оралған құрдастарын көріп, қорғансыз ойға шомады. Осылайша, халық арасында әскери борышты өтеуге қатысты көптеген миф таралуда. Бәрін айтпасақ та, бірін тарқатайық.

КӨШЕДЕ ЖҮРСЕҢ, ӘСКЕРГЕ АЛЫП КЕТЕДІ

ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» заңының 30-бабына сәйкес әскери қызметке шақырылған азаматтар жергiлiктi әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Егер осы міндетке салғырт қараса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 647-бабына сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 17 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бірнеше рет шақыртуға келмей, айыппұлды да елемей, әдейі жасырынса, онда іздеу жарияланып, құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық жауапкершіліктің 378-бабы бойынша шара қолдана алады. Бірақ бұл – тек соңғы саты. Бұған дейін міндетті түрде ескерту, шақырту, түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс.

 – Біз азаматтарға қағаз түрінде, де, 1414 арқылы да шақырту жібереміз. Сарбаз болып сапта тұрамын деп келетіндердің саны санаулы. Келмегеннен кейін ішкі істер органдарына іздестіруге тапсырма беріледі. Жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, шақырылған азаматтарды іздейді. Содан кейін оларды жинақтау пунктіне яғни медициналық тексеріске әкеледі. Нәтижесінде әскерге бару немесе бармау анықталады. Әскерге шақыру ешқандай физикалық күш қолданбай, жүзеге асады, – деді Қызылорда облысының Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің мерзімді әскери қызметке әскерге шақыру бөлімінің бастығы Нұрлыбек Сейітханов.

Отан алдындағы борышты қорғауға шақыру білекпен болмаса да, біліммен жасалады екен. Үйіне бармайтын азаматтарды жұмыс орнынан құрықтайтын-ды.

– Әлеуметтік желіде әскерден қашып жүрген пайдаланушылар туралы бейнеролик көп. Әскерге шақыртушылар ЖСН сұраған кезде қашуға әрекет жасайды. Күшпен әкетеді деп ойлайды. Осылайша, қате түсінік қалыптасады. Ал негізінде азаматтардың үйіне шақырту жіберіледі. Жауап берілмеген жағдайда жұмыс орындарына, яки басшысы мен кадр бөліміне олардың әскери бөлімшедегі түсіндірме жұмыстарына қатысуын қамтамасыз ету бойынша хат жібереміз. Оған келмесе, заң аясында қылмыстық іс қаралады, – дейді Қызылорда облысы Қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығының орынбасары, тәрбие идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы Алмат Жакипов.

Елді қорғау алдымен өзіңді қорғаудан басталады. Бет-алды қашқаннан мән-жайды анықтаған жөн, себебі көшеден ешкімді әскерге алып кетпейді. Әскери формадағы азаматты көргенде шетке қашқаннан пайда жоқ.

МАГИСТРАТУРАҒА ТҮССЕҢІЗ, ӘСКЕРГЕ БАРМАУҒА БОЛАДЫ

ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» заңының 35-баптың 3-тармағына сәйкес жоғары оқу орнында білім алуға бір реттік мүмкіндік беріледі. Яки бакалавр, магистратура, докторантура дәрежелеріне білімін жетілдіре алады. Сол аралықта білім беру мекемесінің анықтамасы арқылы босатылады. Алайда әскерден жалтару үшін бакалавр немесе магистратураны бірнеше рет қайталап оқып жүргендерге қатысты заң енгізілмек. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі Болат Керімбек осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

 – Оқу анықтамасын бір рет қана пайдаланып, әскерге уақытша бармауға болады. Ал екінші рет оқуға түскен болсаңыз, бұл мүмкіндік өз күшін жояды. Әскерге шақыртыласыз, тіпті оқу орныңыздан алып кетуі мүмкін, – деді депутат.

Білім арқылы өсемін дейтіндер әскерге бармаса болады. Бірақ тек бір рет қана мұндай жеңілдік қарастырылатынын ескергейсіз.

ЖАЛҒЫЗ ҰЛ БОЛСА…

ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» заңының 35-баптың 2-тармағына сәйкес әскерден уақытша немесе толық босатылу құқығы тек отбасылық жағдайы ерекше азаматтарға ғана беріледі.

Қызылорда облысының Қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығының орынбасары, тәрбие идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы Алмат Жакипов былай мәлімдеді. Оның айтуынша, егер екі ата-анасы еңбекке жарамсыз немесе зейнеткерлік жасқа шыққан болса, ер бала үйдің үлкені болып, асыраушысы ретінде есептеліп, уақытша әскерден босатылады. Тағы бір ескеретін жайт, жалғызбасты ана ерекше жан деп көрсетілген немесе зейнетке шықса ұлы әскерге шақырылмайды. Бірақ әкесі немесе анасының біреуі еңбекке жарамды болса, ер бала әскерге барады. Дәл солай, жас жалғызбасты ананың ұлы да әскерге шақырылады.

