Фото: union-travel.ru
Әуежай – ұшып-қону һәм аспан мен жердің тоғысқан мекені. Сонымен қатар мемлекет беделінің бір көрінісі. Сол алаңда сағат санап асыққан халықтың уақыты жиі «желге ұшып», сарсаңға салыну қалыпты мәселеге айналып барады. Әуе тасымалының айтары көп, бірақ ісі сөзбен ғана шектелгендей…
Кез келген әуежайдың беделін қалыптастыратын басты көрсеткіш қызмет көрсету сапасы екені айдан анық. Бірақ кейінгі уақытта сапалы қызмет алу арманға айналып бара жатқандай. Ел азаматтарының әлеуметтік желідегі жазбаларынан осындай ой түйдік.
Қазақстандағы әуе компанияларда 101 ұшақ бар. Ал бүгінде кемінде 5-6 рейс тұрақты түрде кешігеді. ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, рейстердің кешігуі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көп елінде болады екен.
− Биыл біздегі көрсеткіш 77% шамасында. Басқа мемлекеттермен салыстырсақ, АҚШ-та 77%, ал Еуропада 76%- ды құрады. Биыл осы көрсеткіш төмендеп жатыр. Boeing өндірісінде, жаңа ұшақтарды әкелуде мәселелер байқалды. Осы жылы 12 жаңа бортты әуе компанияларына жеткіземіз деп жоспарладық. Қазір оның тек 8-і келді, ал жыл соңына дейін төрт ұшақ жеткізіледі, − деді Талғат Тлеубекұлы елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ тамыз айында бірнеше әуежайда жөндеу басталғандықтан рейстердің кешігуі жиілеген. Астана әуежайы түнгі уақытта жұмыс істемейді, сондықтан күндізгі рейстер саны артты. Бұрын әуежай тәулік бойы қызмет атқарғанда, сағатына 10-12 рейс орындалатын болса, қазір бұл сан 20-25 рейске дейін өскен.
Қиындықтар мұнымен шектелмейді. «FlyArystan» әуе компаниясының басшысы Ричард Леджер рейстердің кешігуіне ауа райының да ықпалы бар екенін айтады. Қазақстандағы 101 ұшақтың 10-ы түрлі себеппен уақытша тоқтап тұрса, оның 5-еуі бұршақтан зақымдалған. Бүгінде бұл ұшақтар жөнделіп, қайтадан іске қосылды. Сонымен қатар компания басшысы «FlyArystan» әлеуметтік желілерде жолаушылардың шағымдарын жіті бақылап, оларға жауап беруге тырысып жатқанын мәлімдеді. Рейстердің кешігуі кезінде заңда көзделген қызметтердің уақытылы көрсетілмеуі немесе мүлдем ұсынылмауы жолаушылардың наразылығын тудырып, әлеуметтік желілерде де кең талқылануда. Осы мәселеге байланысты Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заң бұзушылықтарды болдырмау және жауапты компанияларды жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізді. Мәселен, 11 шілде күні Алматы – Қарағанды бағытындағы рейстің кешігуі кезінде «FlyArystan» әуе компаниясы жолаушыларды қонақ үйге орналастыру, әуежай мен қонақ үй арасындағы тасымалдауды ұйымдастыру секілді қызметтерді ұсынбаған. Осыған орай, компанияға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 567-бабының 2-бөліміне сәйкес 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Бұған дейін, 24 маусымда Атырау-Алматы бағытында рейсті кешіктірген «SCAT» әуе компаниясы тиісті қызмет көрсетпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олар да 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалады. Жолаушылардың құқығын қорғау − Азаматтық авиация комитетінің басты міндеттерінің бірі. Комитет әуе компанияларының заң талаптарын қатаң сақтауын қадағалай отырып, кез келген заңбұзушылық анықталған жағдайда, тиісті шаралар қолданылатынын айтып отыр.
