Фото: ашық дереккөзден
Еліміздің шығысында орналасқан Семей ядролық полигоны Кеңес одағының ядролық қару сынақ алаңы ретінде тарихта ерекше орын алды. 1949 жылы жұмысын бастаған полигон 1991 жылға дейін кем дегенде 468 сынақ өткізген. Нәтижесінде табиғат пен халықтың тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай залалын тигізді. Радиоактивті ластану, қатерлі ісік, жүрек-қан тамырларының аурулары, генетикалық бұзылулар − сынақтардың қасіретті салдары.
Полигон жабылғаннан кейін халықтың қорқынышы, болашаққа деген үрейі жылдар өтсе де сейілмеді. Ауыр тарих пен өткенннің салдары бізді әліге дейін алаңдататыны АЭС салу идеясы айтылған кезде анық білінді.
Иә, қазір Қазақстанда атом электр станцияларын салу жоспары талқылануда. Бірі полигонның қайғылы оқиғасынан сабақ алып, ядролық технологияларды қолданудан мүлде бас тартуды айтса, бірі ел болашағы үшін маңызды қадам дейді. Бұл ретте сынақ алаңы мен станцияның айырмашылығын, мақсат-міндетін айқындап алған жөн секілді.
Семей полигоны ядролық қару-жарақты сынақтан өткізу алаңы болса, АЭС ядролық энергияны пайдаланып, электр энергиясын өндіру көзі. Семей полигоны мен АЭС арасында тікелей байланыс жоқ. Дегенмен екі нысан да ядролық технологияны қолданады және радиоактивті материалдармен жұмыс істейді. Ядролық технологияның қолданылуы − қауіп пен үміттің қиылысында тоғысқандай. Мақсаттары әртүрлі болғанымен, жұмыс істеудің жауапкершілігі, басқару мен қауіпсіздік шараларын сақтау міндеті ауқымды.
Тақырыпқа арқау болған АЭС салу жоспары туралы толығырақ білу мақсатында ҚР Энергетика министрлігіне хабарласып, сауал жолдадық.
− Мемлекет басшысының Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді өзектендіру, АЭС-тің қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді.
Қазір ядролық технологияларды жеткізушілермен АЭС салу жобасын іске асыру аясында ұсынылған шарттарды талқылау бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұл ретте Президенттің тапсырмасына сәйкес АЭС салу мәселесі жалпыұлттық референдумға шығарылатынын атап өткен маңызды. Елімізде атом энергетикасын дамыту мәселесі референдум нәтижелері бойынша шешілетін болады, − делінген министрліктің жауабында.
Келесі кезекте атом энергетикасының маңызына тоқталсақ. ҚР Ұлттық ядролық орталығымен байланысқа шыққан болатынбыз. Орталық бас инженерінің орынбасары Денис Борисович атом энергетикасының әлемдегі танымалдылығының артуы туралы айтып берді. Маманның пікірінше, көмірсутегі отыны қорының сарқылуы және оны пайдалануға байланысты туындаған жаһандық эко-проблемалардың аясында адамзат бейбіт атомның артықшылықтарын түсінген.
− Біз жаңартылатын энергияны да дамытудамыз. Бірақ ол энергетика секторының негізгі құрамындағы қажеттіліктерді қанағаттандыра алмайды. Өнеркәсіпке күн сайын тәулігіне 24 сағат энергия беріп, негіз болатын ірі энергетикалық көздер қажет. Ал ЖЭК белгіленген қуатты пайдалану бойынша бұл сияқты көрсеткішке ешқашан қол жеткізе алмайтыны белгілі. Сол себепті мұндай жағдайдан шығудың мүмкін болып тұрған жалғыз жолы – атом энергетикасы мен өнеркәсібін дамыту.
Өзіміздің атом энергетикалық бағдарламамызды өрістету елді алдағы ондаған жылдарға белгіленген тариф бойынша қажетті энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Экономиканың энергетикалық сек- торын әртараптандыруға, экологиялық жағдайды неғұрлым жақсартуға жағдай жасап, ғылым мен техниканың, өнеркәсіптің дамуына, сондай-ақ еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне қол жеткізуге ықпал етеді. Қазақстанда атом энергетикалық бағдарламасын дамытуға арналған қажетті алғышарттар мен мүмкіндіктер бар.
Біз үшін атом энергетикасы енді ғана бастап жатқан сала емес және ерте ме, кеш пе, атом энергетикалық көздері бар елдер қатарына қайта қосыламыз, − деді Денис Зарва.