Заңда отбасының жалғыз ұлы деген мәртебесі үшін әскерге бармау құқы көрсетілмеген.

МҰҒАЛІМДЕР ӘСКЕРДЕН БОСАТЫЛАДЫ

 ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» заңының 35-баптың 5-тармағына сәйкес балабақша, мектеп, колледж, қосымша білім беру ұйымдары мен арнайы мекемелерде тұрақты жұмыс істейтін мұғалімдер (педагогтер) әскерге шақырылмайды. Олар штаттық негізде жұмыс істеп жүрсе, әскерге бармауға құқылы. Десе де жастар практикасы, қоғамдық бағдарлама арқылы жұмыс істесе және уақытша қызметкер болса, әскерге шақырылады. Бұған қоса, ауыл дәрігерлері, депутаттар , кеме мен ұшақ қызметкерлері, құқық қорғау органдарында бастапқы даярлықтан өтіп жатқандар, сондай-ақ үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатқан азаматтар да әскери қызметтен уақытша босатылады.

Ұлт баласын тәрбиелейтіндер әскери борыштан заң аясында босатылады.

ӘСКЕРИ БИЛЕТІ БАР СТУДЕНТ ӘСКЕРГЕ БАРМАСА БОЛАДЫ

ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңындағы 13-баптың 2-тармағына сәйкес, жоғары оқу орнының әскери кафедрасында толық курс оқып, емтиханды сәтті тапсырған студенттерге «запастағы лейтенант» немесе «запастағы сержант» әскери атағы беріледі. Бұл мәртебе олардың мерзімді әскери қызметтен босатылуына мүмкіндік береді. Алайда оларды 2 жылдық әскер күтуде. Толығырақ Қызылорда облысы Қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығының орынбасары, тәрбие идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы Алмат Жакипов тарқатты.

– Студенттік шағында әскери билет алған азаматтар мерзімді әскерден босатылады. Бірақ оларды Үкіметтің қаулысына сәйкес, 2 жылдық әскери кафедрада оқыған мамандықтары бойынша командир қызметіне жұмысқа шақырылады. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі тарапынан жалақы төленіп, пәтер секілді жеңілдіктер қарастырылады. Және негізгі жұмыс орны сақталады. Әскерге бармау үшін әскери кафедраға түсу «ақымақтық». Бұл жаққа әскери жұмысты шынайы жақсы көретіндер тапсыру қажет, – деді ол.

Әскери кафедра сізді әскерге бармаудан құтқармайды. Тек сарбаз қатарынан жоғары қызметте жүруге шақырылады.

40 КҮНДІК ӘСКЕРИ ТЕХНИКАЛЫҚ МЕКТЕПКЕ БАРҒАН АДАМ ӘСКЕРГЕ БАРМАЙДЫ

 ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңында баламалы әскери қызмет көрсетілмеген. Дей тұрғанмен, 2013 жылдың наурыз айынан бастап ақылы негізде әскери оқыту резервін даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өту мүмкіндігі ұсынылды. Бұл ел арасында 40 күндік әскери жиын деген атаумен танымал. Бұған кімдер қатыса алады? Қызылорда облысының Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің мерзімді әскери қызметке әскерге шақыру бөлімінің бастығы Нұрлыбек Сейітхановтың айтуынша, 40 күндік әскери техникалық мектепке қабылдаудың басты талабы 24 жасқа толу және жеке шотыңда 390 мың теңгенің болуы. Ақшаң болса қалтаңда, талдаңда да талдаңда дегенмен, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды деген құжаттың болуы да маңызды. Бір жылдықты бір айға қысқартқысы келетіндерге шақырту жұмысы жүрмейді. Тек азаматтардың ерікті қалауымен жүзеге асады.

Қазақта «қызды қырық үйден тыю» деген тәмсіл бар. Бүгінде қырық күндік әскери техникалық мектеп ер балаларды бір жылдық әскерден «тыюдың» жаңа жолына айналды.

ТҮЙІН. Қашу – әлсіздің жолы емес, заңнан хабары жоқтың амалы. Әскер – үреймен емес, әділдікпен мықты. Әлімжеттікке ұшыраған сарбаз кінәлі емес, үндемеген көпшіліктің кінәсі. Сондықтан қашпай тұрып, көлеңкені емес, күн түсетін тұсыңызды анықтаңыз. Бұл мақаланың да мақсаты осы. Әрбір алаңдатқан тақырыптың ақиқатын анықтау. Өйткені әлеужелі әскердің айналасында түрлі пікір қалыптастырып, Отан алдындағы парызды ұмыттыруға сәл қалды. Ал әскер бұрын да, бүгін де тәртіптің алаңы болып қалады. Тек қорғанға айналуы тиіс орынды қорқынышқа айналдырмайық.

 Азамат АБИМОЛДА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!