Рейстердің кешігуіне әкелетін жағдайлар әртүрлі. Әрі олардың әрқайсысы өз алдына жолаушыларға жайсыздық туғызады. Мәселен − ауа райы. Қатты жел, бұршақ, тұман немесе қар сияқты ауа райының қолайсыз жағдайлары ұшуды қауіпсіз жүргізуге кедергі келтіреді. Бұл тізімге табиғи апаттар, саяси оқиғалар, ереуілдер, техникалық ақау, жолаушылардың денсаулық жағдайын жатқызуға болады. Бұдан да бөлек түрлі мәселе туындауы мүмкін.
Қазақстандағы отандық әуе компаниялары жыл басынан бері шамамен 5,5 миллион жолаушыны тасымалдап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға артық көрсеткішке қол жеткізген. Бұл өсу тенденциясы елдің авиация саласының дамуында оң нәтиже көрсетіп отырғанымен, қызмет көрсету әлі де кемшін. Тамыз айының 14-і күні «FlyArystan» ұшағына отырмақшы болған жолаушылар қате хабарлама салдарынан рейске кешіккен. Бұл оқиға жолаушылардың құқықтарын қорғау, әуе компанияларының жауапкершілігі және қызмет көрсету сапасы мәселелерін тағы да күн тәртібіне қойды. Алматы әуежайындағы KC 7053 рейсіне кешігіп келген жолаушылар «FlyArystan» тіркеу орнындағы компьютерді қиратып, наразылықтарын білдірді. Мұндай жағдайға компанияның қате жіберілген SMS хабарламасы себеп болды. «FlyArystan»-ның ресми мәлімдемесіне сәйкес, Алматыдан Астанаға жоспарланған рейс 09:05-тен 09:25-ке кешіктірілгенімен, жүйедегі ақауға байланысты жолаушыларға рейстің 10:55-ке ауыстырылғаны туралы хабарлама жіберілген. Нәтижесінде, қате ақпарат алған кейбір жолаушылар кешігіп келіп, рейске үлгермеді. Әуе компаниясы кешіккен жолаушыларға қаражаттарын қайтарып, қосымша өтемақы ретінде 50 мың теңгелік ваучер ұсынғанын хабарлады. Әуежайдың баспасөз қызметі оқиға кезінде компьютердің мониторы бұзылғанын, бірақ жағдай тұрақталып, әуежайдың қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
− Қазақстан мен өзге елдердің әуежайларында айырмашылық бар екені рас. Шетелдік аэропорттар кең, бірнеше терминалы бар, тіпті ішіне кірсең адасып кетуге болады. Мысалы, Нидерландыда барлығы заңға сәйкес қатаң жұмыс істейді. Сувенир сататын шағын дүкендері көп және бағалары да Қазақстандағыдай. Ал Түркия транзиттік мемлекет болған соң адам көп. Стамбулдағы әуежайда киім-кешек, тамақ сататын дүкендер, тіпті жерде отырып, ұйықтап күтетін жолаушыларды да кездестіресің. Қызмет көрсету сапасында айтарлықтай айырмашылық жоқ секілді. Барлық елде қызметкерлер өз жұмысын ғана істейді. Бірақ шетелдік рейстердің кешіккенін байқамадым, ал Қазақстанда мұндай жағдай жиі кездеседі, – дейді студент Зере Сламбек.
Сол секілді Кореяда білім алатын жерлесіміз Диана Хегай да халықаралық рейстердің кешігуін байқамағанын айтып отыр. Ал ол өзі саяхаттаған Вьетнам мен Кореяда да ішкі рейс-тер уақытылы ұшады екен.
– Кореяда рейс 10 минутқа кешіксе жолаушылар бірден наразылығын білдіреді. 1-2 рет ғана мұндай жағдайға куә болдым. Негізінде бұл елде рейстердің уақытылы ұшуы жоғары деңгейде. Сеул әуежайы үлкен, заманауи және жолаушыға барлық жағдай жасалған, – деді ол.