Атом электр станциясы − ядролық энергияны электр энергиясына айналдыратын заманауи инженерияның керемет туындысы. АЭС-тің жұмыс принципі ядролық реакторда пайда болатын жылу энергиясын пайдаланып, оны электр энергиясына айналдыруға негізделген. Ядролық реакторда уран немесе плутоний отыны нейтрондармен соқтығысып, ядролық бөліну реакциясын тудырады. Бұл процесс орасан зор мөлшерде жылу энергиясын бөледі. Реактордың ішіндегі су жылуды алып, буға айналады. Бұл бу турбинаға жіберіліп, генераторға механикалық энергия береді, ал генератор энергияны электр энергиясына айналдырады. Осы жұмыс принципіне сәйкес АЭС электр энергиясын тұрақты түрде өндіруге қабілетті. Олардың тиімділігі жоғары, себебі ядролық реакцияның қуаты үлкен және ұзақ уақыт бойы тұрақты жұмыс істей алады. БҚПК көрсеткішінің негізінде қуаты 2,8 ГВт атом электр станциясы өндіретін электр энергиясын өндіру үшін 4 024 гектар алаңда 8,05 ГВт ЖЭС немесе 28 860 гектар алаңда 14,43 ГВт КЭС салу қажет.
Ал өндірілген электр энергиясын қалай қолданамыз? АЭС-те өндірілген электр энергиясы жоғары вольтты электр желілері арқылы таратылады. Бұл желі ауыл-аймақтарға электр энергиясын жеткізеді.Трансформатор станциялары арқылы өңірге жақындаған сайын электр энергиясы төмен кернеуге дейін түсіріледі. Бұл процесте трансформаторлар электр энергиясын тұрғын үйлерге, өнеркәсіптік кәсіпорындарға және басқа да тұтынушыларға қауіпсіз түрде жеткізу үшін кернеуді реттейді. Осылайша энергия есебінен ыңғайлы әрі қолайлы өмір сүру мүмкіндігі артады.
Мысалы, 1 килограмм ураннан алынатын энергия 100 тонна көмірден бөлінетін энергиямен пара пар. Бұл − атом электр станциясының маңызды артықшылықтарының бірі.
Екіншіден, ядролық энергия өндіру барысында атмосфераға парниктік газ шығарылмайды, бұл климат өзгерісімен күресуге көмектеседі. Мәселен органикалық отынды жағу кезінде 81,6 пайыз көмірқышқыл газы бөлінеді. Жылу электр станциясы жылына ауаға 120 мың тоннаға дейін күкірт тотығын, 20 мың тоннаға дейін азот тотығын, 700-1500 тонна аралығында майда күл және 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын жібереді. Бұдан бөлек жыл сайын 300 мың тоннаға дейін күл шығарады. Ал атом электр станциясында аталған көрсеткіштер нөлге теңестіріледі.
Үшіншіден, ядролық реакторлардан алынатын энергияның тығыздығы өте жоғары, сондықтан аз мөлшердегі отын үлкен көлемдегі энергия өндіруге мүмкіндік береді. Ядролық отын ұзақ уақыт бойы жұмыс істей алады, бұл елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
Десек те мына мәселеге назар аударған абзал. АЭС-тің жұмысында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы қажет. Себебі апат үлкен зиян келтіруі мүмкін. Бұған 1986 жылғы Чернобыль апаты мен 2011 жылғы Фукусима апаты дәлел. Сондай-ақ ядролық энергия өндірісі барысында радиоактивті қалдықтар пайда болады, оларды қауіпсіз сақтау және жою да маңызды мәселе. Пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу арқылы оның радиоактивті қалдықтарының көлемін айтарлықтай азайтуға болады. Қайта өңдеу барысында отында қалған плутоний және уран сияқты пайдалы материалдар бөлініп алынады және оларды жаңа отын ретінде пайдалануға мүмкіндік туады. Бұл процесс пайдаланылған отынды тиімдірек пайдалануға, радиоактивті қалдықтарды азайтуға және ресурстарды тиімді басқаруға көмектеседі. Дегенмен бұл процестің өзіндік қиындықтары мен қауіптері де бар.
АЭС салу және қызмет көрсету құны қымбатқа түседі және арнайы инфрақұрылым қажет етеді.
ҚР Энергетика министрлігі АЭС салу кезеңіндегі кедергілер жөнінде мынадай ақпарат берді:
«АЭС жоғары қауіпті объект. Бұл ретте жаңа буын III немесе III + АЭС-терде қауіпсіздіктің барлық талабына жауап беретін жаңа әзірлемелер пайдаланылғанын ескеру қажет. Жаңа буын реакторларының басты ерекшелігі − станцияны сыртқы және ішкі әсерге барынша төзімді ететін белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің бірегей үйлесімі.
Сондай-ақ, тағы бір кедергіге Қазақстандағы су ресурстарының жетіспеушілігі жатады. Дегенмен қазірдің өзінде табиғи су қоймаларының жағасында АЭС салу тәжірибесі барлық жерде бар деп айтуға болады. Сонымен қатар шөлде орналасқан үлкен қуатты АЭС-тері бар және әлемде АЭС пайдаланатын бірде-бір ел станциялардың су айдынына теріс әсер етуінің нақты фактілеріне тап болған жоқ».
Мәселен АҚШ-тағы Соноран шөлінде орналасқан 4200 МВт қуаты бар Пало-Верде атом электр станциясында өзен, көл, теңіз де жоқ. 35 жылдан бері АЭС иелері Феникс қаласындағы ағынды суларды тазарту станциясынан сатып алатын айналымдағы суды пайдаланып келеді.
ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың айтуынша, көмірмен жұмыс істейтін станцияларға шетелдік мекемелерден инвестиция бөлінбейді.
− Қазақстанда өндірілетін энергияның 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін станциялардан шығады. Олардың тозу деңгейі өте жоғары. Үкіметтің жоспарына сәйкес 2035 жылға дейін 26,5 ГВт қуаты бар станцияларды іске асыру қажет. Оның ішінде қолданыстағы нысандарды жаңарту жұмыстарын жүргізу және жаңа станциялар салу жоспарлануда. Елімізде жаңартылған энергия көздері, күн, жел электр станциялары жұмыс істеп жатыр. Бұдан әріде де жаңартылған энергия көздерін дамытуға жоспар бар. Сонымен қатар Қызылорда, Түркістан облысында, Алматы мен Шымкент қаласында ірі жобалар жүзеге асады.
Халықаралық экологиялық саясатқа байланысты көмірмен жұмыс істейтін станцияларға шетелдік мекемелерден инвестиция бөлінбейді. Халықаралық қаржы ұйымдары осындай нысандарға қаржы бөлуге тыйым салған. Себебі олардан бөлінетін көмірқышқыш газының мөлшері өте жоғары, − деп атап өтті сала маманы.
Атом электр станциясын салуға Қазақстанның 2 аумағы белгіленген. Олар − Абай облысы, Курчатов қаласы мен Алматы облысына қарасты Үлкен ауылы.
Шілденің 30-ы күні Сыр елінде өткен жария талқылауда мамандар «АЭС салу елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді» деген тұжырымдама айтты. Құрылыс кезінде 8000 адамға дейін, ал пайдалану кезінде 2000 адам жұмылдыру қарастырылған. Экономикалық саладағы көрінісі бүкіл цикл бойынша 2,5 – 3 млрд доллардан астам салық түсімдері көзделіп отыр. Сондай-ақ жоғарыда айтылған парниктік газ шығындылары жылына 10 млн тоннаға дейін азаюы мүмкін. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметі бойынша 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт дейін 2 есеге өсу ықтималдығы бар.
АЭС − ядролық реактор. Әлемде 416 реактор болса, оның тізіміне алдағы уақытта 59-ы қосылады. Нақтыласақ, 25-і Қытайда, Үндістанда 7, Ресей, Түркия мен Мысыр Араб Республикасында 4-еуден салынып жатыр. Жалпы қарайтын болсақ, ең белсенді реакторлар АҚШ-та, олардың саны 94-ке жеткен. Жаһандық сандар тақтасына тоқталдық, ал АЭС туралы тәжірибе не айтады екен?
Атом электр станциялары әлем елдерінің энергетикалық инфрақұрылымында маңызды орын алады. Бұл станциялар жоғары тиімділік пен тұрақты энергия өндіру қабілетіне ие болғандықтан энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін АЭС-терді қолданады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ядролық энергия болашақтың сенімді және экологиялық таза энергия көзі бола алады.
Франция – ядролық энергияны кеңінен пайдаланатын елдердің бірі. Бұл мемлекет өз электр энергиясының шамамен 70%-ын АЭС-тен өндіреді. Жапония да ядролық энергетиканы қолданатын елдердің қатарында. Алайда 2011 жылғы Фукусима апаты елдегі ядролық қауіпсіздік шараларын қайта қарастыруды талап етті. Жапония бұл оқиғадан кейін арнайы стандарттарын күшейтті. Олардың тәжірибесі ядролық энергетикадағы қорғаныс мәселелерінің маңызын көрсетеді.
Оңтүстік Кореяның экономикалық өсуіне үлес қосуы, Францияның тұрақты және сенімді энергия өндіру тәжірибесі, Жапонияның қауіпсіздік шараларын күшейтуі, АҚШ-тың инновациялық шешімдері − бәрі де ядролық энергетиканың болашағы зор екенін дәлелдейді. Қазақстан да осы елдердің тәжірибесін ескеріп, ядролық энергияны тиімді және қауіпсіз пайдалану арқылы болашаққа сенімді қадам жасай алады. Ал бұл қадам жасауда бізге АЭС-ті кім салып беруі мүмкін?
Өткен жылы ҚР Энергетика министрлігі АЭС салынатын жағдайда ұсыныстары қаралатын компаниялардың тізімін мәлімдеген еді. Шолу жасасақ, тізімде Росатом (Ресей), Électricité de France (Франция), China National Nuclear Corporation (Қытай), Korea Hydro & Nuclear Power (Оңтүстік Корея) бар.
Еліміз уран қоры бойынша әлемде екінші орында. Барлық барланған әлемдік қорлардың шамамен 14%-ын құрайды. Бұл елдің атом электр станцияларына қажетті уран отынын қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын көрсетеді.
Қазақстан өз энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ядролық энергетиканы дамытуға ұмтылуда. Алайда елде АЭС салу мәселесі жан-жақты саралап, талқылауды қажет етеді. «Кеңеспен шешкен шешімнің, кемісі болмас» деген халық сөзін ұмытпайық!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!