«FlyArystan» әуе компаниясының қызмет сапасына қатысты тағы бір шулы оқиға болды. Кәмелетке толмаған Зере Галиева рейске жіберілмей, қараусыз қалып, бұл оқиға ата- аналардың алаңдаушылығын туғызды. Анығырақ айтсақ, 21 шілдеде Зере мен оның сыңары Зәуре Америкадан Оралға жету үшін Астана арқылы ұшуы тиіс болатын. Құжаттары толық бола тұра, Зәуре рейске жіберілді, ал Зере техникалық ақауға байланысты рейске тіркелмей қалған. Компания өкілдері жағдайды уақытша деп түсіндіргенімен, 12 жастағы қыз сол күні бейтаныс әуежайда жалғыз қалып қойды. Оның анасы Жазира Мусина бұл оқиғаны әлеуметтік желіде жариялап, қызының қатты қорқып, психологиялық соққы алғанын айтты. «FlyArystan» компаниясы өз кінәсін мойындап, кешірім сұрады.
− 21 шілдеде кәмелетке толмаған жолаушы Зере Галиева KC 7367 рейсімен Астанадан Орал қаласына ұшып шыға алмады. Әуе кемесі жолаушылар сыйымдылығы аз ұшаққа ауыстырылғандықтан, әуекомпания Зере Галиеваға ұшақ бортынан орын бере алмады. Әуекомпания агенттері борттағы жолаушыларға балаға орын беру туралы өтініш білдіріп, өтемақы ұсынды. Өкінішке орай, жолаушылар арасында ерікті табылған жоқ, – деп түсіндірді авиакомпания.
Авиация комитеті бұл жағдайды өрескел заң бұзушылық деп бағалап, компанияға қатысты тексеріс бастады. Комитет жолаушылар құқықтарының мүлтіксіз сақталуы керегін ескертті. «FlyArystan» бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізетінін және болашақта осындай жағдайлар қайталанбас үшін процедураларды қайта қарайтынын мәлімдеді.
Тамыз оқиғасы мұнымен аяқталмады. Токиодан Цюрихке ұшып шыққан ұшақ Астана әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды.
− Жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00-де Boeing 777-300ER ұшағымен Токиодан Цюрихке ұшқан Swissair SWR161 рейсі Астана әуежайына қонды. Экипаж 50 жастағы жолаушының инсульт алды деген күдікке байланысты осындай шешім қабылдады, − деп хабарлады Астана әуежайы.
Сағат 16:00-де ұшақ жолаққа сәтті қонғаннан кейін, ұшу-қону жолындағы бұрылыс кезінде экипаж қателігінен ұшақ жолақтан сырғып кеткен. Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, осыған байланысты сағат 16:03-те апаттық- құтқару жұмыстарын жүргізу үшін дабылды ескерту жарияланды. Астана әуежайы сол күні барлық рейс үшін екі сағатқа жабылды. Осының салдарынан тұрақты рейстер де кешікті.
Рейстің кешігуіне байланысты тасымалдаушының жолаушыларға көрсететін міндетті қызметтері туралы ережелер маңызды. Жолаушылардың құқықтары мен жайлылығы сақталуы үшін, тасымалдаушы мынадай қызметтерді ұсынады. Егер жеті жасқа дейінгі балалар болса, жолаушыларға ана мен бала бөлмесі ұсынылуы қажет. Егер рейс екі сағаттан артық кешіксе, жолаушыларға ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауы немесе екі электрондық хабарлама жіберуге мүмкіндік беріледі. Рейстің екі сағаттан артық кешігуі кезінде жолаушыларға сусындар берілуі тиіс. Рейстің төрт сағаттан артық кешігуі кезінде күндізгі уақытта әр алты сағат сайын, ал түнгі уақытта әр сегіз сағат сайын жолаушыларға ыстық тамақ ұсынылады. Егер рейсті күту уақыты күндіз сегіз сағаттан асса немесе түнгі уақытта алты сағаттан асса тасымалдаушы жолаушыларды қонақ үйге тегін орналастыруға міндетті. Одан кейін компания жолаушыларды әуежайдан қонақ үйге және кері қарай тасымалдауды ұйымдастырады. Бұл ережелер жолаушылардың құқықтарын қорғау мақсатында енгізілген және тасымалдаушының жауапкершілігін айқындайды.
Әлеуметтік желі пайдаланушылары әуежайда жолаушыларға бағытталған ақпараттық тақтайшалар, қызмет көрсету нұсқаулары мен белгілер қазақша жазылғанымен, кей сөздерде қате бар екенін айтқан еді. Сонымен қатар елдегі әуежайларда «розетка» сынды жолаушыға қажет заттардың аз екені жиі қозғалады. Әуе компанияларының ашықтығы да өзекті мәселеге айналған. «Qazaq air» компаниясы арқылы ұшатын жолаушы ақпараттық тақтайшадан өз қаласын таба алмай, нақты ақпарат үшін әуе компаниясының өкілдерімен де байланыса алмағанын жеткізді.
− Осы айда «Qazaq air» компаниясы арқылы Астанадан Қызылордаға келдім. Әуе компанияның өкілдерімен байланысып, қажетті жауап алу өте қиын. Бұған дейін мұндай мәселе болмаған еді. Тіпті рейс ақпараттық тақтадан да көрсетілмеді, − деді Маржан Батыржанқызы.
Желі қолданушылары әуежайдағы баға саясаты туралы да түрлі пікір білдіреді. Бірі тым қымбат десе, екіншісі өзге елмен салыстырғанда қолжетімді баға дейді. Саяхатшы Аружан Әбдіржанмен әңгімелесу барысында шетелдегі бағалар туралы да сұрадық. Ол Түркия, Катар, Франция, Италия, Испания және Болгария елдерінде болған. Әсіресе Стамбул әуежайының ауқымдылығы мен жолаушыларға арналған жағдайлар ерекше әсер қалдырыпты.
− Стамбул әуежайындағы дүкендердегі бағалар қолжетімді. Мысалы, самсаның бағасы 500-600 теңге шамасында. Ал Қазақстанда бұл өнімнің бағасы шамамен 1000 теңгеден басталады. Катардағы әуежай ғимараты заманауи, бірақ бағалары өте қымбат. Кофе құны 2500-3000 теңгеден басталады. Ал Францияда су бағасы шамамен 500 теңге, бұл Алматыдағы бағамен бірдей. Болгариядағы дүкендердегі су мен тағамдар бағасы салыстырмалы түрде арзан. Еуропа елдерінен байқағаным, бақылаудан өткеннен кейін бос бөтелкіңізге тегін су құйып ала аласыз. Мұндайды біздің елде байқамадым, − деді саяхатшы Аружан Әбдіржан.
Шілде айындағы ресми деректерге сәйкес, 6 әуе компаниясы аптасына 640 рейс жиілігімен 53 бағытта жолаушыларға қызмет көрсетуде. Ішкі туризмді дамыту және әлеуметтік маңызы бар бағыттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында елдің 9 өңірінде 19 ішкі авиа-маршрут субсидияланады. Бұл іс-шаралар ішкі әуе тасымалының қолжетімділігін арттырып, халықтың әуе қызметіне деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.
Халықаралық әуе қатынасы да кеңеюде. Аптасына 619 рейс жиілігімен 107 бағыт бойынша 29 елге ұшырылады. Олардың арасында Ұлыбритания, Вьетнам, Германия, Грузия, Египет, Катар, Қытай, Малайзия, БАӘ және Таиланд секілді елдер бар. Бұл бағыттардың көбеюі Қазақстанның халықаралық байланыстарының нығаюына септігін тигізіп, шетелдік туристердің елімізге деген қызығушылығын арттырады.
Қызмет көрсету сапасын арттырудың ең тиімді жолы – бәсекелестікті күшейту. Бұл тек ішкі тұрақтылықты сақтап қана қоймай, еліміздің сыртқы беделін де арттырады. Әуе тасымалы – елдің имиджін қалыптастыратын маңызды сала. Сондықтан бұл саладағы әрбір қадам халықтың сенімін арттырып, ұшу сапарын жайсыздықтан жайлылыққа айналдыруы тиіс.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!